Қазақстан • 03 Қазан, 2019

Ұлттық терминология мәселесі талқыланды

422 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Терминдерді іріктеудің критерийлері мен принциптері» атты республикалық әдістемелік семинар болып өтті.  

Ұлттық терминология мәселесі талқыланды

Конференция жұмысына қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі тер­минологиялық жұмыс тобы­ның өкілдері, Үкімет жанындағы Республикалық комиссияның мүшелері, еліміздегі жетекші терминолог ғалымдар, орталық атқарушы органдардағы сала мамандары және жергілікті ат­қарушы органдардың термино­логия саласына жауапты қыз­мет­керлері қатысты.

«Қазақ тілі тұғырына толық­тай қонды деп айта алмаймыз. 1990 жылдардың басында әр қазақ­тың бойында эйфория бар еді. Балаларын қазақ мектебіне беріп, қоғамда тілге байланыс­ты үлкен бастамалар көтеріліп, оны қолдайтын азаматтардың қатары қалың еді. Бірақ сол кісілер қазақ мектебіне берген балаларын кейін орыс мектебіне ауыстырып алып жатты. Қазақ тілінің аздап кері кеткен шағы бас­талды. Жиырма жылдан артық Президент Әкімшілігінде жұ­мыс істедік. Сол жылдары бірге қызмет істейтін лауазымды тұлғалар ақылдаса келіп, Президент Әкімшілігінен жолданатын құжаттар мен хаттарды қазақ тілінде дайындап, келетін хаттарды да қазақша қабылдауға уәделестік. Біздің бұл ұсынысымыз министрліктерден де қолдау тапты. Қазір бәрі де жұ­мысын осы бастама негізінде жал­ғас­тырып келеді, көңілге медеу болатыны да осы», деді жиын­ды ашқан «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқаров. Республикалық семинар жұмысына Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысты.

Ұйымдастырылып отырған «Терминдерді іріктеудің кри­терий­лері мен принциптері» атты республикалық әдістемелік семинардың басты мақсаты – салалық терминологияны қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту тұрғысында қарастыру және терминдерді іріктеу мен ресми бекітуге қойылатын негізгі талаптарды айқындау. Елімізге белгілі филолог ғалымдар, ай­мақ­тардан келген тіл мамандары мемлекеттік тілдегі тер­­мин­­­жасамның жалпы ба­ғыт­­­тарын белгілеу, термин шығар­ма­­­шы­лығы жүйесін қайта құрылым­­дауды қамтамасыз ету, «Termincom.kz» сайтындағы Элект­рон­­дық алаңда бекітілген тер­мин­дерді жұртшылыққа наси­хат­тау, қолжетімділігін қамта­ма­сыз ету жұмыстарын жүр­гізу барысында басты ақпарат көзіне айналдыру, те­р­миноло­гия саласына жауапты қыз­мет­керлерге әдістемелік жағы­­нан қолдау көрсету сияқты өз­дері күн сайын бетпе-бет келіп отыр­­ған мәселелерді ортаға сал­ды. Салалық терминологияны жан­­дандыру, терминдерді қазақ тілінің жазу нормаларына сәй­кес ретке келтіру мәселелері қоз­ға­лып, әркелкі қолданылып жүр­ген кейбір сәтсіз баламаларды өз­гер­ту мен түзету жолдары сөз болды.

Бүгінгі таңда қазақ тілін қо­ғам­ның барлық сұранысына жауап беретін қуатты қатынас құра­лы ретінде дамыту талабын­да ұлттық терминология мә­селесінің алатын орны аса жоға­ры. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық терминология жаңа арнаға бет бұрды. Оның ішін­де терминдерді іріктеудің кри­терий­лері мен принциптері, терминдерді аудару, біріздендіру мәселесі және тағы басқа өзекті жайттар туралы тың ойлар айтылып, жүйелі талқыланып келеді. Кешенді жұмыстар жүргізіліп, нәтижесі практикалық тұрғы­дан қолданысқа енгізіліп те жатыр. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарлама көрсеткішінің индикаторы бойынша 2020 жылға дейін 27 000 термин бекітілуі тиіс болса, бүгінге дейін 24 300 термин сөз және сөз тіркесі бекітіл­ді. Бекітілген терминдер қазақ тілін әлемдік ғылым мен білім­­нің жоғары интеграциялық дең­­гейі­не сай жетілдіру бағытын­да қыз­­­­мет атқарады. Әйтсе де бекітіл­ген тер­миндердің, әсіресе салалық ғы­лымдар терминдерінің сапасы әлі де зерделей түсуді қажет етеді. Салалық терминдерді іріктеу, біріздендіруге қатысты көптеген ұсыныс, қоғамдық пікір ай­тыл­ғанымен, осы уақытқа дейін ғылыми тұжырымдар нақ­ты айқындалған жоқ. Сол себеп­ті елімізде тілдерді қолдану мен да­мытудың 2011-2019 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағдар­л­амасын іске асыру мақ­сатын­да салалық терминология­ны жүйелендіру мақсатында тер­миндерді біріздендіру мен іріктеу критерийлерін белгілеу, прин­ципт­ерін айқындау әдістеме­лік семинардың өзегі болды.

Әдістемелік семинарда Пре­зи­­дент Әкімшілігі Жалпы бөлі­мін­ің редакциялық сараптама және актілерді шығару сек­торы­ның меңгерушісі Бекзада Сағын, профессор Шерубай Құр­манбайұлы, филология ғылым­дарының докторлары Құ­ралай Күдерина, Қарлығаш Айдар­бек секілді жетекші терминолог ғалымдар баяндама жасап, не­гіз­гі ғылыми ұстанымдарымен бөліс­ті. Баяндамаларда сөз болған мәселе ғалымдар мен мамандар арасындағы жарыссөзге ұласты. Сала­лық терминологияның түйт­кіл­дерін жан-жақты талқылай келе, әдістемелік семинарға қа­тысу­шы­лардың пікірлерін ескере оты­рып, соңынан қарар қабылданды.

Қарар төрт негізгі тармақтан тұрады. Қабылданған қарар бо­йын­ша терминдерді бекі­ту­ге ұсынудың тәртібі, тер­мин­дерді лингвистер мен сала ма­мандарының сараптамасынан өткізуді ұйымдастыру, тер­миндерді іріктеуге қойылатын талаптар, терминдерді қайта бекіту тәртібі белгіленді. Сондай-ақ Терминкомның талқылауынан өткен, тілдік айналымға еніп кеткен сөздерді он жылсыз қайта тал­қыға салып, өзгерте беруге бол­майтыны ескертілді.

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Астықты өңірдің сенімі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:50

130 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Аға буынның өнегесі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:43

Аға ұрпақ – асыл қазына

Қоғам • Бүгін, 09:40

Ұйымшылдықпен өткен күн

Референдум 2024 • Бүгін, 09:38