Руханият • 15 Қараша, 2019

Нұрлан ОРАЗАЛИН: Ұлт рухын сақтаудың қайнары

827 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Нұрлан ОРАЗАЛИН: Ұлт рухын сақтаудың қайнары

– Нұрлан Мірқасымұлы, сіз тәуелсіздіктен кейінгі ке­зе­ң­де Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекіл­байлардан соң бірден ел га­зетінің тізгінін ұстадыңыз. Бұл кезде есі­міңіз елге танылған ақын, дра­матург болсаңыз да, жур­­налистиканың жампозы бола қой­маған кезіңіз... Күр­делі кезең. Сал­мағы да ауыр. Бас басы­лымға басшы болып келу туралы шешім қалай қа­былданды? Жү­рексінген жоқсыз ба?

– «Егемен Қазақстанға» ке­лемін деген ой үш ұйықтасам тү­сіме кірмегені рас. Ол кездегі «Егемен» оқырман санасында «ЦК»-ның сықиған органы» дейтін атынан әлі арыла қой­маған... Алғаш Президент тара­пынан бас редакторлықты ма­ған жүктегісі келетіні туралы сөз қозғалғанын Әбіш ағамыз бен Қуаныш Сұлтанұлының аузынан естігенімде, сенер-сенбесімді білмедім... Ертеректе балалар газетінде Сейдахмет Бердіқұлов пен Фариза Оңғарсынованың қара­мағында екі-үш жыл жұмыс істегенім бар... Әрине іштей «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» секілді әдеби көпшілік басылымдарды «армандағанымыз» болмаса, ұлттық журналистиканың бағыт-бағдарын анықтар бас басылымда басшы боламын деп ойлаған жоқпын...

Қиын кезең. Идеологияның басы бекімеген, алдың жар, артың құз іспетті бағыт-бағдарың белгісіз қалың тұман басқан бұлыңғыр уақыт. Президент қабылдау ке­зін­де тәуелсіздіктің басындағы тар уақыттың бар қиындығын қыс­қаша айта келіп: «Бірталай мектептен өттің, сені ұйғарып отырмыз» деген ұсыныс-шешімін көлденең тартты. Сөйтіп 1993 жылдың қаң­тар айында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысымен бас ба­сылымның басшысы болып та­­ғайындалдым. Дүниенің ас­ты-үстіне келіп төңкеріліп, ыды­раған империяның сары жұр­ты сергелдеңге түсіп жатқан кез. Тә­уелсіздікті қамтамасыз ететін бүкіл заңның жаңадан қабыл­данып жатқан тұсы. Айтулы ға­лым, көрнекті қаламгер, азулы журналист, не керек, жалпы көзге түсетін зиялы қауым өкілдерінің бәрі Жоғарғы Кеңес мінберінен көрініп, пікірлерін ашық айтатын... Мен де өз сөзімізді іркіл­мей айтып жүрдім... Ақпарат құ­ралдары туралы Заңның жобасын әзірлеген топқа жетекшілік жасадым. Москвада, КСРО-ның ең соңғы Жоғарғы Кеңесінің құрамына кірдім. Конституцияны дайындаған Мемлекеттік комиссияда болдым. Бәлкім, сол кезде «Егеменге» Жоғарғы Кеңестің қазанында қайнап, жаңа заңдардың қабылдануы кезінде басы-қасында болған, ел білетін бір адам керек болған болуы керек деп ойлаймын?!. Ел мені қаншалықты білетінін қайдан білейін, өзім журналистикадан қол үзген жоқпын. Қаламымды суытқан емеспін... Бас редактор болып, редакция босағасын аттағанда, жасырмаймын, қатты толқығаным рас.

– Тәуелсіздіктің тәй-тәй бас­қан шағында, яғни жаңа дәуір­дегі ескі газетті шығарудың қиын­дығы неде болды? Ел өмірі үшін қандай елеулі бастамалар көтердіңіздер?

