02 Сәуір, 2010

“ДИДАР” КИНОФЕСТИВАЛІ

822 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
алдағы Азиада мен еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне  арналмақ Биыл сәуір айының ортасында бесінші рет өткізілетін “Дидар” – Алматы студенттер кинофестивалі “Жаңа онжылдық – Қазақстан жастарының жаңа серпілісі” деген ұранмен өткелі отыр. Аталмыш кинофестиваль алдағы VІІ қысқы Азия ойындарын жастар арасында насихаттап әрі еліміздің ЕЫҚҰ-ға төрағалық етуі құрметіне құрылмақ. Алғаш рет аталмыш кинофестиваль Алматы жастары арасында өткізілген болатын. Араға жыл салып ол  республикалық деңгейге көтерілді. Халықаралық деңгейге көтерілуге әлеуеті бар кинодода бес жыл ішінде бірқатар талантты жастарымыздың тырнақалды туындыларының тұсауын  кесіп, үлкен экранға жолдама беруден жаңылмай келеді. Кинофестивальдің мақсаты да осы – өз замандастарын туған елді құрметтеуге шақыратын және ұлттық үрдіс пен мәдениетті терең насихаттай алатын дарынды жастарды табу. Киноөндірісі саласында Алматы жастар кинофестивалінің атқарып отырған тірлігі толайым болмаса да жас суреткерлердің қабілетін шыңдауға, жігерлендіруге ықпалы бар екенін өнертанушылар мойындайды. Оның үстіне “Дидар” фестивалінің Алматы қалалық әкімдігінен де бөлек, алты бірдей ұйымдастырушысы бар. Олар – Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқармасы, “Дидар” продюсерлік орталығы” қоғамдық қоры, Алматы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы. Ресми қолдаушылар қатарында Мәдениет минис­тр­лігі мен “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанаты бар. Жеті бірдей мақсатқа құрылған ки­нофестиваль аясында студенттер фи­льм­дерінің, шығармашылық ұжымдар қатысқан фильмдер мен музыкалық клиптердің байқауы өтеді. Сол сияқты “Қазақстандық жастар киносы: әлемдік кинорынокта алатын орны” тақырыбында дөңгелек үстел,  шеберлік дәрістері өтпек. Байқау барысынан бөлек, ақпараттық фильмдердің көр­се­ті­лім­дерін жасау көзделіп отыр. Байқауға 2008-2010 жылдар аралығында қазақ және орыс тілдерінде “Менің Қазақстаным!” ұраны аясында түсірілген көр­кемсуретті, деректі, анимациялық фильмдер мен музыкалық бейнеклиптер қабылданады. Биыл бас жүлдеден бөлек, 17 атаулы номинация бойынша үздік жұмыстар мара­патталмақ. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.