
Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, «EQ»
Қолдан жасалды ма?
Бұл – аңыз. Өйткені оның әзірге анықталған нақты фактісі жоқ. Осындай ойымен бөліскен Стэнфорд университетінің биология бағыты бойынша докторантурасын тәмамдаған ғалым, молекулярлық, клеткалық биология және эмбриология бағытын зерттеуші биолог Нұрлыбек Мүрсәлі «Коронавирус HIV (human immunodeficiency viruses – адамның иммун тапшылығы вирусы) инфекциясының гені екен, яғни қолдан жасалыпты» деген пікірлер болды. Тіпті осыған байланысты ғалымдар зерттеу жүргізіп, нәтижесін жариялағысы да келді. Бірақ онда ғылыми фактілер мен нақты дәлел болмады. Мен осы саладағы ғалым ретінде COVID-19-дың генетикалық инженерия арқылы қолдан жасалмағанын айта аламын», деді.
Ал COVID-19-ға қарсы отандық вакцинаны әзірлеу тобындағы ғалым, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Қайсар Табынов қазір жаңа вирусқа қатысты жай ақпарат түгілі ғылыми зерттеулердің саны да күрт артқанын айтады. «Аталған тақырып өте өзекті болып тұрғандықтан, оны ғылыми басылымдар «құшағын ашып» қабылдайды. Сол ғылыми мақалалардың өзінде әлі күңгірт, атүсті қаралған дүниелер бар. Сондықтан қандай да бір қорытындыға келмес бұрын, дәл осы көзқарасқа пікір білдіру үшін аздап күту керек. Мұндайда әрине, Отардағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына вирусты таратушы сүтқоректі жарғанаттарға арнайы зерттеу жүргізуге жағдай жасалуы қажет. Дегенмен, бір нәрсе анық: биологиялық қару қолдан жасаған ғалымдардың бақылауынан шығып кете алмайды, COVID-19-ды бүкіл әлем ғалымдары қазір басқара алмай отыр. Вакцинасы да вирус жайлаған жағдайдың артынша табыла салған жоқ. Демек, бұл биологиялық қару емес», дейді ол.
Қ.Табынов пандемия деген ұғымның өзін дұрыс түсінуге шақырады. Профессордың пайымдауынша, пандемия – жаңа вирустың пайда болып, әлемге таралуы. SARS 2002-2003 жылдары шығып, 8 мың адамға жұқты. Кейін жоғалды дедік, бірақ қайда кетті? Вирус өзінің өмір сүруін жалғастыру үшін бір популияциядан екіншісіне өтеді. Ал осы процесс кезінде вирус міндетті түрде биологиялық, генетикалық тұрғыдан өзгереді. Сондықтан ғалым қоғам арасындағы «Коронавирус SARS-тың немесе жоғарыдағы басқа да инфекцияның гені, түрі, көшірмесі» деген ұғымның қате және COVID-19-дың жаңа вирус екенін айтады.
Виргиния штатындағы Джордж Мейсон қоғамдық зерттеу университетінің микробиология және жұқпалы аурулар бағыты бойынша докторантурасын тәмамдаған вирусолог Юрий Кимнің пікірінше, «Коронавирус қолдан жасалған» деген пікір қоғамның пандемиямен күресуіне кері әсер етті. «Коронавирустың (түрлері көп) биоинформатик мамандарының қатысуымен осы мәселеге арнайы зерттеу де жүргізілді. Мамандар сол зерттеудің нәтижесінде COVID-19-дың эволюциялық жолмен бірте-бірте дамып, қазіргі деңгейге жеткенін анықтады. Вирустың генетикалық инженериясы, яғни ойлап табылған вирустар енгізілетін жүйе бар. Ал аталған жүйеден COVID-19-дың ізі де табылмады. Сол себепті жоғарыдағы көзқарас – миф», деді Ю.Ким.
Қоғамдағы күйзеліс
Осы көзқарастың белгілі бір деңгейде өз ақиқаты бар. Себебі әлем дәл осындай аяқасты өзгеріске дайын болмады. Оны көзбен де көріп отырмыз. Ғалымдар мұндай мәселенің, яғни күйзелістің болу себебін ғылыми пайым тұрғысынан бағамдайды.
