
– Әрине, айтарым бар. Өйткені менің бала кезімдегі өмірім түгелдей спорт десем қателесе қоймаймын. Өйткені біздің бозбала шағымызда қазіргідей әлем-жәлем алдамшы тірлік немесе үйкүшік, бұйығылық, телефонға телміру деген түбімен болған жоқ. Сондықтан да шығар, біздің тұяқ тірер түбіріміз спорт еді.
Әуелі еркін күреспен айналыстым. Бір ғана нәтижемді айтайын, 1956 жылы осы күрес түрінен ересектер арасында Атырау облысының чемпионы болған адаммын. Салмағым – 63 кило. Қараңыз, ал енді мені күрес кілеміне ертіп алып шыққан жанкүйерім кім дейсіз ғой, жеңіл атлетикадан КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері, 100 және 200 метрлік қысқа қашықтықта жүгіруден КСРО халықтары спартакиадасы және Еуропа кубогының чемпионы, Кеңес Одағы Қарулы күштерінің 14 дүркін жеңімпазы, одақтық рекордты 6 дүркін жаңартқан атақты желаяқ – Әмин Тұяқов ағаң.
– Демек, Әмин ағаны ертеден білетін болдыңыз ғой?
– Иә. Ол екеуміз Гурьев пединститутында бір курста бірге оқыдық. Екеуміз жүгіруге қатыстық. Мен балпаңдап жүгіре алмаймын. Қазақта сөз бар емес пе, «досың қандай болса, сен де сондайсың» деген. Сөйтіп Әмин досым мені жетелеп күрес үйірмесіне әкелді. Өйткені ол кісі спорттың адам өмірі үшін пайдалы екенін әлдеқашан аңғарған адам ғой.
Ол кездің ахуалы басқа. Күллі институтта жалғыз зал бар. Бәріміз аралас-құралас, қат-қабат жапсарласып жаттығамыз. Залдың оң жақ бұрышында ескі кілем төселген. Балуандар сонда жаттыққан болады. Әмин бастатқан желаяқтар залдың ортасында, одан қалды коридорында ырғып-шоршып жүгіріп жүретін.
Өз басым спортқа жанын берген Тұяқовтай талантты адам көргем жоқ. Ол жүгіріп келіп тік секіргенде төртпақ жаман залдың төбесіне басы барып дік етіп тиетін. Алапат күш-қуаты аяғында еді. Санының сыртқы терісі тарғылданып, бұлшық еттері даланың тағы ақ бөкенінің ойынды еті сияқты қара сіңірленіп, буылтықтанып тұратын…
– Спортпен қай жас шамадан бастап шұғылдандыңыз?
– Менен дене шынықтырумен қай жасыңыздан бастап айналыстыңыз деп сұрақ қойып отырсыз ғой…
– Иә.
– Ым… байырғы қазақ өмірі, яғни менің бала кездегі өмір сүру әдебім мен күнделікті тіршілігім түгелдей спорт дедім емес пе. Мәселен, біздің ауылдың қыстауы мен жайлауының арасында үш үлкен өзен болды. Атақты Еділдің теңізге құяатын кең атырапты тармақтары. Әрбір өзеннің жалпақтығы 100 метрден кем емес. Бала кезімде осы үш өзенді бірінен соң бірін кесіп, қатар жүзіп өте беретін едім.
Ал көктемде Еділ тасығанда суы 2,5 шақырымнан 5 шақырымға дейін жайылатын Осы бір теңіз сияқты жайылып жатқан жалпақ суды қалай болса солай жүзіп өте шығам. Судың арғы жағындағы ауылдарға бару үшін өзен ағынының жылдамдығын мөлшерлеп алам да, жоғарылау жақтан секіріп түсіп, ықтай аға жүзіп өтем. Шалқалап жүзем, шаршағанда су бетінде қалқып жатып демалам… Бірде осы әдіспен
5 шақырым тулап жатқан Еділдің өзін кесіп өттім. Міне, менің бала күнгі тірлігім…
– Ым… жүзуді жақсы меңгерген екенсіз, басқа қандай өнеріңіз болды?
– Тәй-тәй басып қаз тұрған күнімнен бастап, аяғыма коньки байлап ержеткен адаммын. Бастауышты аяқтап, орта класқа көшкенде мектебіміз
25 шақырым қашықта болды. Соған күн сайын сабаққа конькимен барамын. Сол заманда конькидің «дутый», «беговой» дейтін түрлері болды. «Беговоймен» көсілткенде жүк машиналарынан қалыспай ауылға қатар барып жүрдім. Өте жас кезімде «снегурочка» дейтін балалар конькиін ермек қылдым.
