Фото:
Консорциум таратқан мәліметке сәйкес, жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары аясында АТҚ-3 құрылғысында суасты шлангтары мен икемді құбырлардың бір бөлігі ауыстырылған. 21 қаңтар күні айлақтың жүк жүйесіне гидросынақ жүргізіліп, одан кейін сүңгуірлер суасты мұнай құбырының соңғы манифольдын ашқан. 25 қаңтарда мұнай тиеу үшін алғашқы танкер айлаққа қойылды.
КТК өкілдері жөндеу мерзімі мен жұмыс көлемі бұған дейін консорциумның АТҚ-2 құрылғысына жасалған ұшқышсыз құрылғылар арқылы нысаналы шабуыл салдарынан қайта қаралғанын атап өтті. Аталған оқиға құрылғының зақымдануына және оның жұмысын уақытша тоқтатуға себеп болған.
Осы жағдайды ескере отырып, компания мұнай жөнелтушілердің жылдық жоспарға сәйкес өтінімдерін орындау кемінде екі айлақ құрылғысы бір мезгілде жұмыс істеген жағдайда кепілдендірілетінін мәлімдеді. Қазіргі таңда теңіз терминалында тиеу операциялары АТҚ-1 және АТҚ-3 арқылы штаттық режимде жүргізіліп жатыр.
КТК терминалына жасалған шабуылды қолдағандардың үстінен іс қозғалды
Жөндеу жұмыстары күрделі гидрометеорологиялық ахуал жағдайында өткен. Суасты ағындарының жылдамдығы жиі өзгеріп отырғандықтан, сүңгуірлердің қауіпсіз түсуі бірнеше рет уақытша тоқтатылған. Мұндай құбылыстар қысқы маусымға тән екені айтылады.
Соған қарамастан, барлық техникалық операциялар өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып аяқталған. Консорциум теңіз терминалы инфрақұрылымының сенімді жұмыс істеуі мұнай экспортының тұрақтылығы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Қазақстан КТК ахуалына байланысты мұнай тасымалдау маршрутын өзгертетін болды