31 Наурыз, 2010

ҚОС ҚАЛА ТӨРІНЕ АЗИАДА АЯҢДАП КЕЛЕ ЖАТЫР

791 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше бір уақытта  екі қалада –  Астана мен  Алматыда 2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарының басталуына қанша күн қалғандығын көрсететін кері есептеу таблосы іске қосылды.  Астанадағы рәсімге  Туризм және спорт вице-министрі  Талғат  Ермегияев,   Астана әкімі  Иманғали  Тасмағамбетов,  АОК (ҚХР) вице-президенті Вэй Джижонг, АОК (Шри-Ланка) мәдениет және білім комитетінің төрағасы Хемасири Фернандо,  Ванкувердегі Қысқы олимпия  ойындарының күміс жүлдегері Елена Хрусталева және өзге де белгілі спорт қайраткерлері қатысты. Таблоның ашылу салтанаты АОК-қа мүше елдер туларын көтерген шерумен басталды. Осыдан кейін сөз алған елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов “Келер жылы елімізде жалауы көтерілгелі отырған VІІ Қысқы Азия ойындары дұшпанды дос, досты туыс ететін дода болмақ. Бүгінгі спорттық мереке баршамызға құтты болсын”, – деп жиылған жұртты құттықтаса, Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияев аталған доданың маңыздылығына тоқталып, дүбірлі сайыста еліміз саңлақтары олжаны молынан салатындығына үмітті екендігін жеткізді. Азия ойындарының қалыптасқан дәстүрі бойынша бір уақытта ірі спорттық форумдардың міндетті атрибуты болып табылатын табло іске қосылды. Бұл –  Азиаданың пиар-науқанының шеңберінде жоспарланған бірден-бір шара. Табло Алматыда әйелдер арасында шайбалы хоккейден жарыс өтетін Абай даңғылы мен Байтұрсынов көшесінің қиылысындағы Балуан Шолақ атындағы спорт  сарайының алдында, ал Астанада кері есептеу сағаты “Астана-Арена” жаңа футбол стадионының алдында орна­лас­қан. Мұнда ойындардың ресми сал­та­натты ашылуы өтеді. Ойындар аяқ­талғаннан кейін де таблоны сақтау жос­парланып отыр. Бұл Қазақстанда ха­лықаралық дәрежедегі тұңғыш рет өткен ірі спорттық форум – Ақ Азиада туралы естелік болып қалмақ. Мұнымен қоса, Астанадағы салынып жатқан әлемдік кластағы спорттық инфрақұрылымының символы болмақ. Естеріңізге сала кетейік, жаңа футбол аренасының жанында коньки тебу стадионы, республикалық велотрек бар. Онда да 2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарының жарыстары өтеді. Кері есептеу таблосы  кристалл тә­різдес Азиаданың фирмалық дизайнының материалынан жасалған. Ал Қысқы Азия ойындарына арналған нысан ком­по­зи­циясы тасты жарып шыққан тау гүлі тектес, яғни айтулы оқиғаны, бейнебір ғажап көріністі білдіреді. Азиада өтетін республиканың екі бас қаласында – Астана мен Алматыда құр­лықтың менмін деген сайыпқыран спортшылары өз бақтарын сынайды. Аталған доданың өтетін уақыты 2011 жылғы 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығы. Азиа­дада 11 спорт түрінен 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бүгін Азиаданың басталуына 305 күн қалды... Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Астана. *** Бұл күндері Алматыдағы “Интерконтиненталь” қонақүйінде VІІ Қысқы Азия ойындарының Chefs de Mіssіon семинары өтіп жатыр. Аты айтып тұрғандай, наурыздың 29-31 аралығындағы бұл аса ірі басқосуға Азия Олимпиадалық кеңесі комитеттерінің жетекшілері мен осы кеңестің құрамына кіретін 45 ел Ұлттық олимпиада комитеттерінің және басқа да тиісті ұйымдардың өкілдері қатысуда. Сондай-ақ, кеше Алматы мен Астана қалаларында қатарынан “Кері санау таблосының ашылуы”  салтанаты  болып өтті. Chefs de Mіssіon семинары – Азиялық және Олимпиялық ойын­дары басталғанға дейін міндетті түрде болатын басқосу. Мұндай шара барысында Ойындарды ұйым­дастыру комитеті оған қатысушы мемлекеттер алдында  қыстық бол­сын, жаздық болсын, Олим­пиялық және Азиялық