Артынан алпысыншы жылдардың басында Алматыға оқуға келген соң аяғыма коньки байлап кәсіби бапкердің нұсқауымен, уақытты белгілеп сырғанап көрсем, спорт шеберлігіне жетеқабыл жүйткіп жүріппін.
Бала күнімде тағы бір айналысқан спортым − бәйге атына көп шаптым. Ағыскүрең дейтін жүйрік ат болды. Жануар алғаш мәреден шыққанда қос құлағын жымып, жұмсақ шабыспен ор қояндай ытқып отырады. Бәйге жолының орта шеніне келгенде мен ептеп қамшы басам, құлағының түбі терлеген соң бауырын жазып көсіледі. Атқа жайдақ мініп шабамыз. Бұл жалғанның қызығы – бәйгеден қиқулатып алдыңа қара салмай, озып келген сәтің ғой. Ондай қызықтың талайын бастан кешірдік, қарағым! Қазір ғой, аттың үстінде бір сағат отырған бала, өзін ат спортымен айналысып жүрмін деп ықылық атады.
Одан кейін колхоздың қаптаған асау жылқысын біз сияқты қарулы балаларды алып барып үйреттіреді. Өйткені елге жуас мініс ат керек. Асау бастықтырғаның үшін еңбек күн, жалақы төлейді. Жүген-құрық тимеген құнандарды құрықтап ұстап, құлақтап тұрып, шыңғыртып ер салып, төс айылды қатты тартып, шап айылын шаптай тартып, мініп аламыз. Бір қолымыз ердің артқы қасында. Одан мықтап ұстап шу асауды шырық үйіреміз. Асау мойынын ішіне алып, тулайды кеп. Алғашқы қатты екпінде ұшып кетпей ерде бір орнығып қалсаңыз болды. Шу асау әрі-бері мөңкіп-мөңкіп бүйрегін соғып, солықтап барып өзі тоқтайды. Біздің бала күнгі өмір осылай өтті…
– Алматыға оқуға келген соң өзіңіз баяғыдан бейім бір спорт түрімен айналыстыңыз ба?
– Жаспыз. Әр нәрсеге құмарлық басым. Мені жүзуге шақырды, күресті екі бастан білемін. Содан білетін дүниелерімді езіп жүрем бе деп, бұрын айналыспаған боксқа барып жазылдым. Бапкерім боксшылар ортасына танымал Рыжков дейтін орыс. Екі жыл шұғылданып, бокс спортынан бірінші разряд нормасын орындадым да, доғара қойдым.
– Неге?
– Өйткені бұдан былай жазушылықпен айналысу керек болды. Әдебиеттің әбігері басталды.
– Сіз жоғарыда, яки 1956 жылы еркін күрес түрінен облыс чемпионы болдым дедіңіз. Осы жайлы тарқатып айтып бермейсіз бе?
– Сол жылы өзім туған Астрахань (Ресей территориясында) жерінен келіп, Гурьевтің пединститутына оқуға түстім емес пе. Институттың еркін күрестен жаттықтыратын бапкері (атын ұмыттым) белдесуге бейімі бар балаларды жинап үйірме ашты. Алты-ақ ай жаттықтым. Жетінші айда облыс чемпионы атандым. Менің күрестегі басты ерекшелігім – шаршауды білмеймін. Жасымда даланың жалпақ суларында көп жүзгендіктен бе, тынысым сұмдық кең. Албаты алқынбаймын, танк сияқтымын, тек алға!
Алғашқы үш белдесуді де таза ұттым. Шешуші төртінші кезеңде Мырзағалиев дейтін сақа жігітпен жолым түйісті. Қарсыласым танымал балуан, мен жас баламын, не істеуім керек… Көтеріп алдым да ұрдым. Солай ұттым. Әрі қарай күреспен шұғылдануға мүмкіндік болмады. Себебі оқуды тастап кеттім…
– Себебі?
– Атақты Эйнштейннің «Теория вероятности» дейтін ілімі бар. Ғаламдық жаңалықтарды осы арқылы ашқан. Бізге сабақ беретін Чернов дейтін ұстаз жаңағы ілімді үйрететін. Қысқасы, ұстазымның айтқаны миыма қонбады. Ерегесіп қалдым. Сөйтіп оқуды тастадым да, әскерге аттанып кеттім.
– Әскерде десант болғаныңыз жайлы білеміз. Ол заманда Кеңес Армиясы десантшыларды тек спортшылар арасынан таңдап алушы еді ғой?
– Әрине солай болатын. Бірақ мен алдымен әскери училищеде оқыдым. Одан кейін ұшқыш-истребитель дайындайтын бөлімге келіп парашютпен секіруді үйрендік. Бұл да спорттың бір түрі. Одан өткен соң бізге ең қиын соққаны катапултьқа отырғызып, қол-аяғыңды байлап, оқ сияқты атып жібереді. Бұл жаттығудың маңызы – ұшаққа оқ тиген жағдайда ұшқыш-истребительдер құтқару тегершігін басып, отқа оранған ұшақтан осылай атылып шығады. Осыны үйрендік. Өйткені истребительде екі адам отырады. Бірі – ұшқыш, екіншісі – атқыш. Біз сол атқыштың оқуын оқыдық.
