
Осылай патшалықтың тізгінін жаңадан қолына алған келесі бір жаңа патша ызаға булығып, өзінің уәзіріне былай депті:
-Мен де күндердің күнінде алдыңғы патшалар секілді қиын тағдырды бастан кешпекпін бе?! Мен де алдыңғылар секілді елсіз аралдың шөл-даласында аптап-ыстыққа зарығып, қиналып өмір сүруге үкім етілмекпін бе?!..
Сонда уәзірі былай деп кеңес беріпті:
-Құрметті патшам, сіз елсіз аралда өмір сүруді қаламасаңыз, патшалық кезеңіңізді тек рахатта өткізбей, өміріңіз бен мал-дүниеңізді ақыры өзіңіз баратын елсіз аралды гүлдендіруге сарп етпейсіз бе?!
Бұл сөзді естіген патша терең ойланып көрсе… Уәзірдің айтқаны хақ екен.
Жоғардағы тәмсілді тәпсірлеп көрелік:
Патша – тәмсілдің бас кейіпкері. Яғни, әрбір адам өзі үшін өзі патша. Ал, иманы мен ақылы – оның уәзірі. Бұл екеуі егіздер секілді бөле-жаруға келмейтін біртұтас ұғым. Ақыл жоқ жерде иманды іздеудің жөні жоқ, иман жоқ жерде ақылды да іздеудің қажеті шамалы. Демек, иман мен ақылымыз біз үшін – дана кеңесшіміз.
Ал, кеме – табыт. Адамдардың көрер күні, тағдыры сол – бір күн болмаса бір күн өзінің тағынан түседі, яғни ғұмыры бітеді. Сол бір кемеге, яғни, табытқа салынады. Елсіз арал – біздің баратын орнымыз (көріміз). Қысқаша айтқанда, ақирет аралы. Егер біз бұл өмірде дүниелік істермен ғана шектелсек, әлгі баратын аралымыз расында елсіз-сусыз қалып, құм-даладан ғана түзілген болады. Егер, хақ жолымен жүріп, жақсы амалдарды көп істесек, әлгі елсіз аралды көркейткен боламыз. Барар орнымыз шөл-дала, тозақ азаптары емес, жәннәт бақтары болады. «Ақиретің қайырлы болсын!» деп дұға еткенде әсілі осы нәрсе назарда тұрса керек. Баршамыздың ақиретіміз қайырлы болсын! Демек, ақирет аралын Фирдоус бақтарымен қайырлы қылуымыз - өзіміздің тірідегі амалдарымызга байланысты екен. Хазіреті Әли (р.а) айтқанындай: «Жәннәтқа ынтыққан адам – жақсылық етуге асығады, жәһәннәмнан қорыққан адам – нәпсісін жаман іс-әрекеттен қайтарады. Өлімді хақ деген адам – дүниенің қызықтарына бой алдырмайды».