02 Сәуір, 2010

ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫНЫҢ КЛАССИГІ

1119 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
(Атақты композитор Еркеғали Рахмадиевпен сыр-сұхбат) Автор: Ераға, биылғы 2 сәуірде халқымыздың біртуар перзенті, сүйікті композиторы, қазақ операсының негізін қалаушылардың бірі Мұқан Төлебаевтың қайтыс болғанына елу жыл толғалы отыр. Сіз ол кісіні мектептегі бала кезіңізден көріп өстіңіз. Кейінірек те көп араластыңыз. Ол кісінің қазақ өнеріне, музыкасына сіңірген еңбегін, шығармаларын да сізден артық білетін адамды табу қиын. Сіз ол кісіні өмірде – аға, өнерде ұстаз тұтқаныңыздан хабарымыз бар. Сондықтан бүгін сізден Мұқаң туралы өзіңіздің білетіндеріңізді жинақтап, өз алдына жеке әңгіме етіп айтып беруіңізді сұрағалы отырмын. Еркеғали: Сенің мұның дұрыс болды. Екеуміз көптен бері әңгімелесіп келеміз ғой. Осыдан бұрын Мұқаң туралы саған реті келген бірді-екілі жерде ғана тиіп-қашып айтқан едім. Оларды да қамти отырып, толықтырып, кеңейтіп айтып көрейін. Кешегі Кеңес өкіметінің тұсында Мәскеуде білім, тәрбие алып, қазақ музыкасын бүкіл еуропалық мәдениеттің биік сатысына көтеруге атсалысқан азаматтың бірі – сол Мұқан Төлебаев. Екеуміз бір ауданнанбыз, бір ауылданбыз. Мұқан ағам 47 жасында дүниеден озды. Ол кісінің ерекшелігі – өзіне өзі сенімді, абыржымайтын, асықпайтын, баппен жүретін, арсыл-гүрсілі жоқ адам еді. Істеген ісіне нық, мықты болатын. Автор: Ол кісіні алғаш қалай көргеніңіз есіңізде ме? Еркеғали: Ол кісіні алғаш анықтап, жақыннан көруім былай болды. Ауылдың сыртында ақшағыл құм бар еді. Сабақ біткеннен кейін сол жаққа қа­ра­сам, шоқайып бір адам отыр. “Кім екен, не істеп отыр?” деп қызық көріп, қасына бардым. Жаңағы кі­сінің қолында Абай домбырасы бар, бірдемені тыңқылдатып-тыңқылдатып тартады да, еңкейіп қағазға бірнәрсе жазады. Сөйтсем, Мұқаң “Біржан-Сара” операсының алғашқы ноталарын біздің ауылда жазып, қағазға түсіріп жүр екен ғой. Басында солай домбыраның, артынан біздер арбамен жеткізіп берген пианиноның көмегімен жазды. 1944 жылы “операның бір актісін бітіріп кетіпті” деп мұғалімдер айтып жүрді. Сол кезде Нығмет Баймағамбетов Мұқан ағамен бірге келіп, қасында жүрген екен. Ақыры, 1946 жылы “Біржан-Сара” қойылды. Елдегілер шуылдап жүрді: “Алматыда “Біржан сал” операсы қойылыпты, жақсы болып шығыпты” деп. Мұқан ағамыз ол кезде елге келген жоқ. Осы жерде айта кеткеннің артық­ты­ғы жоқ, операның әуелгі аты “Біржан сал” бола­тын. Күләш Байсейітова апамыз Сараның бейнесін ең алғаш сомдады ғой. Сол кісінің ұсынысы, сұрауы бойынша 1947 жылы операның аты “Біржан-Сара” болып өзгертілді де, сахнада сол атымен біржолата тұрақтап қалды. “Біржан-Сара” операсының қалай болып шыққа­нын өздерің естіп, көріп жүрсіңдер. Мен “мына опе­ра ана операдан артық немесе кем” деп айтпаймын. Әрқайсысының халыққа жеткізер ойы, ләззатқа бөлер музыкасы болады. Опера 1946 жылы сахнаға шықты дедім ғой, қазір оның қойылғанына 60 жылдан асып кетті. Ондаған жылдар бойына опера театрының сахнасынан түспей келе жатқан төрт опера бар, олар: “Қыз Жібек”, “Абай”, “Біржан-Сара”, “Қамар сұлу”. Қалғандары бірде түсіп қалады, бірде қайтып оралады. Осы төрт опера қазақтың өнерінде берекелі, қайырлы болып халыққа жеткен, жұғымды болып жүрген туындылар. Автор: “Біржан-Сараны” алғаш сахнаға шығарған кімдер еді? Еркеғали: Оны ең алғаш сахнаға қойған режиссер Құрманбек Жандарбеков болатын. Қа­зақтың сол кездегі аса дарынды ұлдары мен қыз­дары Әнуарбек Үмбетбаев, Байғали Досымжанов, Күләш Байсейітова, Шабал Бейсекова жұп-жұп болып ойнап, басты кейіпкерлердің бейнесін жасап, операны алғаш рет жұрт алдына, жарыққа шығарды. Столяров деген