– Иә. Отарлау тізгінін бергісі келмегендер айланың алуан түрін жасап бақты. Әсіресе Қазақстанды уыстарынан шығарғысы келмеді. Беделді, ауыздарының дуасы бар деген әлемдік тұлғаларды жек­ті. Менің ойымша, атақты орыс жазушысы Солженицин жаз­ған «Ресейді қалай қайтадан құ­рамыз?» деген мақаласының ар жағында сондай мақсат, сондай пиғыл тұрды... «Бөліп ал да билей берге» дағдыланған шовинистер оны қос қолдарын көтере қолдап, «солтүстіктегі бес облыс­ты бөліп алғысы келетіндердің» дүркін-дүркін бас көтеріп, ала-құла әңгіменің іштен де, сырттан да бұрқылдап жатқан кезі... Орал өңіріндегі қылышын сүйретіп қоқаңдаған казактар, еліміздің шығысында көтерілген «оң жа­ғалау, сол жағалау» мәселесі, сол­түстіктегі «горькая линия»... Құд­­ды минаның үстінде отыр­ғандай Қазақстанның мазасы кетіп, ел әрі-сәрі күйге түскен мез­гіл. Осының бәріне төтеп беретіндей тәуелсіздік туралы са-
уат қалыптастыратын, тәуел­сіз­дік­ті сақтаудың жолын көрсететін, қыс­қасы, қазаққа ауадай қат сауал­дың бәріне жауап іздейтін газетті Президенттің қамшылар жағында жүріп шығаруға тура келді.

Мен келісімен бірінші болып Балғабек Қыдырбекұлы, түстен кейін Шерағаң, Қалтай аға, Камал аға үшеуі құттықтап келді. Батасын берді. Ертеңінде Сапар Байжанов, Әбдуәли Қайдар ағаларымыз келіп құттықтағанда мен өзімнің иығыма қаншама ауыр салмақтың түскенін шындап сезіндім... Әрине, мен келген кезде газеттің Орталық Комитеті де жоқ, партиясы да жоқ еді...

– Жұмысыңызды неден бас­тадыңыз? Сол кезеңдегі ба­сы­лымға қандай сипаттама берген болар едіңіз?

– Бірінші кезекте газеттің ба­ғыт-бағдарын анықтап, ойнап тұрған қанын дәуірге сай азаттық рухында жетілдіріп, осы рухты елге жеткізіп, халықтың жанына жақын идеологияны ұстану керек болды. Басты мақсат – мемлекеттің күретамыр саясатын дәйектей отырып, ел оқитын, қоғамның күнгейі мен көлеңкесін тұтас көрсететін, елдің көкейіндегісін қозғайтын газет жасау. Тәуелсіздіктің тарихи қажеттілік екеніне, сол үшін қиын­дықты бастан өткеруге тура келетініне миллионсанды ауди­торияның көзін жеткізу – парызымыз болды. Сол кезеңнің ең үлкен мәселесі – тіл мен жер еді, бұл екі мәселе туралы «Егеменнің» бетінде ғалымдардың, газет тілшілерінің, қарапайым оқыр­ман­дардың өте көкейкесті, өзек­ті ойы жарық кө­ріп жатты. Тек осы мәселені кө­теріп, қо­ғамда ой, пікір тудырып отыру үшін «Ел» деген қосымша шы­ғардық. Бұл қосымшада бүкіл өңірдің тұралап қалған ауыл­дарының жанайқайын – сөніп қалған жарығын, тартылып қалған суын, кеміп бара жатқан малын, қысқарып қалған жұмысшының, аяқ киімінің жоқтығынан мектепке бара алмай отырған баласының жоғын түгендеп, проблема қозғап, Үкіметтің де, қоғамның да назарын аударуға тырыстық. Мұрат ақынның «Қауіп еткеннен айтамын» деген сөзін қаперге ала отырып, газет бетінде «Қазақстанда аштық болуы мүмкін бе?» деген өткір әңгімені көтердік. Қазақ­станның мұнайы мен жезін алып қалғысы келетін күштердің ара­сында алапат айқас жүріп жатты... Бірақ ел-елдегі, жер-жер­дегі қарапайым халық жеке­ше­лендірудің жұмбағы мен сырын әлі түсіне алмай жатты. Энер­гия көздері бітелген. Темір жолдар кесілген. Біз түгілі, бізді шикізат көзі ретінде ұстап отырған Ре­сейдің өзі шатқаяқтап қалған. Міне, осындай жағдайда біз газетті шығардық.

1994 жылы қап-қара бояуға малынған «Егемен Қазақстан» деген гриф өзгертілді. Газет ата­уын бұзып-жарып, көгілдір теңізді кешіп келе жатқан кеме секілді етіп жаздырдық. Елге ұнаған осы фирмамен «Егемен Қазақстан» жиырма жылға жуық тұрақты шығып тұрды.

