
Өткен аптада БАӘ Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Түркияны Ливиядағы әскери іс-қимылдарға араласып, қару-жарақ жеткізіп отыр деп айыптады. Сондай-ақ Араб Әмірліктері Халифа Хафтар жетекшілік ететін Ливия ұлттық әскерін қолдайтынын хабарлады.
Басынан сөз асырмайтын Анадолы мұндайда қарап қала ма? Түркия Сыртқы істер министрілігінің өкілі Хами Аксой БАӘ-нің екіжүзді саясат ұстанатынына тоқталып, Әбу-Даби билігін Анкараға мысық тілеу болуын тоқтатуға шақырды.
Х.Аксойдың сөзіне сүйенсек, Араб Әмірліктері Ливиядағы көтерілісшілерді қару-жарақпен және жалдамалы әскермен қамтамасыз етіп отырған көрінеді. Сонымен қатар ол БАӘ-ні Йемен, Сирия және Сомали түбегіндегі бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты бұзған қарулы топтарға қолдау көрсетеді деп сынады.
Естеріңізге салсақ, Ливияны талай жыл билеп-төстеген Муамар Каддафи өлтірілгеннен кейін елде Жалпы ұлттық конгресс құрылып, биліктің негізгі тірегі саналған-ды. Алайда конгрестің көптеген шешімі саясаткерлердің де, әскерилердің де тарапынан сынға ұшырады. Ақыры 2014 жылы Ливияда тағы азаматтық соғыс басталды.
Қарулы қақтығыс жүргізіп жатқан негізгі тарап екеу. Біріншісі – Ұлттық келісім үкіметі 2015 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің көмегімен құрылды. Оны басқаратын – премьер-министр Файез әл-Сарраж. Екіншісі – генерал Халифа Хафтар жетекшілік ететін Ливия ұлттық әскері.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі талай мәрте Ливиядағы азаматтық соғысты тоқтатуға шақырған. Тіпті, 2019 жылы бұл елге қару-жарақ жеткізуге эмбарго жариялады. Алайда кей мемлекеттер астыртын көмек көрсетіп отырған сыңайлы. Мәселен, Түркия мен Қатар тарапы Ұлттық келісім үкіметін жақтайды. Ал Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Мысыр Ливия ұлттық әскеріне қолдау көрсетіп келеді.
Түркия мен БАӘ-нің бір-бірін сынға алуының астарында дәл осы баррикаданың екі шетінде болуы себеп. Әйтсе де, екі елдің мүддесі бір жерден шықпауы бірінші рет емес. Бұған дейін Сириядағы соғыс кезінде, Мысырдағы бүлікте, журналист Жамал Хашоггидің өлімінде де пікірлері екіге жарылды.
Сондай-ақ Анадолы билігі Әмірліктерді Йемендегі қақтығысқа атсалысып, қарапайым тұрғындарды өлтірді деп сынаған. Бұдан бөлек, Палестинаның ішкі саясатына араласып, Түркияда 2016 жылы болған бүлікті ұйымдастыруға қаржылай қолдау көрсетті деп есептейді.
Біріккен Араб Әмірліктері өз кезегінде Түркияны 2011 жылы басталған «араб көктеміне» ықпал еткен мемлекеттер қатарына жатқызады. Сонымен қатар Египеттің бұрынғы президенті Мұхамед Мүрсиді қолдағанын да кешіре алмай жүр. Сириядағы соғыста да Түркия мен БАӘ-нің мүддесі бір жерден шыққан жоқ. Мәселен, Анкара билігі Башар Асад үкіметіне қарсы қозғалысты қолдаған. Ал Араб Әмірліктері Сауд Арабиясымен бірге Б.Асадты жақтады.
Парсы шығанағындағы дағдарыста да Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінің көзқарастары түйіскен жоқ. Естеріңізде болса, 2017 жылы Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн және Мысыр тарапы Қатарды террористерді қаржыландырады деп айыптап, екіжақты келісімдерді бұзып, блокада жариялаған еді. Содан бері төрт мемлекет құрсауын әлі алған жоқ.
Түркия тарапы сол кезде Қатарды жақтап, аталған мемлекетпен саяси, экономикалық және әскери байланысын нығайта түсті. Мәселен, қазіргі таңда Қатарда Анадолының әскери базасы орналасқан.
Бұдан бөлек, 2016 жылғы бүлікте Біріккен Араб Әмірліктерімен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастың бұзылуына өз септігін тигізді. Атап айтар болсақ, Анкара билігі Мұхамед Даланды бүлікті ұйымдастырғандар қатарына қосқан. Қазіргі таңда М.Далан БАӘ-де жасырынып жүр.
Al Jazeera арнасының хабарлауынша, Араб Әмірліктері Сириядағы атысты тоқтату келісімін бұзуға мүдделі. Естеріңізге салсақ, «Астана процесі» нәтижесінде Түркия, Иран және Ресей кепілгер-мемлекет ретінде Сириядағы атысты тоқтатуға келіскен. Al Jazeera арнасының мәліметіне сай, БАӘ Сирия үкіметі осы келісімді бұзса, 3 млрд доллар төлеуге уәде берген көрінеді.
Қысқасы, Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы алауыздық әлі талайға созылатын түрі бар. Екі тараптың мүддесі сай келмеуі Таяу Шығыстағы соғыстан көз ашпаған бірнеше елдің тағдырына қиын тиіп тұр.