31 Наурыз, 2010

СӨЗ СОЙЫЛ

672 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
1 сәуір – Күлкі күні ЖЕҢЕШЕҢЕ ДӘЛЕЛДЕ! Бірде жазушы Әлібек Ас­қаров пен талантты журналист, жас ғалым Бейбіт Сапаралин ұзақ-сонар әң­гі­меге кетіп, өмір­дің мәні, тір­лік­тің құны де­ген­дей, біраз жерге дейін “тереңдеп” барып қалады. Қызып сөйлеп отырған Бейбіт: – Әлеке, сіз енді баяғыдай бір отбасының ғана меншігінде емессіз, сіз елдің, халықтың ада­мысыз, – дейді ғой аспан­да­ған көңілін баса алмай. Сонда Әлібек қаламдас інісіне жымия қарап: – Бейбітжан, менің бір ғана адамның меншігі емес екен­ді­гімді сен маған емес, үйдегі жеңешеңе дәлелдеп берсең, құба-құп болар еді, – деген екен. Өтіп кетті Елуінші жылдары қазақ ақыны Қуандық Шаңғыт­баев қырғыз ақыны Темір Үм­бетәлиевке әзілдеп: – Темке, қыз-келіншек тақы­ры­бына қалам тартып жүрсіз бе? – депті. Сонда Темір: – Өтіп кетті жасшылық, Өтіп кетті састырып. Қыздар өпкен бетімді Қыл сақалға бастырып, – деген екен. Еркін НҰРАЗХАН, Алматы. САН ТАРАПТЫ «САЗГЕРЛЕР» “Сазгер” ұжымына керней аспабында ойнай алатын жоғары дәрежелі кернейші керек” деген хабарландыру бо­йынша келген Синяев сәл-пәл өне­рін көрсетіп  еді, қабыл­дау­шы Крю­ков: “Ғажап! Өнеріңіз бабында екен. Бізге керегі де осы!” деп шаттаныс білдірді. Синяев тек тұрмай: – Консерватория бітір­генмін, – деп міңгірлеп қалды. – Не дейді! Консерватория да бітіріп пе едің! Қай класын? – деп жатыр Крюков. – Міне, мынаның, – деп Синяев кернейін шұқып көрсетті. – Содан соң қайда ойнап едің? – Филармонияда. – Содан? – Ресторан оркестрінде, – деп Синяев қипақтаған болды. – Содан соң ше? – деп Крю­ков риза кейпін жасыр­мады. – Жерлеу рәсімдерінде... – деп Синяев күмілжіп, – Бас кернейде ойнадым, – деп басып айтты. – Бәрекелді! Трубаның неше түрінде ойнапсың, нағыз маманы екенсің, – деп Крюков риза болды. – Он бес жыл осы кернейді дүрілдетіп келемін, – деп қосып қойды Синяев. – Трубаның майталманы екен­сің, сені сазгерлер ұжымына сан­тех­ник етіп жұмысқа қабылдаймын, – деп Крюков қолын қойып та жіберді. – Сантехнигі несі!? Сіздер саз­герлер ұжымына кернейші керек деп жарнама бермеп пе едің­із­дер?! – деп, Синяев аң-таң... Крюков бұған мырс етіп күліп алды да: – Дәл өзі, біздер на­ғыз кәсіби мамандарды қабылдаймыз. Мәселен, мына Ермишкин элек­тро­гитарада ойнаған. Қазір тап­тыр­мас электригіміз. Ал ана Козликов скрипкада жиырма жыл ойнапты, қазір біздің нағыз ағаш шеберіміз. Бұрынғы дирижер Потапскийдің қабырғаны сырлағанын көрсең... Пианист Ерденов кірпіш қалағанда қаз-қатар тұрған пианино нүктелері жайына қалады... Бұрынғы бара­бан­шы Шубиннің балғаны қазыққа ұрғаны тіпті тамаша, – деп өз құрылыс бригадасының мүше­ле­рі­мен таныстырып өтті. Синяев жиналған сан тарапты “сазгерлерді” бір шолып алды да: – Сіз, өзіңіз қай аспапта ойнап едіңіз? – деді Крюковқа. – Өз басым еш аспапта ой­наған емеспін, мен бұрынғы ән­шімін. Сөйлей білетін, негізі ай­ғайы басым дауысы бар бри­га­дирмін... – деп Крюков өзін де таныстырып өтті. Аударған  Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН. ӨЛЕРМЕН ӨЗІМ Аталас болып келетін ағайынға келе жатырмын. Туылғаннан тірлігіне