– Ел ішінде «Егемен Қазақ­стан» тек Шерхан Мұртазаның тұ­сында ғана азулы болып, қал­ған редакторлардың басшылы­ғында ешқашан сын материал жарияламағандай, өткір сөз айтыл­мағандай, мінезсіз болып көрінетіні несі? Мұндай айқын­дама сіздің ашуыңызға тимей ме?

– Жоқ. Шер-ағаң қызметсіз жүрген 1996 жылдың көктемінде ол кісіні редакцияға кеңесшілікке шақырып, төрт-бес ай жарас­ты жұмыс жасағанымызды ел біледі. Дәл осы тұста атап өтуі­міз керек, газетті жетпіс жыл бойғы жүйткіген шойын рельсі­­­нен шығарып, жаңа рельс­ке қойған Шер-ағаң болатын. Оның бұл еңбегі мен ерлігін біз ұмыт­пауымыз керек. Ол кісі ең алдымен газеттің атын өзгертті... Сонан соң рухын өзгертті. Ре­дактор ретінде Шерағаңнан үй­ренгенімді мақтаныш санаймын. Шерағаңның мінезі, таланты өз дәуірімен лайықты үндестік тапты. Сонысы қара орман қазаққа ұнады. Тұлға ретінде халық биігіне көтерілді.

– Өткір материалдар ре­дакцияға келіп түсіп, жария­ла­ғыңыз келсе де, жариялай алмай қиналған кезіңіз болды ма?

– Жоқ, ондай кезіміз болған жоқ. Мен газетке басшылық жасаған 1993-1996 жылдар ел қиындық көргенімен, ойын, сөзін жасқанбай айтатын популистік демократия мен ел тағдыры үшін күрестің ашық жүргізілген кезі еді. Өз басым өмірде де, газет бетінде де ел тағдыры үшін күрес жүргізуді таңдадым. Ел тұтастығы, жер тұтастығы, дін тұтастығы, ұлт тұтастығы дейтін ұғымдар – басылымның алтын арқауы болды. Ағаларымыздың кезінде газет жариялылыққа арқа сүйеп, империямен алысып келсе, біз «енді не істеу керек?» деген сауалдың жауабын іздедік. Жауаптың денін «Тәуекел!» деп, Тәуелсіз жұрттың тізгінін қолына бекем ұстаған Ел Президентінің аузымен айттық. Елбасының «Егеменге» берген сұхбаттары соның айқын көрінісі.

– Сынды ұнатпайтын Ор­та­лық Комитет болма­ға­нымен, оның орнын басқан Пре­зидент Әкімшілігі бастаған басқа да орындар бар емес пе? Кілең әлеу­меттің әлсіз тұсы, жа­н­ай­қай жазылып жатқанда, «осы га­зеттің бағыты қалай бо­лып бара жатыр өзі?» деп қада­ғалай­тындар болмады ма сонда?

– Неге болмасын? Болады! Болды. Газеттің бірінше беті­нен бастап қазақ жерінің қай қазы­насының – алтыны мен мы­сының, мырышы мен мұнайының қай елге кетіп жатқанын ашық түрде айтып отырдық... Кітапханалар жаппай жабыла бастады. Мәде­ниетті аштыққа байлау, қысу – қа­зақ руханиятына жасалған қастандық еді. Үкімет тарапынан рухани кеңістікті талқандауға бағытталған асығыс шешімдер туралы өткір ой, өткір сөздеріміз бен жекешелендірудің әділетсіз жүргізіліп жатқаны жөніндегі қай­сыбір мақалаларымыз үкіметке ұнамағаны белгілі. Бұл аз болса... Ел саясатын жүргізіп отырған екі газетті «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правданы» бірік­тіріп, «Қазақстан» деген ортақ газет шығару жөнінде әңгіме көте­рілді. Бұл тілді де, қазақтың мүддесін де жығып беру деген сөз еді. Ғасырдың елең-алаң басында – алмағайып кезде «Ұшқын» шығып еді, ел басына күн туып, зобалаң кешіп жүргенде «Еңбекші қазақ» жарық көруін тоқтатпап еді?!. Онсыз да екі тілге байланып отырған елде бір газетті екі тілде сөйлетудің орынсыз тірлік екеніне тиісті орындардың көзін жеткіздік. Бұл мәселе кейін тоқтады.