азамат оркестрге дирижерлік етті. Ненашев деген керемет талантты суретші болған еді, сол сахнаны безендірді. Опера бірден-ақ халыққа да, мамандарға да ұнап, жұрттың көзайымына айналды. Шамасы сол 1948 жылдар болса керек, Мәскеуден бір топ комиссия келіп, операны тамашалап, оны Сталиндік сыйлықтың лауреаттығына лайықты деп бағалап кеткені. Содан қазақтың музыка өнерінің бағы жанып, “Біржан-Сара” операсы келесі 1949 жылы Сталиндік сыйлықтың лауреаты болды. Ол уақытта Сталиндік сыйлықтың өзі үш са­тылы болатын. Бірінші сатысына – алтын медаль, екін­ші сатысына – күміс медаль, үшінші сатысына қола медаль берілетін. Мұқан ағамыз күміс ме­даль­ға ие болды. Кейін, Сталин өлгеннен кейін он­ың атын КСРО мемлекеттік сыйлығы деп өзгертті ғой. Осы жөнінде мен ойлаймын, қоғамдық жүйедегі өзгерістерге байланысты бұрынғы орын алған тарихи атауларды өзгертіп айту қажет пе, жоқ па деп. Кезінде “Сталиндік сыйлық” дедік пе, солай қалсын. “Сталинград майданы” дедік пе, солай қалсын. Мұ­ның өзі қоғамымыздың тарихы да ғой. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Бұл жөніндегі өз пікірім осындай. Ал енді қазақ өнерінің шаңырағының биіктеуі, шыққан белесінің жұрт назарын аудара бастауы, өрлеу дәуірі сол тұстан басталды. Сол кезеңде Брусиловский “Жаса, Қазақстан!” деген кантатасына, Афанасьев скрипкаға арнап жазған концертіне Сталиндік сыйлықтың лауреаттары атанды. Мұқаңнан соң екі жылдан кейін, 1951 жылы Құдыс Қожамияровтың “Ризвангүл” деген симфониялық поэмасы да сондай атаққа ие болды. Автор: “Біржан-Сара” операсының либреттосын Қажым Жұмалиев жазды ғой. Еркеғали: Иә, талантты әдебиетші, ғалым, жазушы болатын. Қазақтың педагогикалық институтында ұзақ жылдар ұстаз болып, дәріс берді. Көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Автор: Ераға, Мұқаң “Біржан-Сараға” кіріскенге дейін де біраз шығармалар жазған ғой? Еркеғали: Мұқаң күрделі, үлкен жанрларға көшпес бұрын алғашқыда ән жазумен айналысады. Мысалы, оның соғыстың бастапқы кезеңінде жазған “Бесік жыры” деген әні бар. Осы әнде ананың балаға деген махаббаты, мейірі, жүрегінің жылуы анық аңғарылады. Бұл ән өзінің шынай­ы­лығымен баурайды. Соғыс бастала салысымен ол “Соқ, барабан!”, “Жорық”, “Семсер”, “Таня ту­ралы жыр” сияқты әндерін жазды. Бұл шығар­малар халықтың рухын көтеру, оларға жігер беру үшін жазылған ғой. Олардың кейбіреуі 1942 жылы шыққан “Көтеріл, ер халық!” атты жинаққа кірген. Оның сол жылдарда жазған “Кестелі ора­мал”, “Тос мені, тос” сияқты әндері майданда жүрген азамат­тардың ауылда қалған қаракөз қарындастарына жазған хаты тәрізді, берген уәдесі секілді, солардың махаббаттарының шырқы­рап шыққан дауысы сияқты болып естілетін. Бұл ән­дер­де күйректік, жылап-сықтау жоқ, бірақ майданда жүрген жауынгердің сүйген жарына деген құштарлық сезімі, әрі қайта ораламын ба, оралмаймын ба, бұл дүниеде қайта кездесеміз бе, жоқ па деген сағыныш сазы бар. Олардың сол кездерде жалпы жұртшы­лықтың ең сүйікті әндеріне айналып, махаббат гимні сияқты болып кеткенін біздер білеміз. Ал енді қазір “Тос мені, тосты” да, “Кестелі ора­мал­ды” да осы күнгі әншілердің көбі айта алмайды, айта білмейді, айтып та жүрген жоқ. Мұқаңның жаңағы аталған екі әні, соғыстан кейінгі жылдарда жазған “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын”, “Ақмарал, сұлу еркем-ай”, “Жастар вальсі” сияқты әндері қуаттылығы, әсер­лілігі жағынан ән деп аталатын үлкен кәсіби өнердің шоқтығы биік шығармалары екені сөзсіз. Өзінің осы туындылары арқылы ол ән мәдениетімізді жоғары сатыға көте­ріп тастаған еді деп айта аламыз. Мәскеуде оқып жүрген кезінде Мұқан ағам “ро­манс” деп атап, Сұлтанмахмұттың: Көп жүрдім, шыдайын