02 Сәуір, 2010

ШЫМКЕНТТЕ 1100 ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

651 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Оңтүстікке келген сапарында Елбасы Шымкент сөзінің төркіні шымнан соғылған қала дегенді білдіретінін меңзей келіп, “Шымкент – шырайлы шаһар” деп атаған жөн болар еді дегенді айтты әзілдеп. Расында да, Шымкент осыдан бес-алты жыл бұрынғы қала орталығының ала шаңы аспанға атқан, иіс-қоңысын жел желпіп әкете алмайтын қаптаған базарынан ажырағалы жасаңғырап қалған.    Шыбықты теріс қадаса да өсіп кететін шым қала жыл өткен сайын атты кісі түсіп қарайтын сәулетті қалаға айналып келеді.   Алматы, Астанадан кейін үлкен үшінші қалаға айналғалы отырған Шымкенттің жаңа  бас жоспары дайындалып, әр сала бойынша жақсы жұмыстар жүріп жатыр. Қала әкімі Арман ЖЕТПІСБАЕВТАН нақты жасалып жатқан жұмыстарға орай сауалдарымызға жауап алған едік. – Шымкент Қазақстанның шырайлы шаһарларының бірі болатындығына сөз жоқ.  Кезін­де үлкен қайраткерлердің өмірдің маңыздылығына орай, мағыналы өмір сүр дейтін қанатты сөзін Шымкентте қалай бұрып алғанын естіген шығарсыз. “Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, сондықтан оны жанға жайлы Шымкентте өткізу керек” деген. Қазақстанның жерінің бәрі жақсы. Әйтсе де қысының қауқары бір-екі айға ғана жететін, табиғаты жұмсақ, соған орай адамдарының да жүрегі жылы, досқа құшағы ашық өңір туралы жақсы сөз айтпасқа бол­майды. Адам ағзасына қажет дәру-мендер жыл он екі ай үзілмейтін оңтүстік дегеніңіз осы. Ал қала құрылысы және сәу­лет жөнінде айтар болсақ, қала­ның жаңа бас жоспарының жоба­сы дайындалып, онда  халық саны 1,5 млн. адамға болжанып отыр. Қаланың шекарасын 65 мың гектарға кеңейту қарастырылған. Қазіргі таңда бас жоспардың жо­басы Үкіметтің бекітуіне ұсы­нылды. Сонымен қатар, қала құрылы­сы кадастрын құру мен жүргізу мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан да қала бюджетінен бұл жұмыстың 2-ші кезеңін жүзеге асыру үшін қаржы қарастырылып, қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесін­де қала аумағындағы барлық құрылыс жұмыстары электронды базада сақталатын болады. Соны­мен қатар, ғимараттардың және құрылыстардың, сәулет нысанда­ры­ның жай-күйі және қала құ­рылысын жоспарлау, көшелердің қызыл сызықтары, инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымдар, тұрғын үйлер, көше атаулары мен олардың саны туралы мәліметтер енгізіледі. Бұл жұмыстарды 2010 жылдың қараша айында толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қаланың эстетикалық келбетін жақсарту және қаланың мәде­ниетін көтеру, яғни тұрғындарға ыңғайлы ортаны құру мақсатында облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес, қаланың орталық 8 көше­сінде орналасқан ғимараттардың сыртқы келбеті ретке келтірілді. Өткен жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ұйытқы болуымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ордабасы алаңында ел Тәуелсіздігін дәріп­тей­тін монумент, темір жол вокза­лы алаңында Жібек жолы ныша-ны салынып,  Т.Рысқұловқа ес­керт­кіш орнатылды. Ордабасы алаңы қайта құрылып, “Қошқар ата” өзенінің бойынан фонтан са­лынды, Ордабасы алаңындағы “Ескі қалашық” қайта құрылып, Қабанбай батыр даңғылы бойы­нан “Тамашалау алаңшасы” және ту бағанасы орнатылды. Сонымен қатар, Абай саябағында Даңқ аллеясын құру, Абай саябағының кіреберісіне коллонада орнату, “Самолет” нысанының орнын ауыстыру, Абай саябағындағы балалар кафесі ғимаратын “Абай мұражайы” етіп қайта құру жұ­мыстары жүргізілді. Осындай жұмыстар биыл тағы жалғасады. – Үлкен шаһарлардың күре­та­мы­ры үлкен өндіріс орындары екендігі белгілі. Көрші Өзбекстанда тұрып келген қандастарымыз тарихи Отанына оралу мүмкіндігі туғанда квота күтпей-ақ жаннәсіп деп Шым­кентке көшіп келіп жатыр. Мұның соңы талай әлеу­мет­тік мәселелердің қордалануымен қоса, жұмыссыз­дықты да көбей­тетіндігі сөзсіз. Жаңадан ашылып жатқан өндіріс орындары қанша жұмыс орнын ашуы мүмкін деп болжап отырсыздар? – Өзбекстан мен Оңтүстік Қа­зақстан облысы малы-жаны арала­сып жатқан көрші.  