– Сол кезде «Егеменнің» мен­­­шігінде не бар еді? Біздің бі­луімізде, сырттағы әріптестері материалдық жағдайы кө­ш ілгері «еге­мендіктерге» қызы­ға да, қыз­ғана да қарайтын. Өйт­кені олар дүркін-дүркін үй алып, сая­жайлы болып, қуа­нышын бөлісіп жатушы еді...

– Шынында да «Егеменнің» мұрнынан «есек құрты домалап түсіп жатыр» деген алып-қашпа сөз біздің де құлағымызға жететін. Алғаш келген кезде «Егемен Қа­зақстанның» ескірген екі көлігі бар болатын. Бірі жүрсе, бірі тоқтайды. Облыстағы тілшілеріміз де түгел жаяу-тұғын. Насихат жұмысын жүргізу қиын болды. «Егеменді» бір езуінен бал, бір езуінен май ағып, майлы жіліктің басын мүжіп, шылқыманың үстінде отырғандай көріп, әлде қызығып, әлде қызғанып айтатын күңкілдің болғаны рас... Жасыратыны жоқ, Елбасы қолдан келгенше басылымға қамқорлығын көрсетіп, көмектесіп отырды. Үкі­мет тұ­ралаған ашқұрсақ ел­дің аузынан жырып, артық ешнәрсе бере алмады. Сол кездегі журналистердің орташа айлығы мөлшермен 5-6 мың теңге. Өте төмен айлық. Ги­перинфляцияда отырған ел қыз­мет­керлеріне жалақыны қалай та­уып береді? Осындай қиын­дықта отыр­ған елге ертелі-кеш тамсандырып, тәуелсіздіктің әң­гімесін айта берсең, «қоя тұршы, айналайын» демей ме? Міне, осындай кезеңде редакцияда екінші коммерциялық шот ашып, жарнама аясын ке­ңейттік. Басылымды қадағалап отырғандарға тек осындай жолмен ғана газеттің әл-ауқа­тын көтеруге болатынын, ел мен билік ортасына дәнекер болудың ең тиімді жолы осы екенін дәлелдедік. Газетті ұстап отырудың басқа жолы жоқ еді. Коммерциялық бөлімнен түскен қаржының қомақты бөлігі тұтас редакция қызметкерлерінің айлы­ғының елу пайыз мөлшердегі шығынын жабуға жұмсалды. Зейнетке шығып, өздерін далада қалып қойғандай сезініп жүрген ар­дагерлерімізге стипендия та­ғайындадық. Технологияның енді ене бастаған кезі. Алғаш­қылардың бірі болып компьютер орталығын аштық. Көлік санын көбейттік. Қызметкерлерге Алматыдан, Ақмоладан үй сатып алдық. Саяжай, жер алдық. Нарық газетімізге осылай келді. «Егемен» туралы аңыздың таралып жүргені де осы тұс...

– Газет басшысы ретін­де қарамағаңыздағы қызметкер­лерден не талап еттіңіз, олардың кәсіби қарымы туралы не айтар едіңіз?