Осындай аса күрделі, әскери оқу-жаттығуларды тез әрі толық меңгеріп кетуіме менің бала күнгі тіршілік қамымен айналысқан дене шынықтыру әрекеттерім көп көмегін тигізді.
– Қазіргі балаларда сіздер сияқты тіршілік қамымен шынығу бар ма?
– Әй, жоқ-ау. Жап-жас жігіттерге қарап отырсам, отызға жетпей қампиып қарындары шығады. Бұл біріншіден, қамсыз, ойсыз, адамның тірлігі, екіншіден, бесіктен белі шықпай жатып машина мініп алады да, құдай берген екі аяғы жер иіскемейді. Сұмдық қой бұл! Алла қол-аяқты не үшін берді. Адам деген құдай берген қол-аяғының хақысын өтеуі керек емес пе?! Өтелмеген хақы қайтеді. Иесіне ауру-сырқау, пәле-жала болып айналып келеді. Сондықтан мен жастарға айтар едім, жас күніңде денеңді ширатып алмасаң, қартайып та жарытпайсың. Жасың ұлғайғанда бойыңнан қуат кетіп, дәрі-дәрмекке сүйеніп, у ішіп күн кешесің. Бұл не? Бұл жасыңда спортпен айналыспағандықтың кесірі, бойыңда кәрілікке қарсы қуат-иммунитет жоқ. Халқымыздың ежелгі түсінігінде балуан дегеніміз – елдің қамқоры, халықтың намысы, өнердің үлгісі делінді емес пе?!
– Иә, рас айтасыз аға, баяғыда елдің ішінен шыққан балуандар – Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қажымұқандарды алып қарасақ: әрі әнші, әрі күйші, әрі сазгер, әрі балуан, әрі халықтың қамқоры-тын. Қазіргілер олай емес, заман басқа ма, әлде адам өзгерді ме?
– Спорт деген ұғымының баламасы талант дегенге саяды. Алла қалаған құлына талантты бөліп-жармай бір-ақ береді. Соны дамыту, жетілдіру басқа мәселе. Дарынның күш боп шығатын кезі бар, ән болып айтылатын тұсы бар, шешендік жағы өз алдына бір төбе. Ғалымдар айтады екен, талант әуелі адамның физиологиясында, нақтырақ айтқанда арқа омыртқасының соңғы буыны сегізкөз сүйегі орналасқан бірінші омыртқадан бастап, шымырлап бойға тарайды. Атамыз қазақта, «арқасы қозып кетті», «арқалы ақын», «діңі мықты» дейтін теңеулер тегін айтылмаған. Дің деп отырғаны – омыртқа.
Демек, осындай діңі мықты тума таланттар қазақта көп болды. Жаңа өзіңіз айтқандай, Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қажымұқан т.б. Бұлардың бүгінгі балуандардан өзгешелігі құдай берген қуатын пайда табуға емес, халқының қамы үшін жұмсады.
Ол замандағы халықтың қамы деген не? Қазіргідей салып қойған театры жоқ, қосып қойып көріп отыратын теледидары жоқ. Бірақ халықты өнер-жырмен сусындатып, көңілін көтеру керек. Оны кім істейді?! Жаңағы құдай артықша талант берген адамдар атқарады. Сондықтан да жаратушы иеміз бір адамға барлық талантты үйіп беріп, құлдарына қайыр жасайтын. Ол таланттар болса, өзінің халқы, қоғамы, елі үшін қызмет ететін. Басқа ұғым болған жоқ.
Қазір адам да, заман да өзгерген. Құндылықтардың орны ауысты. Спорттың маңында ақша көп. Ақша көбейген жерде адамгершілік, ұлттық қасиеттер көмескіленеді. Оны көмескілейтін бізбіз, яғни адамдар. Сондықтан қазақ спорты төңірегіне ұлтжанды тұлғаларды топтастыра отырып, жаңа техника-технологияларды пайдалана отырып, дамытқан дұрыс. Қазіргі таңда топан судай қаптаған ақпарат көп. Сол себепті, жастарға, соның ішінде спортшы жастарға жақсы мен жаманды айырып танитындай ұғым-түсінік қалыптастырған жөн.
– Сөз соңында…
– Ақсақал ретінде айтар болсам, спорт деген жай бір алыс-жұлыс емес, ол рухани терең тынысы бар дүние. Осы тамыр-тынысты дөп басып бұқара жұртқа жақсы насихат жеткізулеріңізді тілеймін!