
Әбу-Даби (БАӘ) қаласындағы «Жауынгерлер аралында» өткен UFC 251 турнирінде қандасымыз 24 жастағы бразилиялық Раулиан Пайвамен жұдырықтасып, үш раундқа созылған жекпе-жекте төрешілер шешімі бойынша (29-28, 29-28, 29-28) жеңіліп қалды. Нәтижеге қарап кездесу отандасымыз үшін ауыр өтті деп айта алмаймыз. Бірінші раундта Раулиан айқас тізгінін қолына алып, аздаған басымдыққа ие болды. Десе де екінші раундты қандасымыз ширақ бастады. Алғашқы және соңғы минуттарда Жалғас қарсыласын ауыр соққының астына алды. Үшінші бес минутта да жерлесіміз жаман өнер көрсеткен жоқ еді. Өкінішке қарай, Жұмағұлов үшін UFC ұйымындағы дебютті кездесуі сәтсіз басталды.
Жалпы, Жалғастың қарсыласын жоғары деңгейдегі мықты спортшы деп айта алмаймыз. Өйткені аталған ұйымда үш айқас өткізген Пайва бір рет жеңіске жетіп, екеуінде жеңілістің кермек дәмін татқан.