Қатысушылар архив деректерін цифрландырудың маңызы, қордағы деректерді қолжетімді ету ісіндегі проблемалар, Мемлекеттік архив мекемесінің еліміздегі басқа ғылыми және білім беру ұйымдарымен байланысын кеңейту және өзге де тақырыптар төңірегінде өзара ой бөлісті.
Тарих ғылымдарының докторы Ғалия Көкебаева архив құжаттарын зерттеуге байланысты Еуропа елдерінің тәжірибесінен қызықты әрі маңызды мысалдар келтірді.
– 2003 жылдан бастап 15 жыл бедерінде мен Германия, Польша және Ресей елдерінің архив қорларын зерттеумен айналыстым. Біздің олардан үйренеріміз көп. Олардың қандай артықшылығы бар. Біріншіден, архив деректерін алу оңай. Германияда федералдық заң бойынша архив құжаттары жасалғаннан кейін 30 жыл мерзім өткен соң ашылады. Ал біз болсақ кеңес кезіндегі құжаттардың басым көпшілігін, айталық қуғын-сүргінге қатысты құжаттарды әлі күнге ала алмай жүрміз, – деді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология иснтитутының бөлім басшысы Ғ.Көкебаева.
Тағы бір мәселе зерттеушілердің архив материалдарын кәдеге жаратуына байланысты. Германияда федералдық заң бойынша жеке адамдарға қатысты дербес деректер ол азамат қайтыс болғаннан кейін 30 жылдан соң ғана қолжетімді болады. Бұл ереже архив құжаттарынан алынған мәліметтердің нақты бір азамат пен оның ұрпақтарына қарсы қолданылмауы үшін керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда архив құжаттарымен жұмыс істейтін мамандар қолына түскен деректерді ғылымнан бөлек мақсатқа қолдануы жиі кездеседі.
– Мысалы, саяси репрессия құрбандары әлеуметтік желіде талқыланып, адамдардың аты-жөні ашық айтылып жатады. Мұндай жайттар дереккөздердің бағасын түсіріп, оны компромат көзі сияқты қабылдауға әкеліп соқтырады, – деді профессор Ғ.Көкебаева.
Ғалымдардың пайымдауынша, цифрландыру дәуірінде Нұр-Сұлтан қалалық архивіндегі деректерді және мекеменің жұмыс барысын цифрландырудың маңызы зор. Гуманитарлық және қоғамдық ғылымдардың зерттеушілері үшін архив материалдары баға жетпес құндылық екені түсінікті. Сол себепті құжаттарды сақтау мәселесі де ерекше мәнге ие. Ал цифрландыру құжаттарды сақтаудың бірден-бір жолы деуге болады. Бастысы, осы маңызды жұмысқа мұрағатшы мамандар ат салысуға тиіс.