
Миннеаполис қаласында 25 мамырда полицияға дүкенде жалған ақша қолданған адам туралы шағым түседі. Құқық қорғау органының қызметкерлері берілген мағлұмат бойынша жалған банкнот қолданып, қолданбағанын тексеру үшін Джордж Флойд есімді қара нәсілді азаматты тоқтатады.
Шаһардың полиция департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, марқұм көліктен шығудан бас тартқан. Құқық қорғаушылар оған кісен салғанда жағдайы нашарлағанын байқап, ауруханаға жеткізеді. Әйтсе де, Флойд қайта есін жимаған күйі бақилық болған.
Осы оқиғадан көп ұзамай әлеуметтік желілерде Флойдты тұтқындау сәті бейнеленген видео тарады. Онда полиция қызметкері қара нәсілді азаматты қылқындырып, мойнын тізесімен басып отырғаны байқалады. Видеода Флойд бірнеше рет «Дем жетпей барады!» деп айқайлап, «Мені өлтірмеңдерші» деп жалынғаны естіледі.
Оқиға орнына жиналғандар да полициядан Флойдты қылқындырмауын сұрайды. Бірақ халықтың өтінішіне олар құлақ аспаған. Көп ұзамай күдіктінің қимылсыз қалғанын көріп, жедел жәрдем шақырған. Бірақ жолда Флойд қайтыс болыпты. Осы оқиғадан кейін Флойдтың өліміне қатысы бар 4 полиция қызметкері жұмыстан қуылса, оны қылқындырған Дерек Шовин есімді полицей тұтқындалған. Оған күш қолданып, бірақ қастандықсыз адам өлтірді деген айып тағылып отыр. Миннесота штатының заңы бойынша мұндай қылмыс жасағандар 25 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.
Дегенмен Д.Шовиннің тұтқындалуы наразыларды тоқтатар емес. Миннесота штатынан бөлек, АҚШ-тың бірқатар қаласында шеру жалғасып, полиция қызметкерлерімен қақтығысып қалды. Мәселен, Вашингтон шаһарында жүздеген адам Ақ үйдің қасына жиналып, Джордж Флойдтың өлімін тексеруде әділдік талап етіп отыр. Жиналғандар «Дем жетпей барады» деп айқайлап, қолдарына марқұмның суретін ұстаған.
Бұдан бөлек, Лос-Анджелес, Чикаго, Денвер, Хьюстон, Луисвилл, Феникс, Колумбус, Мемфис қалаларында да жаппай шеру болып, құқық қорғау қызметкерлері мен наразылар қақтығысты. Ал Атлантада митингке шыққандар ғимараттарды қиратып, полиция көліктерін өртеді. Шаһардың полиция департаменті өкілінің хабарлауынша, үш қызметкері жарақат алған. Бірнеше шеруші тұтқындалған. Ал Миннеаполисте бейбіт митингтің соңы жаппай тонау мен өртеуге ұласты. Тіпті қаладағы полиция участогі де отқа оранды.
Осыдан кейін Миннеаполис мэрі Джейкоб Фрей шаһарда 3 тәулікке төтенше жағдай жариялады. Ал штат губернаторы Тим Уолц жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық гвардияны жұмылдыру туралы өкімге қол қойды.
Бұл оқиғаға байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп та пікір білдіріп, Флойдтың өлімін сұмдық жағдайға теңеді. Сондай-ақ марқұмның отбасымен хабарласқанын, олардың жақсы адамдар екенін де туиттердегі парақшасына жазды. Ең қызығы, Туиттер Ақ үй басшысының Миннеаполистағы жағдай бойынша жазған «тонау басталғанда, оқ ату да басталады» деген постын компанияның қолдану нұсқаулығын бұзады деп жасырып қойды.
Д.Трамптың осы туитінен кейін көп ұзамай Детройтта белгісіз біреу шерушілерге қарсы оқ жаудырған. Соның салдарынан 19 жастағы бір азамат қайтыс болды.
АҚШ-тың бірқатар штатында адамдардың шеруге шығуының өз себебі бар. Өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін қара нәсілділердің құқығын аяққа таптаған Құрама Штаттарында расизм дауы әлі толыққанды басылған емес. Тіпті қазірге дейін қара нәсілдіні қауіпті санайтын ақ нәсілділер жетерлік. Әсіресе полиция қызметкерлерінің расизмге бейім келетіні де бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтеріліп жүр.
Мәселен, 2014 жылы Эрик Гарнер есімді қара нәсілді азамат та полиция қолынан қаза тапты. Ол кезде де құқық қорғау қызметкерлері қылқындыру әдісін қолданған. Кейіннен белгілі болғаны, Э.Гарнер демікпемен ауырған екен. Тамағын орап қылқындырғанда оған ауа жетпей тұншыққан. Дәл сол жылы Фергусон қаласында полиция 18 жастағы Майкл Браун есімді қара нәсілді бозбаланы атып өлтірді. Бұл екі оқиға да АҚШ-та қызу талқыланып, қоғам назарын аударған-ды.
Жалпы, Құрама Штаттарда полицияның адам өлтіруі, дәл сол секілді тұрғындардың құқық қорғау қызметкерлерін атып кетуі де жиі кездеседі. Мәселен, өткен ғасырдың аяғында жылына 100-ден астам құқық қорғау қызметкері қаза тапқан. Бүгінде полицейлердің саны 250 мыңға көбейген. Қазіргі таңда елде жыл сайын 50-ден астам полицей оққа ұшады екен. Ал полицияның қолынан қайтыс болатындар саны керісінше артып келеді. Бүгінде шамамен мыңға жуық тұрғын полицияның қолынан бақилыққа аттанатын көрінеді. Оның жартысы – ақ нәсілді, 26 пайызы қара нәсілді, 17 пайызы латын америкалықтар.
Бір қарағанда, ақ нәсілділер көбірек қаза табатындай көрінеді. Алайда Құрама Штаттардағы халықтың нәсілдік бөлінісін есепке алсақ, қара нәсілділердің жиі қайтыс болатынын байқаймыз. Мәселен, афро-америкалықтар АҚШ халқының 13 пайызын құрайды.
Әйтсе де, бұл мәліметтің кемшін тұсы бар. Полицияның қара нәсілділерді қаншалықты жақтырып, жақтырмайтынын аңғару үшін әр оқиғаны жеке қарау керек. Өйткені әр жағдай әртүрлі болатыны белгілі. Сондықтан полиция қызметкері қару қолданар кезде күдікті қарсылық көрсетті ме, қаруы болды ма деген секілді сұрақтар ескерілуі тиіс.