Көрші елдің бас қаласы – Таш­кенттің төңі­регінде таза қазақ ауылдары бар. Шымкентте ағайын­дары отырғанда әрі өткісі келмейді. Сондықтан жұмыссыздық көбеюі мүмкін деген қаупіңіз орынды. Бі­рақ, кәсіп­керлеріміз күшейіп келеді. Қалада индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасының шеңберінде бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Былтыр “Юж-полиметалл” ӨК” АҚ-тың аккуму­лятор зауыты іске қосылып, онда 124 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, “Корпорация Ата­­мекен” ЖШС-інде тәулігіне 240 тон­­на ұн шығаратын кешен іске қо­сы­­лып, жаңадан 75 жұмыс орны ашылды. Өндірісті кеңейту есебінен “Ра­хат-Шымкент” ЖШС-нің бисквит цехында, “Шымкентмай” АҚ-та, “Шымкентцемент” АҚ-та, “Химфарм” АҚ  сияқты  өнеркәсіп мекемелерінде қосымша 339 жұмыс орындары ашылды. Бұл бағытта үстіміздегі жылы да бірқатар ірі жобаларды іске қосу жоспарлануда. Атап айтқанда, мо­тор майын өндіретін “HІLL Corpo­ratіon”, керамогранит плитала­рын шығаратын “Азия керамик”, жіп шығаратын “Окси Текстиль”, гиг­роскопты мақта, мақталы целлю­лоза шығаратын “Хлопкопром Целлюлоза”, тоқыма өндірісі бойынша “Ютекс-KZ” кәсіпорын­дары іске қосылады. Осының нәтижесінде қалада жаңадан 1100 жұмыс орындарын ашу көзделуде. Одан бөлек, республикалық “Ин­дус­трияландыру картасының” жо­басына енгізуге Шымкент қаласы бо­йынша “ПетроҚазақстан Ойл Про­дак­тс” ЖШС сияқты 5 жоба ұсынылды. Қазіргі күні ИСО сериалы халықаралық сапа менеджменті жүйесін енгізген қала мекеме­лерінің саны 71-ге жетті. Бүгінгі таңда азық-түлік тауар­ларының  бағасын тұрақтандыру және ин­фляцияның кері әсерін тежеу қа­ла әкімдігінің  тұрақты бақылауында. – Кейінгі он жылда қала көлемі жағынан айтарлықтай өсті. Қала маңынан бірнеше шағын аудандар пайда болды. Осыған орай арыз-шағымдар да көбейген. Біреуінде электр қуаты әлсіз, енді бірінде жол жоқ, ауыз суды тасымалдап ішіп отырғандар бар. Сұрап барар, талап етер жері – әкімдік... – Қала халқы өскеннен кейін тұрғын үй салмай тұра тұр деп ешкімге айта алмайсың. Мұның бәрі уақытында инженерлік-комму­никациялық жүйе жаса­лынбай тұрып  тұрғын үй салуға жер беріл­ген­діктен туындап отыр. Адамдар өз өмірін жақсартуға жұмыс жасауы керек, оны құп­таймыз. Қазір уақы­тында кеткен кемшіліктердің орнын толтыруға жұмыс жасалы­нып жатыр. Қаланың инженерлік-ком­муникациялық инфрақұрылымын дамытуға 2009 жылы  5 124,2 млн. теңге қаралып, оның 4 722,5 млн. теңгесі игерілді. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 672,0 млн.теңгеге  “Солтүстік” подс­тансаның құрылысын аяқтауға, “Нұрсәт” шағын ауданындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйелеріне  187,6 млн. теңге бағытталды. 2010 жылы “Солтүстік” подстансасынан Нұр­сәт шағын ауданынан облыстық балалар ауруханасына дейін электр желісін тарту жоспарда бар. “Жол картасының” шеңберінде 13 жобаны жүзеге асыруға 2562,1 млн. теңге қаржы игерілуінің нәти­же­сінде көптен бері шешімін таппай келе жатқан “Самал-1,2” шағын аудан­да­рында 621,5 млн. теңгеге электр жү­йе­лерінің, магистралды газ құб­ыр­ларының  құрылыстары аяқталды. Қуаты 110/10 кВ (ВЛ 110) “Са­мал” подстансасының құрылысы бас­талды, игерілген қаржы – 1038,9 млн.теңге. Бұл нысанның құ­рылысы биылғы жылы аяқ­талады. “Самал-1,2” шағын аудан­дарында электр жүйелерінің құ­рылысын жалғастыру жоспарлануда. Оларды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Шұғыла, Ынтымақ, Қорғасын-1,2, Достық шағын аудандарында 450,5 млн.теңгеге су құбырлары тартылды. Қалалық бюджеттің есебінен 51,7 млн. теңгеге 9-шағын ауданда су құ­бырларының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Сонымен қатар, қалалық бюд­жет есебінен 9-шағын ауданды сумен, 6-шағын ауданды газбен, 6-шағын ауданды электрмен қамта­масыз ету жүйелерінің құрылыс­тары бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайындалатын болады. Бұл дегеніңіз, шағын аудан­дарда қалыптасқан өткір мәселе­лердің шешімі табылатындығын көрсетеді. – Соңғы сұрақ әкімдік жұмы­сына қатысты емес. Қазақтың даңқты боксшысы, еліміз тәуел­сіздік алған жылдары ұлттық құра­маның капитаны болған Нұржан Сманов сізді мықты боксшы болған дейді. Жақында Наурыз мерекесінде көңде тізілген асықтарды сақамен дәл көздеп, кенейлерді жұлып түстіңіз. Соған қарағанда, мемле­кеттік қыз­мет­тен тыс уақытта спортты серік етумен қатар, асық та ойнап тұрасыз-ау... – Дені саудың – жаны сау. Спортпен айналысатыным рас, ал асық ойнау бізден қалғалы қашан. Көп балалы үйде өстік. Ауыл балаларының барлық ойындары бізге тән. Халқымызда “Әкім бол, халқыңа жақын бол” деген аталы сөз бар. Балалар ойнап жатқан соң балалығымыз еске түскен де. Әкім де халықтың бел баласы. Кей­біреулердей төбеге қарап, кербез­деніп жүру, мансаптың буына мас болу қолымнан келмейді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.