деп іштен жанып, Кейде олай, кейде былай ойға қалып, – деп басталатын өлеңіне әдемі әуен жазған. Ол кісінің бір ерекшелігі бұрынғы бір жазғанын кейде басқа жерде де қолдана салатын. Соны кейін “Біржан-Сара­дағы” Жанботаның ариясы етіп қайта пайдаланды ғой. Ал ол әуел баста Сұлтанмахмұттың өлеңіне жа­зыл­ған романс еді. Италияның Доницетти деген ком­­позиторы болған, 17 ғасырдың аяғы 18 ға­сыр­дың басында. Алпыстан артық опера жазып кеткен. Автор: Алпыс опера деген масқара көп қой. Еркеғали: Тіпті 68 болуы керек шындығында. Сонда сол кісінің әуендері бір операдан екінші операға көшіп жүре береді екен. “Мынау ана операда болып еді ғой” десе, “онда тұрған не бар, музыка менікі ғой, қайда қойсам өз еркім”, – дейтін көрінеді. Мұқан ағам да солай болатын. Жалпы, өте талантты адам ғой. Содан кейін апыр-топыр даң­ғыр­латып, рояльде ойнап, көпіртіп жаза бермеген. Алдымен бірнәрсені жазып қойып, ертеңіне, не бір-екі күннен кейін қайтадан қарап, иін қандырып, былайша айтқанда кәдімгі зергер сияқты жұмыс істейтін. Ол жағынан Мұқан ағамыз Ғабитке ұқсайтын. Ғабең де солай ғой. Ол кісі де көпіртіп жазбайтын, ал жазған дүниесіне өте тиянақты еді. Сөздердің орнын ауыстыруға, иә болмаса бір сөзді алып тастауға болмайды ол кісіде. Шеберлігі керемет. Көп жазбайды, бірақ көп ойланып барып жазатын. Екеуінде бір ұқсастық бар еді. Талғампаздықтары да келетін. Өздеріне биік талап қоя білетін. Апыр-топыр жазып, сиясы кеппей жатып, бір жаққа апарып өткізіп, содан шыға салып алған гонорарына арағын ішіп жүретіндер де бар ғой. Мұқан ағамыз сабырлы кісі еді, күлгенде де біз сияқты қарқылдап күлмейтін еді. Ол кісінің қарқылдап, не саңқылдап күлгенін бір рет те естіген емеспін. Оң жақ езуін ақырын ғана тартып, жымиып қана қоятын. Сырын шашпайтын адам еді. Ғабең де ашуланса да, рақаттанып қуанса да артық бір сөз айтпайтын еді ғой. “Пәлен екенсің, түген екенсің” деп біреуді балағаттап, даттап жатқанын естіген емеспін. Ашуланса, әрине, қатты ашуланатын. Автор: Ераға, сіз консерваторияны бітірген соң Мәскеуде аспирантурада оқыдыңыз. Сол жылдарда үйлендіңіз. Алматыға қайтып келген соң 1958 жылы консерваторияның фольклор кабинетінің меңгерушісі болып қызмет істей бастадыңыз. Сол жылдарда Мұқаңмен кездескен, араласқан кездеріңіз болған шығар? Еркеғали: Болды ғой. Сол 1958 жылдың қысына қарай Мұқаң: “Маған келіп жолығып кетсін”, деп сәлем айтыпты. Шақырған соң бардым. Абылайхан мен Құрманғазының жоғарғы жағында мемориалды тақтасы тұр ғой, сол үйде тұратын. Келіп едім, сәлемімді алды да: – Әй, сен елге барып қайтпайсың ба? – деп сұрады. – Мұқан аға, қыстың көзі қырауда не бар? – дедім. – Оның мәнісі бар. Мені депутат етіп сайлайын деп жатыр. Сен маған еріп жүресің. Басқа да алып баратын жігіттер болса айтарсың, – деді. – Депутат болатын сізсіз, мен не бітіремін? – дедім. – Сен депутаттың атқосшысы боласың, – деді Мұқан ағам миығынан жымиып. – Ал, болайық. Сонда менің не істеуім керек? – деп сұрадым. – Депутаттың атқосшысы былай болады, – деп ол кісі сөзін жалғады. – Мен ұйықтасам, сен ұйықтамай отырасың. Мен тамақ ішкенде, сен тамаққа қарамайсың. Сөз сөйлеуге келгенде мен сөйлемеймін, сен сөйлейсің. Трибунаға шығу керек болса, трибунаға шығасың. Халықтың алдында сөйлеу керек болса, халықтың алдында сөйлейсің. Отырған жерде айту керек болса, отырған жерде айтасың. Ертеден қара кешке дейін мені мадақтап, мақтай бересің, мақтай бересің. Міне, сенің негізгі жұмысың осы, – деді. Қалжыңбас кісі болатын, маған қалжыңдап отыр ғой. Содан пойызға мініп, жүріп кеттік. Бөрілітөбеге келдік, Лепсіге. Ол уақытта аудан кезі. Ауданның бірінші хатшысы Нүсіпбеков деген кісі бізді күтіп тұр екен. Боран