
Аталған зерттеудің нәтижесінде білім беру гранттарының мақсатқа сай қолданылмауы анықталған.
«Білім беру және аграрлық бағыттардағы түлектердің мамандық бойынша жұмысының төмен проценті байқалады. Мәселен, 2018 жылы 2886 жас маман білім беру гранты негізінде білім бағыты бойынша оқу орнын аяқтады. Алайда 1010 түлек қана (35%) мамандық бойынша жұмысқа орналасты, ал 1255 (43%) мамандығы бойынша жұмыс жасамайды, 621 (22 %) түлек мүлдем жұмыс істемейді. Аграрлық бағыт бойынша 1552 түлек бітірді, оның ішінде 169 (11%) өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан болса, 954 (61%) мамандығына сай жұмыс істемейді, 429 (28%) жұмысқа орналаспаған. Егер мысал ретінде оқу ақысының орташаланған бір жылдық мөлшерін алсақ – 350 мың теңге, онда мемлекет білім бағыты бойынша 2,6 млрд. теңге, аграрлық бағыт бойынша 2 млрд. теңге тиімсіз жұмсаған болып тұр. Дәл осындай беталыс ақылы бөлімнің түлектерінде де байқалды, осыдан мектеп түлектерінің арасында кәсіптік бағдарлау жұмыстары аз жүргізіледі, түлектермен және олардың ата-аналарымен жүргізілетін жұмыстың тиімділігі төмен, сондай-ақ мектеп пен жоғары оқу орындарының арасында өзара байланыс жоқ деген қорытынды жасауға болады», деп қорытынды жасайды зерттеу тобы.
Қоса кетейік, біз бұған дейін палатаның рейтингті қалай жүргізетінін жазғанбыз.