– Газет классикалық үш сипатта: ақпарат, таным және талдау сипатында шығуы керек. Қазір басылымдарда ақпараттық сипат басым. Таным араласып, тарихпен тұздап отырмасаң, ақпаратыңыз су татып қалады. Талдауға мән беріліп отыруы тиіс. Міне, газет осы үш сипат қам­тылғанда ғана құлпырып шыға келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рында «Егемен» дайынның үстінде отырған жоқ. Газетті күн­діз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүріп шығардық. Уақытының көбі ұйымдастыру жұмысына кететін бас редактордың бірінші орынбасары Ержұман Смайылдың өзіне тапсырма беріп отырдым. Ол осы тұста тәуір дүниелерімен танылды. Нури Муфтах деген қайсар журналист «Егеменнің» ғана емес, ұлттық баспасөзіміздің ақмылтық айбары болды. Қали Сәрсенбайдың рухани кеңістіктің көгін шарлап, өнер тұлғаларын, өнерді, театр­ды талдаған әдемі мақалалары осы кезде көрініп жүрді. Қазақ журналистикасында көп көріне бермейтін тақырыптардың бірі экономиканы, әсіресе сол кезеңнің оқырманы үшін аса керек нарық тақырыбын түсіндіруде Нұртөре Жүсіп терең сараптамалар жасайтын еді. Ақпаратты басқарған Қайнар Олжай қол басындай ғана құрғақ жазбадан қылғытып жұта салатындай жұп-жұмыр дүние жасап шығаратын. Марқұм Мыңбай Ілес пен Мамадияр Жақып ақпарат дегенде алдына жан салмайтын. Жас болса да, Шымкенттен арнайы шақырылған Еркін Қыдыр еркін ойымен ел көзіне түсті. Жазу қолтаңбасы айқындалып қалған Гүлзейнеп Сәдірқызы мен Қарашаш Тоқсанбай, Бақыт Бал­ғарина қоғам мен өнерді бүге-шігесіне дейін талдайтын төселген ізденімпаз журналист болып осы кезеңде қалыптасты. Көсемәлі Сәттібай, Сүлеймен Мәмет, Ғабит Мүсіреп, Маңдайлы Қосым, Темір Құсайын, Нұрперзент Домбайлар осы кезеңде жарқырап көрінді. Тізе берсек, аты-жөнін атап тұрып көрсететін сайдың тасындай мық­ты қыз-жігіттер «Егеменде» көп еді. Жұмабек Кенжалин басқарып келген «Халық кеңесі» газеті «Еге­менмен» қосылған соң, ол жақтан да қаламының желі бар Талғат Сүйінбай, Мейрамбек Төлепберген, Самат Мұса сияқты жүйрік жігіттер келді. «Еге­мен­нің» күнделікті әр нөмірінің өзі мықты «макетшик» Жанат Ел­шібек бастаған секретариаттағы жі­гіттердің арқасында апталық газет сияқты мазмұнды, маңызды болып, ажарланып шығатын.

– Сіз Президент Н.Назарбаев­пен үш рет сұхбат құрған екен­сіз. Үш сұхбатты да қайта­лап оқып шыққанда, елдік мұ­рат, тәуелсіздік тағдыры, тұ­тас­тық туралы әңгіменің өзе­гінен сол кезеңнің ауыр да ащы шын­дығы екі тараптан да ашық айтылғанын байқадық. Өт­кір әңгімеге Президентті өзіңіз тарт­тыңыз ба, әлде өзі жетелейтін бе еді?

– Бірінші сұхбатымыз 1993 жылы «Уақыт жүктеген аманат» деген тақырыппен газеттің үш бетіне басылып шықты. «Елдің жайы мені қатты мазалайды» д­еген сұхбатымыз 1994 жылы газет­тің екі нөміріне жарияланды. Ол кісі «сұрақты ашық қо­йыңдар, ашық жауап беремін» деп ескертіп отыратын. Солай болды. Әсіресе алғашқы екі сұх­батта ел үшін маңызы зор, өте күрделі, атап айтқанда, ұлт тарихы мен бүгінгі ұрпақтың ой-санасына көпір салған ынтымақ, бірлік, ұлттық тұтасу туралы тамырын тереңнен тартар іргелі идеялар, Қазақстанның әлемдік саяси кеңістіктегі орны мен рөлін анықтайтын шарттар, ыдыраған империяның салқынынан тез арылып, әлеуметтік, экономикалық ре­формаларға «тәуекел» айтып кірісу, құқықтық, демократиялық си­паттағы ұлттық мемлекет құру туралы мәселелер кеңінен сөз болды.

Нұрсұлтан Әбішұлының сұхбат­тары қолдан-қолға тез тарап, тығырықтан жол іздеген қа­ра орман жұртымыздың көкірек көзін ашқандай еді. Жұртшылық көкейдегі сауалдарына жауап алып жатты. Сағаттап өткен сол сұхбаттар шұғыл орыс, ағылшын тілдеріне аударылып жатты.

Үш жыл алты ай табандатып қызмет еттім. Ең алдымен, «Егемен» мені үлкен мектептен өткізді. Жасы 100-ге келіп отырған абыз басылымның босағасын ең алғаш осыдан жарты ғасыр бұрын аттаппын. Бернияз Күлеев жөнінде дипломдық жұмыс жазып жүріп, Орынборда ақынның жанында бірге жүрген Ешмұхаметов деген ағамызға жолықтым. Сонда, 1969 жылы редакция «Социалистік Қазақстанның» 50 жылдығын атап өтіп жатқан болатын. 22 жастағы студент ол кезде араға жиырма бес жыл салып, осы газеттің 75 жылдығын бас редактор болып өткіземін деп ойлай қойған жоқ, әрине... Бұл мерейтойды өткізу менің маңдайыма жазылыпты.