деген ұлып тұр. Лепсінің бораны қиын болады. Қиыршық қар мен топырақ екеуі қосылып ұшқанда кәдімгі наждак қағаз секілді бет-аузыңды осып жібереді. Автор: Соны қазақша зімпара қағаз деп жүрміз. Еркеғали: Иә, сол зімпара қағаз секілді. Содан келдік. Расында да, барлығы Мұқаңның айт­қанындай болды. Ауданның орталығында құ­лайын деп тұрған, нашар бір мәдениет үйі бар екен. Сонда жиналыс өтті. Мен Мұқаңның сенім артқан адамы ретінде Төлебаев деген кім, қай жерде туды, не бітірді, не жазды дегенді салдырлатып ұрып жатыр­мын. Ол кісі бірінші рет Жамбыл облысынан депутат болған еді. Енді екінші рет өз елінен депутат болғалы тұр... Сөйтіп ағамды қолпаштап барып қайтқанмын сол жолы. Сол кезде жантайып жата беретін көбіне. Тілеуке деген аталас ағасы бар еді, соның үйінде болдық, басқа үйлерде болдық. Қыстың күні Балқаштың бауырында, өзендердің жағасында отырған ел соғымға көбіне сиыр сояды, сиырдың еті көже-қатыққа жақсы болады деп. Сол жолы анық байқағаным, ол кісі кейбіреулерге ұқсап артық сөйлеп, артық уәде бергенді ұнатпайды екен. Өзінің ауылы “Үлгі” колхозында сөйлеген сөзі есімде. – Алдын ала айтып қояйын, сендерге депутат болған соң осы “Үлгінің” құмын көшіріп жіберемін, үй салып беремін, осы араны гүлстанға айналды­ра­мын деп айта алмаймын. Егер сайлаған депутатымыз “Үлгінің” белес құмдарын көшіріп тастауға тиіс десеңдер, онда сайламай-ақ қойыңдар, – деп күліп, өзгелерді де күлдірген еді, жарықтық. Содан тағы біраз уақыт өткенде, келесі 1959 жылы Мұқан ағам мені қайта шақырды. Қанша дегенмен ауданымыз бір, ауылымыз бір, іш тартатын болса керек. Оның үстіне менің ана жерде, мына жерде ептеп атағым шыға бастаған. 1955 жылы Москвада өткен студент композиторлардың конкурсына қатысып, “На зов Абая” деп атап, фортепьяноға жазған поэмама бірінші орын алғанмын. Одан кейін “Амангелді” деген поэмамды жаздым. Солар да есінде болса керек. Шақырған соң бардым. “Сен не істеп жүрсің?” деп сұрады. Ол уақытта консерва­то­рияда оркестрлеуден сабақ беретінмін. Содан айтты: – Сен ертең министрлікке бар, Бектембай Қосы­мов деген министрдің орынбасарына жолық. Сен мына Жамбыл атындағы филармонияға көркемдік жетекші боласың, – деді. Шошып кеттім. – Мұқан аға, менің шамам келмейді оған, – деп ой­бай салдым. Ол уақытта бәлен ансамбль, түген ансамбль дегендер жоқ. Құрманғазы атындағы оркестр де, симфониялық оркестр де, хор капелласы да, Лидия Григорьевна Чернышева деген әйел құрған ән және би ансамблі де, барлығы бір филармонияда болатын. Жүзден артық солистері бар. Белгілі әншілер Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов, А. Әбі­шев (толық аты қазір есіме түспей тұр), Әли Нұғы­манов, Жамал Омарова, Рәбиға Есімжанова, Роза Бағ­ла­нова, бишілер Шара Жандарбекова апам, кешегі Нұр­сұлу Тапалова апам, тағы басқалар, қобызшылар, бәрі сонда бір-ақ жерде. 300-ден аса адам жұмыс істейді. Мұқан ағам оң жақ миығымен ғана ақы­рын­дап “иһ” деп күлетін еді, жарықтық. Сол әдетімен “иһ” деді. – Онда жүргендердің тоқсан пайызының сенің біліміңнің жарты­сындай білімдері жоқ. Басқарып кете­сің, барасың, – деді. – Олардың іш­ін­дегі­лердің қай­сысы консерва­то­рия­ны бітіріпті, қайсысы аспи­ран­ту­раны бітіріпті? – деді. Одан әрі қарсыласып үн­де­медім. Кетіп қалдым. Ертең пәлен уақытта бар деді. Бардым. Осы мына Гоголь мен қазіргі 8 наурыз көшесінің бұры­шында екі қабатты кірпіш үй болды ғой, бер жағындағы ағаш үй кейін қосылды. Ол кезде сол ағаш үй ауыл шаруашылығы инс­титутының жатақханасы болатын-ды. Келдім. Министрдің орынбасарының шағындау ғана қабылдау бөлмесі бар екен. Кірдім. Отырдым. Біреу кіріп жатыр, біреу шығып жатыр. Қабылдау бөлмесінде отырған әйелге: “Мен Бек­тембай