Руханият • 27 Қыркүйек, 2019

Таңдаулы туындылар тұсаукесері

214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдар­лама­сының бір бағыты – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» мен «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» ағылшын тілінде жарық көрді. Қос антологияның тұсаукесері 25 қыркүйекте Британия кітапханасында өтті.

Таңдаулы туындылар тұсаукесері

Әрқайсысы 500 беттен тұра­тын кітапқа 60 қазақ авторының таңдамалы шығармалары ен­ген. Антологияны ағылшын тіліне аударып, баспадан шығаруда жобаға сарапшылық қолдау көрсет­кен Британия кеңесі болса, ал ең басты серіктес – Кэм­бридж университетінің баспасы (Сambridge University Press) Ұлттық аударма бюросымен бірге жолма-жол аударманы әдеби өңдеу, баспаға дайындау, сондай-ақ басылымдарды шетелдерде насихаттау жұмыстарын атқарған.

Антологияның алғысөзін Бри­танияның академиялық қоғам­дастығының  белді өкілдері жазды. Мысалы, заманауи қазақ про­засының антологиясына Бри­тания кеңесінің бас директоры, сэр Киарен Девейн сөз арнаса, қазіргі қазақ поэзиясы жинағының алғысөз авторы – әдебиеттанушы-профессор Джейсон Хардинг.

Әлемнің ірі кітапханасында таныстырылған ағылшын тілін­дегі антология Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия сынды ондаған елдің 8 мың­нан аса кітапханасына, уни­вер­ситеттері  мен ғылыми орта­лық­тарына жеткізілмек.

Тұсаукесерге Британия кеңесі­­­нің, Кэмбридж универси­теті бас­пасы, Британия кітап­ха­н­а­сы­ның басшылары, сон­дай-ақ аудармашылар, әдеби  редакторлар мен сыншылар, Қазақстан тарапынан Қазақстан Пре­зидентінің көмек­шісі, «Рухани жаңғыру» бағ­дарла­ма­сын жүзе­ге асыру бойынша Ұлт­тық комиссия хат­шысы Аида Балаева,  Қазақстанның Ұлы­бри­тания­­дағы Төтенше және өкілетті елшісі  Ерлан Ыды­рысов,  Ұлт­тық аударма бюро­сының атқару­шы директоры Рауан Кенже­хан­ұлы, Қазақстан Жазу­ш­ылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек қатысты.

Шара барысында сөз сөй­леген Аида Балаева: «Бүгінгі тұсаукесер «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясындағы жұмыстың жемісі. Ол қазақстандық әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, театр және кино туындыларын әлемге таныстыруға бағытталған. Бүгінгі жобамыз жүйелі түрде жалғасын тауып, мәдениетаралық қарым-қатынастың ұлғаюына негіз болады деген сенімдемін. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 60 қазақстандық автордың таң­дамалы шығармалары тұңғыш рет әлемнің негізгі алты  тіліне ауда­ры­лып отыр. Жобаны жүзеге асыруға Ұлыбритания, Фран­ция, Испания, Мысыр, Қытай және Ресейдің жетекші баспа ұйымдары атсалысты. Анто­логия әлемнің 90-нан аса еліне, бес құрлыққа тарайды. Яғни, бұрын-соңды дүние жүзі оқыр­мандары­ның қолына түспеген қазақ әде­биетінің үздік үлгілерімен 2,6 млрд  адам танысуға мүмкіндік алады», деді.