мығым болып өсті. Кеңес кезінің өзінде-ақ аттың үстінде болды. Өзі бауырмал да... Кеңес кезінде ауданның бірінші басшысы болып тұрғанында әйда келіп ағайындарын қыл­тиған қызметке та­ғайындап тайраңдағаны бар. Онысынан кө­ре­сесін көрсе де қой­ма­ғанын тағы білеміз. Мені де сүйрелеп, бірер жыл мек­теп бас­қар­ға­ным со­ның арқасы. “Қызмет қолдың кірі, бірде бар, бірде жоқ, мен отыр­ғанда істеп қа­лыңдар” деп ағынан жарылушы еді. Несін айтайын, қайда жүрсе де, әйтеуір ат үс­тінде жүргенде қа­рай­лас­паған ағайыны жоқ, ру-аталас тұрмақ, жиен-нағашыға дейін жарылқап шиырлады емес пе... Мына заманда мемлекеттік қыз­метте емес, жеке кәсіпкер, кә­сіпкердің кәнігісі, дөй шаруаны дөңгелетеді деп естігенмін. Қызмет орнына табан тіреп, кідіріп жатыр, күте тұрыңыз деген соң, қарап отырғанша деп бас­қарып отырған тірлігін аралаған болдым. Ондағым – көзі таныс, ағайынның қаншасын кезіктірер екенмін деп... Ойпырай, кілең басқа ұлт. Телміре сүзіп шықсам да ағайын тұрмақ өзі де, көзі де танысты ілуде ұшырата алмадым... Алдында отырып ардың-гүрдің әңгіме бітті-ау деген мезетте: “Қызметіңнен ағайын көре алмадым?..” – деп кідіріп едім: – Е, ол заман өткен, – деп ме­нің нені меңзегенімді дөп басып ағыл-тегіл ағытылсын. – Құрдас, өзіңе шынымды айтайын, бір кезде мемлекеттің құзырында жүріп ағайынға қызметті шүлен тарат­қан­дай үлестіргенім рас... Жеке кәсіп ашып, ағайынды тағы да жа­рыл­қағаным бар... Мынау заманда ағайынмен алысқа бара алмайды екенсің... Жа­уап­сыздық та, жалқаулық та, кері кетіп кердеңдеу де солардан болды. Ағайынмен істесем деп екі-үш рет банкрот та болдым... – деп, осы төңіректе көзін аларта отырып біраз жерге барып тоқтады да, – Ақылымның жеткені, ағайынмен алыстан сый­ласу екен... Әрине, білімді, өз ісінің шебері аға­йынды кет әрі де­мей­мін, бірақ олардан қара үзіп қалғалы қашан, – деп ақырғы сөзін айтты. Пәлекет балама қызмет сұрап келгенімді айт­қыз­бай-ақ ұғып, қолымдағы “Қағазға” көз жүгіртіп өтті де: – Алар-ақ едім, ағайын­дық­қа басады – бас ауырады, бал­тыр сыздайды, ыңқыл-сыңқылмен кері кетіп кергиді-ай келіп. Білемін, “өйтпейді деп талай өмірем қаптырған!.. – деп өкіреңдеп барады... Су сіміріп, оған да су сіміртіп сабасына түсіріп барып кете бардым. ...Ойлап көрсем, оныкі жөн! Қызметте жүргенінде ағайынын ұмытпай өлермен өзім болды... Қазіргісі де, жеке кәсібіндегі ағайыннан алыс кеткен өзімшілдігі де жөн. ...Біраз уақыт өткен, әлгі сабаз телефонмен іздеп тауып: “Құрдас, өткенде өтінішіңді орындай алмадым. Реті келді, әлгі бала қайда, өзің де бос шығарсың, маған жедел “резю­мелеріңді” жібер, қыз­мет­ке міндетті түрде орна­ласасыңдар дейді... ...Сөйтсек, ол мемлекеттік қызметтің біріне басшы болып тағайындалыпты... Кенже ЕРКІН. Алматы облысы. ҚОМАҒАЙ ҚҰРСАҚ Ындын дегенде тығын жоқ, Тойдым дейтін ұғым жоқ. Тау жұтса да талғамайды, Қақалам деп болжамайды. Есі шыққанда олжаға, Ертеңін де ойламайды. Вагондатып арақ ішкен құрсақ, Көл жұтарға шығады ұқсап. Құрсақ қуысы толмағасын, Миллиондап ұрласын, Заңсыздықты белден басып, Бедел, бағы қорғасын. Қомағайдың түрін көріп жүрміз, Байлықпен озған “жорғасын”. ТАРТЫНБАЙДЫ Өсекші