ағаға келіп едім, Рахма­диев келді деп айты­ңыз­шы”, дедім. Рахма­диевті кім біледі ол уақытта. Со­дан бір уақытта “кірсін” депті. Кірдім. “Са­лау­мә­лей­күм” деп сәлем бердім. Өзі ша­ғындау ғана, арықтау келген, ықшамды, қол­тоқпақтай қараторы азамат екен. Мінезі шақарлау болса керек. Сәлеміме жауап берместен: – Немене, сен бесіктен белің шықпай жатып ел басқарып, художественный руководитель бол­ғың келетін көрінеді ғой, – деп дүрсе қоя берді. Өзім де жүрексіне-жүрексіне келген едім. Шошып қалдым. – Мұқан аға жіберіп еді, онда мен кеттім. Беке, менің ондай ойым жоқ еді. Мұқан сізге бар деген соң келіп едім, – деп, айналып кетіп бара жатыр едім, “әй, тоқта” деді. “Мінезің шапшаң екен ғой”, – деді. Үндеген жоқпын. “Отыр” деді. Отырдым. – Мұқан екеуіміз келіскенбіз, ертең өзім алып барамын, ұжыммен таныстырамын. Бірақ шап­шаңдықты қой, ол арада кімдер бар екенін білесің бе? Олармен шапшаңдық көрсетуге болмайды, – деді. Байқасаңыз, бір ауыз сөзбенен маған үлкен үлгі көрсетіп отыр ғой, кім болуым керек, қалай сөйлеуім керектігін. Сөйтіп, филармонияға көркемдік жетекші болып кеткенмін. Автор: Өткенде, бір әңгімеңізде Мұқан ағамыз өзінің кейбір қатар-құрбыларымен әзілдесіп жүре­тінін айтқан едіңіз. Әсіресе Шәкен Айманов екеуі көбірек әзілдесетін дегенсіз. Бойы биіктеу, денесі де, аяқкиімі де үлкенірек Шәкен кездесіп қалған жерде көбінесе Мұқаңды иықпен қағып: “Бойды қара, түрді қара, аяқтағы киімді қара”, деп тиісіп ойнайтынын айтқансыз. Ол екеуі жөнінде Қанабек Байсейітов марқұм күлдіргі әңгіме айтатын еді дегенсіз. Сол әңгімені осы жерде айтып беріңізші. Еркеғали: Жалпы, Мұқан ағам жайшылықта, әдет­те қарқылдап күліп, жарқылдап жүрмеуші еді дедім ғой. Өзі де, сөзі де сабырлы болатын. Оң жақ езуімен жайлап қана “иһ” деп күлетінін айтқанмын. Бар күлкісі сол. Қазақша айтқанда, шарасынан аспайды, таспайды. Біреулерге жаратпай қарап, көкірегін кермейтін еді. Бойы биік емес, орташалау болатын. Шәкен екеуі құрдастау еді. Шәкен 1914 жылғы да, Мұқан ағам 1913 жылғы ғой. Екеуі кездескен жерде көбіне алдымен Шәкен тиісіп, ойнайтын. Қанабек Байсейітов марқұм Мұқан мен Шәкен туралы күлдіргі әңгіме айтатын. Жамбыл туралы кино қойғанда бәріміз Ленинградта бірге болып, “Астория” деген қонақ үйде жаттық дейтін. Сонда Қанекеңе үлкен бір люкс бөлме тисе керек, өзінің айтуынша кеңдігі – атшаптырым. Сол бөлмеде Қанекеңе келген жігіттер, ішінде Мұқан мен Шәкен де бар, шәй-пай ішіп, тамақ ішіп, басқасын ішіп, дуылдасып отырады ғой. Біраздан кейін жігіттердің қайсыбірі қыза бастайды. Бір уақытта әдетінше Шәкен Мұқанға соқтығыңқырап, қатты­рақ қалжыңдап, кейде тіпті жанына бататындай да сөз айтып отырды дейді. Бірақ Мұқан оларды шыбын шаққан құрлы көрмей, жайбарақат, сабырлы қалпынан өзгермепті. Содан басыма осыларды бір күрестіріп көрейінші деген ой келді. “Әй, Шәкен, мына Мұқанмен күресесің бе?” – деп сұрадым дейді. Мұқан ағам ақырындап, оң жақ езуімен жымиыпты да қойыпты. Ал Шәкен “күресемін” деп жұлқынып шықты дейді. Шәкен енді бойы биіктеу, ақсарылау келген, үлкен, сүйек­ті адам ғой. Мұқан оған қарағанда шағындау де­не­лі. Сол түріне қарамастан, ол да тартына қой­мап­ты. Содан екеуі ортаға шығып, күресіп кетіпті. Бір уақытта Мұқан ағамыз ананың бауырына кіріп ке­тіп, шалып жіберіп, кілемнің үстіне сарт еткізіп жығады да, үстіне шығып, кеудесін баса қалады. Сонда анау: “Тұр, тұр, қапыда кеттім, сен дұрыс жа­саған жоқсың, қайта күресеміз”, дейді намыс­та­нып. “Сосын мен де қалжыңдап, күлдіріп, жа­рай­ды, қайта күресіңдер деп едім, екеуі қайта күресті” дейтін көрінеді Қанабек ағамыз. Мұқан екі қолымен қарсыласының шабынан тіреп тұрып алады, өзіне жақындатпайды. Анаған