ойын­дарына дайындық барысы жөнінде жан-жақты есеп береді. Мұндай есеп берулер спорттық нысан­дардың құрылысы қалай жүріп жатқанын, спорт­шыларды қонақүй­лерге орналас­тырудың жөн-жосы­ғын, логис­тиканы, волонтерлық қозғалыс­тарды, қысқасы, бәрін-бәрін қамтиды. “Дәл қазіргі кезеңде біздер Ойындарға дайындық барысы бойынша көздеген мақсаттарымызға жылжып келе жатыр­мыз. Және біз үшін семинар кезінде ор­таға салынатын делегаттардың ұсыныс-пі­кірлеріне ден қою өте маңызды. Өз ке­зегінде, семинарға қатысушылар елдеріне оралған соң осында алған ақпараттарын тарататын болады”, дейді “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ вице-президенті Серік Құлмырзаев. Сонымен Алматыда тоғысқан Азия Олимпиадалық Кеңесінің басшылары бұл күндері келер жылы өтетін қысқы Азия ойындарына дайындық барысының барлық бағытын жан-жақты талқылау үстінде. Оның ішінде жарыстар өтетін нысандар, допингке қарсы ережелер, қа­уіп­сіздік шаралары, билеттерді сату стра­те­гиясы, маркетинг, еріктілердің жұ­мыстарын үйлестіру тиянақты ой­лас­тырылып жатыр. Сондай-ақ, семинарға қатысушылар барлық спорттық ке­шендерді де аралап көруде. Бұл басқосудың тағы бір басты оқиғасы – “Кері санау таблосын ашу” ресми салтанаты. Кеше бұл шара да екі бірдей қалада бар сән-салтанатымен басталды. Ендігі жерде, Астана мен Алматы қалаларындағы үлкен табло Ақ Азиаданың басталуына қанша тәулік қалғанын сәт сайын қазақстандықтардың есіне салып, айтулы күндердің аяңдап келе жатқанын білдіріп отыратын болады. Алматыдағы жоғарыдағы электронды алып көрсеткіш сағат республикалық Балуан Шолақ спорт сарайының алдына орнатылып ашылды. Реті келіп тұрғанда, бұл спорттық додада 69 жүлде жиынтығы сарапқа салынғалы тұрғанын еске сала кетелік. Алдын ала жасалынып жатқан болжамдар бойынша, 2011 жылғы Қысқы ойындарға 30-дан астам Азия елдерінің спорт­шылары қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, кеше  Chefs de Mіssіon семинары кезінде журналистер үшін алғашқы баспасөз брифингі де болып өтті. Азия Олимпиадалық кеңесінің өмірлік Құрметті вице-президенті Вэй Джижонг, Азия Олимпиадалық кеңесінің арнаулы өкілі Хайдер Фарман, “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ президенті Анатөлі Құлназаров жур­налистерге алғашқы сұхбаттарын берді. Спикерлердің мәлімдеуінше, алда Қазақстанда өтетін қысқы Азия ойын­да­рына дайындық барысы семинарға қа­тысушылардың көңілінен шыққан. Қысқа брифинг кезінде әріптестеріміз барлық сауалдарға ұғынықты жауаптар алып үлгерді. Вэй Джижонг мырза Олим­пиада алауының эстафетасынан бастап, медициналық қызмет көрсету, шетелдік бұ­қаралық ақпарат құралдарын ак­кре­дитациялау,  жедел ақпарат тарату, телевизия арқылы жарысты тікелей тран­сля­циялау, техникалық түйткілдерді болдырмау сынды және мәдени шара­ларды қалай өткізу мәселелері егжей-тегжейлі талқыланып жатқанын ресми түрде мәлімдеді. – Дәл қазіргі сәтте Қазақстанның Азия ойындарына дайындық барысы өте жақсы екендігін мәлімдегім келеді. Өйткені, мұндағы  “AWAGOC 2011” деп ата­латын ұйымдастыру комитеті да­йындық жұмыстарын жан-жақты жүргізіп жатыр және ол Азия Олимпиадалық кеңесінің барлық талаптарына жауап береді. Мен алдағы қысқы Олимпиаданың сәтті өтетініне сенемін! Ең бастысы – мемлекет басшылығы бұл іске үлкен қолдау көрсетіп отыр, – деді Вэй Джижонг мырза. – Азиада да іс жүзінде Олимпиадалық ойындар секілді.  Оның ауқымын мықты ұйымдастыру жұмыстары мен ме­нед­ж­мент ұлғайта алады. Мен алда келе жатқан Азиада ойындарында қазақ­стандық спорт тарихында жарқын жолдар болып жазылатын әлемдік рекордтар жасалынатынына сенімдімін, – деп атап өтті АОК өкілі Хайдер Фарман. Айнаш ЕСАЛИ,  Алматы.