Н.Мүрсәлі адамзат көптен бері пандемия проблемасымен бетпе-бет келмегендіктен, оларға инфекцияның адам шошытарлық қаупі де жаңалық болып отырғанын айтады. «Қарапайым халық қазіргідей мәліметтерді естімеген соң білмеуі мүмкін. Және жаңа вирус оларға едәуір жаңалық болып тұр. Бірақ біз – биолог-ғалымдар вирустарды күн сайын қолданамыз. Вирус барлық жерде бар, әрбір қиқымның ішінде жүр. АҚШ-та оқып жүргенімде, әр студент «Virus discovery» деген пәннен жыл соңында бір вирус түрін табатын. Негізі вирустардың ішіндегі осы COVID-19 секілді қауіпті түрлерінің сирек кездесетініне қуану керек. Сонымен қатар халықты, қоғамды SARS-тың (Severe acute respiratory syndrome – Ауыр жедел респираторлық синдром) сүтқоректілер ішінде жарғанатта кездесетіні анықталғанымен хабардар еткім келеді», дейді ол.
Қоғамның бір тобы психологиялық күйзеліске жаңа ақпараттарды қабылдай алмай, шошынғаннан түссе, екінші жартысы салғырттық танытқандықтан тап болады екен. Себебі олар күресу ісіне белсенді қатыспайды, талаптарды сақтамайды. Мұнымен қоймай, елді алаңдатқан тақырыпта өздігінше «аңыздар» ойлап тауып, таратады. Осы ретте вирусолог Ю.Ким ғалымдар көз жеткізген бір мәліметке тоқталды:
– Коронавирус инфекциясының қаупін 1 адамның кем дегенде 5 адамға жұқтыратынымен өлшеуге болады. Одан кейін жаңағы 5 адам әрқайсысы тағы 5 адамға жұқтырады. Сонда 5-тен 25-ке, 25-тен 125-ке көбейеді. Қазір қоғамда кей адамдар COVID-19-дың қауіптілігін басқа да ауру түрлерімен салыстырып жүр. Салыстырудың нәтижесімен кең таралып тұрған инфекцияның қаупін сейілткісі келеді. Бірақ бүгінде АҚШ-тағы COVID-19-дан күн сайын өлген науқас саны қатерлі ісіктен қайтыс болатын адам санынан артып отыр, – деді ғалым.
Маска инфекциядан қорғайды
АҚШ-тағы Питтсбург университетінің «Эпидемиология» мамандығы бойынша магистрі, Астана ұлттық зертханасының гигиенист-эпидемиологы Айым Қайырлықызы қоғам мүшелерінің қазіргідей масканы тағуы қауіпті күшейтетінін айтады. Өйткені олар масканы мүлде тақпайды немесе дұрыс тақпайды.
– Қазір «Маска қауіпті індеттен қорғай ма, жоқ па?» деген сұраққа тартысты жауап толастамай тұр. Мың рет қайталап айтуға бармын, маска керек! Оны тағуға тиіспіз және дұрыстап, санитарлық талаптарды сақтап қолдануымыз қажет. Адамдардың маскаға деген салғырттығы керісінше қауіпті күшейтеді, – деді эпидемиолог.
Ал Англиядағы Ноттингем университетінде генетик мамандығының бакалавриатын, Биомедициналық инженерия бағытында Назарбаев университетінің докторантурасын бітірген ғалым, Cellular Therapeutics компаниясының негізін қалаушы, биолог Болат Сұлтанқұлов маскаға деген көзқарас науқас адамның қоғамға деген жауапкершілік сезімімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Биологтың пікірінше, әсіресе ауру белгілері бар адамдар міндетті түрде маска тағу керек. Себебі маска науқастың вирусты сау адамға таратуына тосқауыл болады.
Бәріміз білетіндей, COVID-19 инфекциясы тыныс алу жолдарын зақымдайды және өкпені «жейді». Сондықтан вирус науқас адамнан сау адамға сөйлескенде, құшақтасқанда, қол алысқанда, түшкіргенде, түкірігі шашырағанда жұғады. Тыныс алу жолдары арқылы таралатындықтан, мұрын мен ауызды қорғау қажет.
Карантиннен кейін әлем өзгереді
Бұл – ақиқат. Өз кезегінде ғалым-биолог Нұрлыбек Мүрсәлі де осы ойды толықтырады: «Иә, коронавирустан кейін әлем мүлде басқаша болады. Бұған 100 пайыз сенімдімін. Оның бір үлгісін қазір АҚШ-тан анық көруге болады. Сонымен қоса ғылымға деген көзқарас та өзгереді. Жалпы, ХХІ ғасыр – биология ғасыры. Ғылымның көп саласы зерттелді, тек биология бағыты қалды. Сондықтан Қазақстан алдағы дамыту стратегиясын осы салаға бұру керек. Өйткені қазірдің өзінде тест-жүйемен айналысып отырған әріптестерім Қытайдан әкелінген тесттердің тек 30 пайыз жағдайда жұмыс істейтінін айтып отыр. Бұл біздің қауіпсіздігімізге нұқсан келгенін аңғартады. Еліміз осындай өзгерістерге дайын болуы қажет. Бұл үшін биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, қауіпті алдын ала болжай алатын және қатер төнгенде шұғыл шаруа атқара алатын арнайы инфрақұрылым болуы керек. Өйткені биологиялық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздік деген сөз.