шалғыз­байды, бауырына қарай тартқызбайды. Шәкен оны жығам деп ары бұлқынды, бері бұлқынды, сөйтіп жүргенде өзі келіп қақпанға түсіп қалды. Қолайлы бір сәтте Мұқан қайтадан ішке кіріп кетіп, шалып жіберіп, ыңқ еткізіп жерге ұрды дейді. “Мұқанның палуандығын сонда көрдім”, – дейтін еді Қанекең. Содан соң: “Әй, Мұқан, менімен күресесің бе?” – деп сұрадым дейді. Мұқан күлді дейді: “Қанеке, мен ағамның жағасынан алып көрген жоқпын, алмайтын да шығармын. Әйтпесе көрдіңіз ғой, мынаны не қылғанымды”, – деп. Ал, Қане­кеңнің өзі енді ірі денелі, зіл ғой. “Зіл” деген сөзді білесің бе? “Піл” деген болады, “зіл” деген болады. Ол ана бегемот. Сондай эпизодтар еске түседі. Автор: Қазақтар, әдетте, “зіл батпан” дейді, “зілдей ауыр” дейді. Еркеғали: Міне, сол сөзден шыққан, сусиырды айтқан. Автор: Қазір қай сөздік екені есімде жоқ, со­­лардың бірінде “зіл” деп өте-өте ертеде өмір сүр­ген, қазір жоғалып кеткен “мамонт” дегенді айтады деп жазылғаны есте қалыпты. Сонда мен ойлаған едім, мамонттар өмір сүрген кезде қазақтар, қазақ тілі болды ма екен деп. Ал “бегемоттың” қазақ­шасы сөздіктердің бәрінде “бегемот” болып жүр. Сіз қазір осы сөзге екі бірдей әдемі балама айт­ты­ңыз. “Сусиыр” дегеніңіз қандай жақсы, “зіл” деп атаса да жаман емес, бұдан былайғы уақытта сөз­діктерімізге “бегемотты” “сусиыр”, немесе “зіл” деп аударып енгізсе дұрыс болар еді деп ойлаймын. Еркеғали: Оны енді өздерің білесіңдер. Мен “бегемотты” бұрыннан “зіл” деп жүрген адаммын. Сен жазушы, әдебиетші, аудармашысың, біраз жыл Терминкомға да мүше болдың. Солай етіп сөздіктерге енгізсеңдер, тілімізге тастай батып, судай сіңіп кетеріне күмәнім жоқ. Автор: Өткен ғасырдағы қазақ зиялыларының бір ермегі карта ойнау болғаны белгілі. Бұл жөнінен алғанда Мұқан ағамыз қандай еді? Еркеғали: Ол кісі карта ойнауға соншалықты құмар болған деп айта алмаймын. Рас, өзгелер сияқты ойнайтын. Кейде ұтатын. Кейде ұтылатын. Осыған байланысты өзімнің өмір бойғы бір өкінішімді де айтайын енді. Кейде ойыма түсіп кетсе осы күнге дейін қапаланамын. 1960 жылы Сәкен Мамажанович Кенжебаев деген азамат консерваторияда қоғамдық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқаратын, әрі партия ұйымының хатшысы болатын. Өзі Мұқаңды жақсы көретін, жақын жүретін. Сол уақытта өзен жағасында композиторлар үшін салынған саяжайлар болды. Ұзынша, қоржынбас етіп салынған бір қабатты үйлер, соның бір жағында бір, екінші жағында екінші композитордың отбасылары тұратын. Сол арада Жұбановтың да, Мұқанның да саяжайлары болды. Содан Мұқаң Сәкен Мама­жа­но­вичке: “Сен ана сары ұлды алып кел, карта ойнайық”, депті. Келдік, өзі сол кезде ауырыңқырап жүрген кезі екен. Дариға жеңгеміз анау-мынау бірдемелерін дайындапты. Оның ойы – жора-жолдастары Мұқаңның көңілін көтеріп, әңгіме айтып, карта ойнап отырсын деген ғой. Карта ойнадық, осы уақытқа шейін өкінетінім, бізден кеткен бір әбестік, Мұқанды ұтып алдық қой екеу­міз. “Әй, Дариға, ақша әкел, мыналардың ақшасын берейік”, деді. Әлі күнге дейін жүрегіме тікендей болып қадалған сөз, ақшаны беріп болғаннан кейін, біз шығып бара жатқанда: “Ә, құдай-ай, көрсет­пегенің осы ма еді. Басқасының бәрін айтпағанда, картадан да ұтылатын болдым ғой, сор болғанда”, – деді. Соны керемет ренішпен айтты. Сонда ғой, тоқтасақшы. Кері оралсақшы. Ақшасын қайтарып берсекші. Әттеген-ай... Ақшасы да құрысын, біздікі бір әбестік болған екен-ау. Ұтыла салсақ қайтер еді. Содан алған бір 5-10 сом неге жарайтын еді деп осы уақытқа дейін өкінемін. Сол жылы 1-2 айдан кейін қайтыс болды, сәуірдің екісінде. Содан бері, мінеки, елу жыл өтіп кеткен екен. Сол бір өкінішті жағдай әлі күнге есімнен кетпейді. Автор: Жалпы, Мұқан