17 Наурыз, 2010

АЛДАНҒАНЫМА АШЫНАМЫН

957 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елдің бас газеті “Егемен Қазақстанға” мақала жазуға мені мәжбүрлеген нендей жәйт? Ол қазір шетелде жатып, өзі судан таза, сүттен ақ адам секілді әділдік іздеген болып жүрген Мұхтар Әбіләзовтің қылығы мен былығы. Бизнесте жолымыз тоғысып, талай жобаларды бірге баянды етпек болғанбыз. Жеме-жемге келгенде бәрі басқаша шықты да, неге бұлай болды екен деп, қапы қалып отырған жәй бар. Менің алдануымнан басқалар сабақ алсын деп тілеймін. Мен кезінде ТұранӘлем банктің сая­­сатына асығыстықпен сеніп, алданған іскер адамдардың бірімін. Бұл қар­жы­лық құрылыммен байланысым 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы дағ­да­рысқа ұшыраған бас­тап­қы шарап жасау зауытынан бастау алады. БТА бұл жобаға тікелей араласып, қар­жыландырған болатын. Осыдан кейін де біздер күшімізді біріктіріп, тағы да төрт жобаны жүзеге асырдық. Қыс­қаша айт­қанда, кризис-менеджер ретінде өзім жа­сақтаған команда жабылу алдында (немесе дағдарыста) тұр­ған кәсіп­орын­дар­ды қайта жаң­ғыртты. Банк бас­шы­лары әрбір жобаға шақырғанда, кетеуі кеткен бизнесті жолға қойғанға дейін уә­дені үйіп-төкті. Тіпті тең әріптес ретінде үлес иесі боласың деді. Осындай опынысты сөз жазуыма мәжбүр болғаныма қарап “БТАбанк” АҚ басшыларымен жасалған мәміленің бірі де орындалмағанын аңғару қиын емес шығар. Неге қайта-қайта сан соғып қала бердім деген сауалға да жауап бере ке­тейін. Бұл менің сен­гіш­тігім де емес, мен үшін көп адам­дар­дың қолынан келе бер­мейтін істі дөң­гелетіп әкету де өзіндік бір құштарлық қай­тарымын іздеу, былайша айтқанда – азарт. Кәсіпорын болсын, басқа болсын, өз­гелер қолын бір сілтеген жерде өнді­ріс­тің қайта гүлдегенін көру – ештеңемен де салыстыруға келмейтін рахат сезім. Алайда, барлық нәрсенің өз шегі бар. Әрбір қолға алынған жоба бірінен бірі ауыр болды. Оның бәрі де Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы облыс­та­рының ұмыт қала бастаған шалғай жер­лерінде қоныстанған еді. Сондықтан да, бесінші және ең күрделі жоба – Ақмола облысындағы су басқан шах­таны іске қоссам бұл менің іскерлік же­­ңістерімнің жалауы болады да, одан әрі қарай жолға қойылған бизнеспен ай­­на­лысамын деп ойлағанмын. Айт­қан­дай, шахта жұ­мы­сына мен өз еркіммен жегілген жоқ­­пын. Әріп­те­сімнен (ТұранӘлем банк) жұ­мыс істеп тұрған жобаларды – Ал­маты облы­сы Талғар ауданындағы ша­рап зауыты мен қала ішіндегі дәм­хананы айна­лас­ын­дағы 0,8 гектар жерімен қаңырап тұр­ған шах­таға айырбастау туралы ұсыныс түскен-ді. Менде басқа амал қалған жоқ – жұмыс істеп тұрған жобалар қосымша қа­ражат салуды талап етіп тұрған, банк оны қар­жыландырудан бас тартты. Олар ма­ған не шахтаны алу керектігін, не құ­ралақан қалатынымды түсінікті тілмен жеткізді. Осылайша мен де-факто, банкке кепілдікке салынған мүліктің толық қожайыны болып шықтым. Бұл өзі жеке жыр болса да, мәселе алданған сенімде. Үш жылдан астам уақытта мен шарасыз халде тұрған шахтаны іске қостым. Шахтаны судан арылтып, шетелден кұрал-саймандар, өндіріс жабдықтары