– Карантинге келсек, мамандар бекіткен кеңес пен талапты сақтау қажет. Себебі қол жуу секілді қағидалар қарапайым болғанымен, оның тиімді әрекет екені ғылыми тұрғыда дәлелденіп қойған. Сондықтан сақтау қажет. Олай болмағанда карантин тек қана ұзартыла береді. Қазақстанда карантиннің бітуі әр облыста әртүрлі болады. Бұл сол аймақтағы вирустың таралу қарқынына байланысты, – дейді А.Қайырлықызы.
Ал Б.Сұлтанқұлов карантин алынса да вирус бізбен бірге қалатынын, сондықтан санитарлық талаптарды мұқият сақтауды карантиннен кейін де әдетке айналдыру қажеттігін айтады.
Мемлекет жалғыз жеңе алмайды
Осы ойды жеткізген профессор Қ.Табынов:
– Бұл ретте COVID-19-ға қатысты бір аңызды айта кетейін. Қоғам арасында «Ғалымдар вакцинаны әзірлеуге кірісті. Екпе биыл дайын болады» деген пікір тарады. Өкінішке қарай, шындыққа сай келмейді. Бізде бұл жұмысты 2-3 жылда толық атқару мүмкін емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, қазір әлемде COVID-19-ға қарсы 76 кандидаттық вакцина әзірленіп жатыр. Бірақ әзірге бәрі – кандидат. Отандық ғалымдар өз кезегінде 3 жыл ішінде COVID-19-ға қарсы вакцинаның нақты үлгісін әзірлеуді, соңғы 3 жылда клиникалық сынаққа жібреуді жоспарлап отыр. Әрі қарай ойлап тапқан вакцинаны өндіру үшін қаржы іздеуге көшеді. Біз – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары вакцинаны өндіріске енгізу үдерісін жеделдететін жолды білеміз, оның жүйелі стратегиясын дайындап та қойдық. Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Ғалымдар екпені жоспарланған уақыттан бұрын әзірледі делік, алайда оны бізде өндіретін зауыт жоқ. Екпе жүргізудің негізгі талабы бойынша халықтың кем дегенде 70 пайызына вакцина салынуы керек. Миллиондаған адамға жететін өнімді өндіру ісін қаржыландыру Үкіметтің қолынан келмейді, мемлекет мұны кәсіпкерліктің көмегінсіз жалғыз атқара алмайды. Сондықтан да Forbes журналының тізіміндегі кәсіпкерлерге әрдайым «Зауыт салыңыздаршы» деп айтып жүрмін. Өйткені мұндай ірі өндіріс жеке секторда жүзеге асуы керек. Қазір әлемде фармацевтикалық компаниялар қаншама кіріс әкеліп, табыс тауып отыр, – дейді.
Б.Сұлтанқұлов пандемия барлық топтағы, таптағы, деңгейдегі адамдарды біріктіргенін жеткізді. Оның ойынша, отандық ғалымдардың интеллектуалдық әлеуеті екпені табуға, өндіріске енгізуге толығымен жетеді. Қазіргідей тест-жүйені сырттан сатып алмау үшін ірі кәсіпкерлер, сауда ойын-сауық орталықтары, казинолар, клубтар салуды тоқтата тұру керек. Мемлекет бастапқы инвестицияны салып, екпені ойлап табуға қадам жасап отыр. Одан кейінгісі – кәсіпкер қауымның қолында. Бұл – әлемдік тәжірибе.
Айта кетейік, ғалымдар арасындағы еркін де кәсіби талқылау Жас ғалымдар альянсы (YRA) ұйымдастырған «Ғылымтану» жобасы аясында өтті.
Талқылауды жүргізгендер
Ақнұр БАЙБАТЫРОВА,
Жас ғалымдар альянсының құрылтайшысы,
Бейбіт ӘБДІКЕНОВ,
Жас ғалымдар альянсының құрылтайшысы әрі вице-төрағасы.
Материалды дайындаған
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»