Төлебаевтың шығарма­шы­лығы дегенде ойыңызға не түседі? Еркеғали: Ол кісі таңдамай, талғамай, көп жазбайтын еді. Бір нәрсені жазу үшін көп ойланып, көп толғанатын болса керек. Кейде бірдемеге жұмсағысы келсе, мені шақырып алып тұратын. Қай уақытта келсем де диванында жантайып жатады, не үйдің ішінде екі қолын артына салып, ойланып жүреді. Сөйтсем, біз көбіне рояльда отырып алып тоқпақтай береміз ғой, ол кісі олай емес екен. Әрбір интонацияны, әрбір музыкалық фразаны іштей қайталап, есептеп өлшеп, безбенге салып барып қана қағазға түсіреді екен ғой. “Қозы Көрпеш” операсын бітіріп кетуі керек еді, соны бітіре алмай, көз жұмды. Бірақ онысын жалқаулық деп айтуға болмайды. Ол кісі еш уақытта жалқау болған жоқ. Тек талғамы, өзіне қоятын талабы өте жоғары болатын. Сондықтан Мұқан аға оңды-солды лепіртіп, жаза беруге бармайтын. Кейінгі жылдары ғана белең алды ғой, ақындардың том-том өлең шығаратыны, композиторлардың том-том қылып ән жазатыны. “Әсет Бейсеуов қандай талантты жігіт, 500 ән жазып қалдырыпты” дегенде мен таң қалдым. Апырай, Біржан, Ақан, Сегіз Сері, Үкілі Ыбырай, Әсет, Жаяу Мұса бәрі бірігіп 500 ән жазған жоқ еді. Мынау бір бұрын болмаған нәрсе екен дедім. Мен Әсетті 500 ән жазбады деп айтайын отырған жоқпын. Бұл неткен жазғыш деп қызғанып та отырған жоқпын. Бірақ сонша әнді елеп-екшемей кітап қылып шы­ға­руы – өзінің өнеріне аса биік талғаммен, жауап­кершілікпен қарамаған­дығынан-ау деген ой келді. Автор: Ол кітап Әсет қайтыс бол­ғаннан кейін құрастырылған. Артында қалған мұрасы тасқа басылып тұрсын деген ойдан шыққан ғой. Керегі алынады, керек емесі қалады. Еркеғали: Қазір “Қазақ халқының дәстүрлі өнері” деген кітапты оқып жатырмын. Жаяу Мұсаны оқы­дым, Үкілі Ыбырайды оқыдым, Біржанды, Ақанды оқыдым. Әрқайсысының ар­тын­да қалған 20 шақты әндері айты­лады. Әрі кетсе отыз ән. Сол жиырма-отыздың он шақтысы ғана мықты әндер. Менің бай­қауымша, кейінгі жылдарда компози­торлар да, ақындар да үсті-үстіне төпелеп жаза берсек деген қа­ғи­даға бой ұрып кеткен сияқты. Сол үрдіс әлі де бар. Мұқаң қолға алып жаза бастаған “Қозы Көрпеш­тің” бірінші көрінісі біткен дүние сияқты, екінші көрінісінің де біраз жерін аяқтапты. Қалғандары эскиз күйінде. Мұқан ағамның және бір ерекшелігі, өне бойы жанынан тастамайтын бір блокноты болатын. Сол блокнотқа Қозының, Баянның, Қарабайдың, Қодардың ариясы деп, либреттосын да соған ыңғайлап, өзі жөндеп, түзетіп жазып қояды екен. Бұл енді Мұқаңның миында қай уақытта болса да, қай жерде жүрсе де творчестволық процестердің тоқтамай жүріп жататынын көрсететін нәрсе ғой. Ал енді либреттомен солай жұмыс істеу композитор­лардың бәріне тән қасиет. Ондай қасиет бізде де бар. Өйткені “Абылай хан” болсын, “Алпамыс” болсын, басқасы болсын, көңіліңде туған әуен әр уақытта жазылған либреттомен бірдей болып шыға бермейді. Сондай кезде либреттоны ықшамдайсың, шағындай­сың. Кейбір сөз орнын таба алмай қалады, кейбір жолдардың буын санын өзгертесің. Кейбір жерде буын саны керісінше қысқарақ болып, дауыстың кең, еркін шығуына, кеуде кере айтуға болмай қалады. Мысалы, жеті буынды өлең мәтіні шырқап айтуға мүмкіндік бермейді. Ондайда, шүкір, қазақтың он бір буынды қара өлеңі бар. Сондайда амалың жоқ, ақындар жазып берген либретто мәтінін өзгертіп, үстінен қайта жазып шығуға тура келеді. Мұқан аға да либреттоның сөздерін өзінің көңілінде туған әуенге сәйкестендіріп, өзгертіп, қайта жазып отырушы еді. Автор: Ондай жағдайда композитор ақынның егініне түсіп кете береді десеңізші. Сонда ол кісінің азырақ өлең жазатын да қабілеті болғаны ғой? Еркеғали: Қазақтың қай-қайсысын алсаң да, көпшілігінде аздаған ақындық қасиет бірге туады. Ол әсіресе