алынып, алтын құрамды руданы өндіру бойынша технологиялық тізбек толы­ғы­мен қалпына келтірілді. Техникалық сараптамадан өтіп, мемлекеттік комис­сия­ның қабылдауымен пайдалы қазба жұмысы бойынша өндіріс іске қосылды. Ең бастысы, қазба жұмыстарды жүр­гі­зу­дің барлық рұқсат қағаздары да алынды. Нәтижесінде, қаңыраған ен далада 92 жұмыс орны жасақталды. Келешекте шахтада 157 адам жұмыс істейтін болады. Бірақ, дәл қазіргі уақытта “Байлюсты-Алтын тау-кен кәсіпорны” ЖШС-нің негізгі қызметі пайдалы қазбаны өндіру қаржы­ландыру тоқ­талғандықтан, тоқырап тұр. 92 адамның орнына 32 адам жұмыс істеуде. Банк бізді осылайша тәлкекке қалдырды. Қазір БТА-ның бұрынғы жетекшісі Әбіләзовтің алыстағы әсем жерлерде оты­рып, Қазақстан басшыларын әділдікке ша­қырғанын есту әрі күлкілі, әрі өзекті өртейді. Мұның бәрі не үшін? Әбіләзовтің кім­нен қорғанғысы келеді және кімнен қа­йырым күтеді? Осындай кездерде ол өзін банк алдаған адамдардың орнына қо­йып көрді ме екен? Қолайлы рахат жағ­дайға ол мен сияқты банк төлем­шілерінің арқа­сында жетті ғой. Алайда, біз бұқа­рал­ық ақпарат құралдары арқылы қоқан-ло­қыға барып және кү­мән­ді саяси тұрғыдағы айтыс-тартыстар жасап жатқан жоқпыз. Мен өзім үшін ғана емес, эконо­ми­каның нақты секторын қайта қалпына келтіруде денсаулықтарына дейін құр­бандық еткен адамдар үшін де өк­пе­лі­мін. Осындай кезде БТА-ның адал әріп­тестерінің арқасында шетелде шалқып өмір сүріп жатқан Әбіләзов сияқтылар белшеден бейнетке батып жүрген Қазақ­станның болашағынан үмітін үз­бей­тін қарапайым кәсіпкерлерді өзектен тепкенін сезінеміз. “Цель оправдывает средства” дейтін қағида бойынша, Әбіләзов өзінің ам­би­ция­ларын қанағаттандыра отырып, оған сенген әрбір кәсіпкердің ертеңге деген үмітін өшірді. Ал, біздің арты­мызда жал­ғыз кәсіпорын ғана емес, тірі адам­дар­дың тағдыры тұр. Жоғарыда ай­тыл­ған­дай, тек менің кәсіпорнымда 92 адам бар. Қазір мен осыны мойындауға қы­сы­ла­мын, алайда, бір кездері Әбіләзовтің алғырлығына тәнті болып, “қаржы да­ныш­паны” деп атағаным да бар. Бірақ, бәрі басқаша болып шықты, уә­делер... уә­делер және әншейін пасық сөз­дер. Жеме-жемге келгенде, Мұхтар Әбі­ләзов өмірде көшбасшы болудан дәмелі болса, онда өзі құртқан әрбір жобаға және үміті алданған әрбір кәсіпкер үшін жауап беруі тиіс. Ашынған сөзімді аяқтай отырып мен бөгделердің шайқасында біздің же­ңі­сіміздің жоқтығын айтқым келеді. Бірақ, әркімнің өмірде жүз метрлік мәресі бар. Біреулер 33 қадамды артқа тастап Иса пайғамбардың тағдырын қайталайды, енді біреулер 41-ші метрге жеткенде мемлекеттік қылмыскерге айналып шыға келеді. Мұның бәрі түбінде неге барып тірелетіні тек бір Жаратқанға аян. Меніңше, елдегі, бизнестегі, тіпті өз үйіңдегі былық қорқынышты емес, қара басыңның ішіндегі тәртіпсіз тірлік қор­қы­нышты. Ендеше, Мұхтар Әбіләзов алдымен өзінің басындағы былығын та­зартуы керек. Біздің бәріміз қарыздар Отан-Ананы ашық балағаттап, кемсіту ешкімге абырой әпермейтінін ұғуы керек. Азғантай қазаққа бір Борат та жетіп жатыр емес пе?! Айжан МАРАЛОВА, “Байлюсты-Алтын” тау-кен кәсіпорны”  ЖШС-нің бас директоры.