де – өтірікші, Өтірікші де – өсекші, Әр сөзі өрт, оқ болғандай, Құдайдың қарғысына тап болғандай, Гуілдектер арамызда жетіп жатыр, Жалған сөзі сүйектен өтіп жатыр, Шайтанның сағымындай тақылдайды, Өліп кетейін, шындық деп бақылдайды. Өтіріктің қашанда арты қайғы, Ауызы күйсе де тартынбайды. Табыл ҚҰЛЫЯС, Астана. “СЕНІКІ РӘСУӘ БОЛАТЫН БОЛДЫ-АУ” Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақарық ауылының айт­қышының бірі Иманқұл үйіне жақын келсе, көршісі Науқанбай ақ тер, көк тер болып көшет отырғызып жатыр екен. Көре тұра әдейілеп: – Иә, Науқанбай, күн қызбай бақшалығыңа шығып кетіпсің, не істеп жатырсың? – деп сұрайды. – Иеке, несін айтасыз, – дейді Науқанбай, – неше түрлі жеміс ағаштарының көшеттерін көптеп қолға түсірдім. Соның 20-30 түбін мына Тұрмахан, сон­шасын Қайырбек көршілеріме бердім. Құдай қаласа, енді үш жылда біздің қорадан талай жемістің дәмін тататын боларсыз әлі. Лепіріңкіреп тұрған інісіне кенет салмақты түрмен қарай қалған Иманқұл сонда: – Е, мұның жөн болған екен, Тұрмаханның ғой үйінде бала-шаға біраз, жеп тауысады. Қайырбектің үйіндегі келін кентті жердің қызы (Уфаның башқұрты екен), қайнатып алса да, бірдеме қылар. Науқанбай шырағым, сенікі төгіліп, текке рәсуә болатын болды-ау, соны уайымдап тұрмын, – деп кәдімгідей қапа болған адамның кейпін көрсетіпті. Тойға тоғыз рет шақыру Ағайындарының бір тойына Келдібай Әмзеевті шақырушы етіп белгілейді. Ол ертемен жұмысқа кетіп бара жатып өздеріне жиен болып келетін орталық көшедегі Әбекең деген кісіні тойға шақы­рып, уақытын айтып кетеді. Түс­тен кейін егістік жақтан құба­төбелдеу қайтқан Келдекең ба­ғанағы айтқаны есінен шығып кетіп, сол Әбекеңді тойға тағы шақырады ғой. Осы жерде нағашысын іліп қалғысы келген жиен: – Ау, осымен үш шақырдың ғой, құрақтарда (Тама руының бір тармағы) бұрын болмаған бір той болайын деп жатыр ма? – дейді. Ұйқылы-ояу жүретініне қарай ауылдағылар Әбекеңді “мәңгі” деп қылжақтайды екен. Сонда қате­лесіп кеткенін аңғарған Келдібай: – Мәңгісі бар ауылда тойға тоғыз шақырса да артық етпейді, – деп сарт еткізіпті. Асқар КІРЕБАЙҰЛЫ, Қызылорда. ЕЛДІ АЛДАУҒА БОЛА МА ЕКЕН – Әй, Гүппән, Анау күні адырда Кетіп бара жатыр едім, “Жарлысайдың” тұсынан Өтіп бара жатыр едім, Кенет, Сай табанынан сау етіп Қою бу шықты. Артынша лау етіп, Бір ыстық су шықты. Ішіп едім – Денемдегі қотырларым Дуылдап түсті. Шекемдегі шотырларым Шуылдап түсті. Буылған буын, шайқалма қарным Былқылдап билеп кетті. Тұз сіңді болған  майтабандарым, “Алғалап” сүйреп кетті. Ауру деген азап екен... Ал мынау су соны емдейтін ғажап екен! Содан бері жиырма бестегі жігіттеймін! Өзіңді де сол суға түс деп үгіттеймін. *** Барса бақа түсер батпақ, Құрт-құмырсқа мекендеп жатқан екен. Ем іздеген жұртқа, Не айтса да нанады екен! Мейірбек АҚЫНБЕКҰЛЫ, Оңтүстік Қазақстан облысы. ШЫМШЫМАЛАР Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы. Тантықтар тарихты өзінен бастайды. *** Қараудың қарны қашан да аш. *** Тілінің ұстарасы бар, жынының ұстамасы бар. *** Тыртыңбай құны да жоқ қылқандай. *** Ысырапшыл – тесік шылапшын. *** Ақталу да мақтанудың бір түрі. *** Іштарлық – өзіне-өзі дұшпандық.