Бәлкім мұндай оқиға болып та жатқан шығар. Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының жанындағы онкологиялық диспансердің химия терапия бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Латифтің басынан өткен тағдырдың тәлкегін жан дүниең тебіренбей тыңдау тіпті де мүмкін емес. Атам қазақтың «бірінші байлық – денсаулық» деуі де осыдан шығар.
Меңдігүл Сауытханқызы С.Асфендияров атындағы Алматы қазақ ұлттық медициналық университетінің түлегі. Еңбек жолын Алматыда бастаған. Кейін Моңғолияның Баян-Өлгейінде үлкен клиникада табысты еңбек еткен. Арада біраз жыл өткен соң атажұртына оралып, солтүстік өңірден дәм бұйырған.
– Айыртау аудандық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеп жүрген кезімде аса ірі жол апаты болды. Бірден сегіз адам ауруханаға түсті. Жалғыз өзім операция жасадым. Бәлкім сол кезде вирус жұқтырып алдым ба деп ойлаймын, өмір мен өлім таразы басын алма-кезек тартып жатқанда қауіпсіздік шараларын түгел сақтау мүмкін емес қой. Ондайда бар ниетің адамдарды құтқарып қалу ғана болады. Өз басыңды ойлап, тартынып тұру сірә да мүмкін емес. Жұмыс барысында мұндай оқиғалар өте көп болды, – дейді М.Сауытханқызы.
Әуел баста елең қылмаған. Қауіпті вирус уақытша қалғып кеткенге ұқсайды. 2019 жылы жолдасы Олжабай бүйрек ауруына шалдығады. Қатты күйзелістің салдарынан вирус оянып кетсе керек. Енді тән азабы Меңдігүлдің өзін қинай бастайды. Қан сұйылған, аяқ-қолы іскен. Сонда да жұмысын жалғастыра береді. Дерт жанына батқан соң емделудің жолын іздейді. Астанаға барып қаралады. Бауыр ауруымен шұғылданатын профессордың ақыл-кеңесін тыңдайды. Болашақ бұлыңғыр, ертеңгі күн қараңғы. Денсаулық сақтау министрлігіне кірген. Шетелдерде емделуге ниет еткен. Бірақ қайран болмады. Дәтке қуат – жапон дәрісі тым қымбат. Бар жиған-тергенін жұмсаған, баспанасын сатқан. Үміт жібі қолынан сусып бара жатқандай. Жарық күннің жалғыз сәулесі қымбат қой. Кішкентай қызын, жалғыз ұлын, жан жарын ойлайды. Мұндайда көңілге не келмейді. Әлі де өмір сүргісі келеді. Қаншама науқасты емдеп, алғысын арқалап, ақ батасын алып еді. Бір қайыры болар деген. Іштей мүжілді, бірақ, сынған жоқ. Ана рухының мықтылығы. Қалай қайран қалмассың. Ботадай боздап, бордай тозып кететін-ақ жай. Жалғыз қалса болды қараңғы, қалың ойлар қаумалайды, жанын жегідей жейді. Өмір-өзеннің сарқырай ағып келіп, құмға сіңер жері осы болғаны ма?
Мәйіт донорлардың шарапаты тиер ме деп те ойлаған. Ой онға, сана сегізге бөлініп жүрген тұста ұлы Дінболат анасының жан күйзелісіне шыдай алмай, бүйрегімнің бір бөлігін мен беремін ана, демесі бар ма. Алты жыл азапты аурумен алысқан ана жүрегі шым ете түсті. Өзі де дәрігер болған соң бұл саладағы жаңалықтан хабардар. Елімізде мәйіт донорлардың кезегі де ұзақ екен. Шамамен төрт мыңдай адам кезекте тұр. Ол жеткенше қашан. Бірақ баласын ойлайды. Тепсе темір үзетін жігіт. Еркін күрестен спорт шебері. Республикалық, халықаралық жарыстарда жүлде алып жүр. Мүмкін емес, баласының бағын байлаған дұрыс болмайтын шығар. Болашағын ойлап өзі де жылайды. Ұлы мен қызы да, немересі де.
Бірде мойнынан қан кетті. Сұп-сұйық, жылымшы қан. Жан жүрегі елжіреп кеткен болар, мына көрініс жанына батқан ұлы нағыз ерлерге тән мінезбен:
– Болды енді, ешқандай донорды күтудің қажеті жоқ – дейді.
Перзенттік шынайы пейілмен, таңғы шықтай мөлдіреген аппақ махаббатымен тәуекелге бел буған болар. Жүзінде қорқыныш-қобалжу жоқ. Қиындыққа бекінген, шарболаттай ширыққан қалпы. Оған да оңай емес қой. Онсыз да жаны жүдеп, жүрегі жылап жүрген анасының босаңсығанын көргісі келмеген болар. Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығында Дінболаттың бауырының бір бөлігін алуға 6,5 сағат, анасына 9,5 сағат операция жасалды.
– Мен өзімнің әріптестерім дәрігерлерге толық сендім. Осылайша, 57 жасымды жансақтау бөлімінде қарсы алдым, – дейді М.Сауытханқызы.
Есін жиысымен баласын іздеген. Көңілі босап, көзінің жасын көл еткен. Жансақтау бөлімінде сегіз күн жатқанда жанын қоярға жер таба алмай, бауыр еті баласын аңсаумен болған.
– Екеуіміз кездескенше құтты бір ғасыр өткендей. Жансақтау бөлімінен түсірген кезде бөлмеме ұлым кіріп келді, – дейді кейіпкеріміз, – жүрегім жарылып кетердей қуандым.
Үнсіздік. Ауыр ойларды арқалаған, жан дүниесін астаң-кестең еткен азапты сәт. Бір-бірін жанарларымен аймалап, жан жүректерімен құшақтағандай. Анасына екінші өмір сыйлаған перзенті Дінболат қазір спорт мектебінде жаттықтырушы, өзі де отбасылы. Перзенттері құлдилап жүгіріп жүр. Ал Меңдігүл Сауытханқызы диспансерде науқастарға ем-дом жасайды.
Көкшетау