– 1990-жылдардың басында газет бетінде ірі тұлғалардың кө­кейкесті мәселе қозғаған ма­қа­­лалары жарыққа шы­ғып жата­­тын. Солар өзі тапсырыс­пен жазылатын ба еді, әлде ол кісі­­лердің белсенділігі жоғары ма еді?

– Екеуі де болды. Редакция ұжымы министрлермен, халыққа белгілі тұлғалармен дөңгелек үстелдер өткізетін. Мысалы, Қазақ Елінің бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовпен болған кездесу ел есінде қалды. Марыда дивизия командирі болып тұрған Мұхтар Алтынбаевты Қазақстанға шақыртып, әскери доктринаның негізін жасатқан адам. Ол кісі министр бола сала, сыртта – қиыр-қиырда әртүрлі әскери құры­лым­дарда қызмет істеп жүрген шенді қазақ жігіттерін жинады. Мәселен, Мұхтар Алтынбаевты – Марыдан, Тоқтар Әубәкіровті Мәскеуден алдырды. Алыстағы азаматтарымыздың әрқайсысын жеке-жеке атап тұрып жинады. С.Нұрмағамбетов журналистерге министрлік туралы егжей-тег­жейлі баяндап бергені есімде. Мұн­дай кездесулер ХХ ғасырдың заңғар жазушысы Ш.Айтматовпен, «Азаттықта» қызмет еткен Х.Орал­­­таймен болды. Хасен аға­­­мыз: «Коммунистердің бас га­з­еті шақырады дегенде, түсін­бей қалып едім. Бас басылым ком­­мунистердің басты жауын шақырса, елдің түзелгені екен. Мына кездесуден осыны көрдім. Мен ризамын, Еліме рахмет!» деп кез­десу соңында көзіне жас алған болатын.

– Елбасының газетпен байланысы, газет туралы пікірі қалай еді? Газетпен жеке оқырман ре­тін­дегі таныстығы басым ба еді, әлде, материалдарды көмек­шілерінің айтуымен оқи ма?

– Бір білетінім, Елбасы мате­риал­дардың бәрін өзі оқитын. Маңызды санаған кей материал­дың астын сызып тұрып оқитын. 1993 жылғы Тәуелсіз елдің қазақ­стандық оқырманға ғана емес, әлемге беріп отырған алғашқы сұхбатының (менің тұсымдағы) әр сөзіне үлкен жауапкершілікпен шұқшия қарағаны есімде. Мате­риалды дайындауға қалай қатыс­қаны жадымда. Нұрекеңнің қала­мымен сызып отырып оқыған бір қолжазбасы менің жеке архивімде сақтаулы...

– Ал «Егемен Қазақстаннан» неге кеттіңіз? Жазушылар ода­ғы­на бару шарт па еді?

– Әрине, ешкім де маған «ор­ныңды босат» деген жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Нұрлан, «Егемендегі» жұмысыңа өз басым ризашылығымды білдіремін. Бірақ... Жазушы ағайындарың сұрап жүр. Қалай? Барасың ба?» дегенде, тағы да бас тартпа­дым. «Егемендегі» істеген ке­зеңім Жазу­­шылар одағындағы жи­ырма екі жылдық «қан майданға» келуіме дайындық се­кілді көрінеді. «Егеменнің» қазанында қайнап, отына кіріп шықпағанымда, Жазу­шылар одағында жанып кетер ме едім?!. Жүйкемнің көбірек қажалған, қуатымның көбірек жұм­сал­ған, аруақтар алдындағы ұлы жа­уапкершілікті тереңірек сезін­ген жерім де осы Жазушылар одағы болды ғой...

Біз тәуелсіздік үшін күрестік! Енді Тәуелсіздікті, Мәңгілік Елді мәңгілікке сақтау үшін күресетін кезең келді. Күрделі дәуір келді. Дәл қазір сол дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Тәуелсіздікті сақтау парызымыз! Ол үшін ұлттық рухты сақтауымыз керек! Тұлға қа­лыптастырудың үлкен мектептерін жойып алмауымыз керек! Бұл тұста ұлт ойы мен парасатын, ұлт мінезі мен күрескерлігіне қанат бітіріп, ұрпақты тәрбиелеуде орны бөлек ел басылымы – «Егеменнің» иығына түсер жүк айрықша. Өйткені... «Егемен Қазақстан» қасиетті газет.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»