өнер адамдарында жиірек кездеседі. Мейлі суретші болсын, әнші болсын, композитор болсын, жанып тұрған үлкен ақындық болмаса да, айтайын деген ойын жеткізетіндей ақындық қабілет біразынан табылады. Опера туралы сөз етсек, ақын да, композитор да талантты болуы мүмкін. Бірақ олар екі бөлек адамдар ғой. Демек олардың түсінігі, түйсінуі, сезім дүниесі де екі түрлі. Либреттошы сөзбенен негізгі жүлгесін, қалыбын салады, ал енді соған әуенмен жан бітіруге, өң-шырай беруге келгенде, алдын ала дайындалған либреттоның өзгермейтін күні болмайды. Операның жеке жанр болып, өмір сүріп келе жатқанына 400 жылдан асты. Сол кезден бері Италия компози­тор­лары да, орыс композиторлары да, ешкім, еш уақытта либрет­тистің жазып бергенін, дайындап бергенін сол қалпынша көшіріп әкеліп, музыкаға түсіре салма­ған. Олай етсе композитор творчество­лық табысқа да жете алмас еді. Өйткені, адамның жаны, сезім қозғалысы, эмоциясы алдын ала дайындалған қалыпқа салуға көне бермейді ғой. Осы таяуда бір жігіт менен “Сіз сол Мұқан аға аяқтамаған “Қозы Көрпешті” жазып бітіруіңізге болмады ма?” деп сұрады. Ертеректе 1965 жылдары, 1967 жылдары да солай дегендер болған еді. Әсіресе “Қамар сұлу” операм қойылғаннан кейін елдің көбі Мұқаң сияқты жарқыраған композитордың аяқталмаған дүниесін бітіру осының қолынан келеді деп ойлаған болуы керек. Мүмкін, сол уақытта жазсам, жазып та тастайтын ба едім. Ол кезде менің бір операның үстіне бір опера, бір кантатаның үстіне бір кантата, бір ораторияның үстіне бір оратория жазып, тоқтаусыз жұмыс істеп жүрген кезім. Әлде содан да болды ма екен. Әлде, біздің қазақ бөгде сөздерге жақын жүретіні бар ғой, “Қозы Көрпеш” ойдағыдай жақсы шықса, “Мұқан өзі өлседағы, артына тағы бір жақсы дүние тастап кетті ғой” дейді, ал ойдағыдай болып шықпаса “Мынау бәрін бүлдірді, Мұқан өзі болғанда сүйтетін еді, бүйтетін еді” дейді. Сондай бір қауесет сөздерден де сескендім бе екен. Әйтпесе, сол кезде қолға ал­сам, жазып тас­тауға, бітіруге көп болса бір жылдық ғұмырым кетер ме еді. Мүмкін, жазып тастауым да керек пе еді. Дәл сол кездерде үкімет те қаузап, “жаз” деп, ештеме де­меді. Ақыр аяғы “Қозы Көрпеш” жазылмай, аяқ­талмаған қалпында қала берді. Енді қазір қартайдық, ұлғайдық. “Қозы Көрпешті” жазу қайда бізге. “Қозы Көрпешті” жазу үшін Қозыдай жастық, қызуқан­дылық, батырлық болуы керек, Баяндай жүрек болуы керек. Оның бәрі енді біз үшін артта қал­ған дүние ғой. Махаббат дейтін нәрсенің де мер­зімі бар, уақыты бар. Бірін бірі үздіге, шын сүйген жастар бірі үшін бірі жанын қиюға дейін барады. Менің түсінігімде адам баласының махаббаты, ғашық бо­луы, өліп-өшіп құмар болуы ол жасына да байланыс­ты. Сексенге, тоқсанға келген шалдар “ме­нің махаббатым бар” десе, мен оған сенбеймін. Өйт­кені, махаббат деген сөздің өзі жастыққа жарасатын, жалындаған жас кезде бастан өтетін дүние ғой. Ал енді өмір болғаннан кейін, әртүрлі жағдайлардың болуы мүмкін. Менің ойымша махаббат жас талға­майтын болса, сексенге келген шалдардың бәрі ғашық болып, неге үйлене бермейді. Ха-ха-ха! (Еркеғали ағамыз осы тұста рақаттанып біраз күліп алды). Мұқан ағам жоғарыда аталғандардан басқа да талантты шығармалар жазған. Біз бәрін айтқан жоқпыз. Мысалы, “Скрипка мен оркестрге жазған поэмасын”, “Қазақстан” симфониялық поэмасы мен “Коммунизм оттары” кантатасын (бұл шығар­­ма Жамбыл атындағы республикалық сыйлыққа ие болған), өзге де ән-хор шығармаларын, спек­такль­дер мен кинофильмдерге де музыка жазғанын, басқа да шығармаларын былай қойғанда, қазақ музыкасының классигі атанып, тарихта қалуы үшін “Біржан-Сарасының” өзі жетіп жатыр ғой... Болат БОДАУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.