Сенбі, 10 сәуір күні таңертең Ресей Федерациясының Смоленск облысындағы Печерск қаласының түбінде қалың тұман жағдайында қонуға бет алған Польша Президенті Лех Качиньскийдің Ту-154 ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы 96 адам түгел қаза тапты.
Лех Качиньский бастаған Польша мемлекеті саяси элитасының бір тобы осы ұшақпен Смоленск облысындағы Катынь мекенінде осыдан 70 жыл бұрын, 1939 жылы Сталиннің озбыр саясаты салдарынан жазықсыз атылған поляк офицерлерінің рухына тағзым ету шараларына қатысу үшін келе жатқан еді. Делегация құрамында Польша орталық банкінің басшысы С.Скпишек, Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Кремер, Әскери күштердің бас қолбасшысы Ф.Гагор, Польша сеймінің 50 депутаты және президенттің жұбайы Мария Качиньская болған. Сонымен қатар, бортта жазықсыз атылған поляк офицерлерінің туыстары мен ұрпақтары да бар еді. Қазір апаттың болу себептерін анықтайтын ресейлік комиссия құрылды. Сондай-ақ Польша да өзі тарапынан арнаулы комиссия құруды қолға алды. Ресейлік мамандардың әзіргі мәліметтеріне қарағанда, апат ұшқыштың қателігінен болғанға ұқсайды. Бірақ поляк жағы оны жоққа шығарып, қателік әуе диспетчерлері тарапынан орын алған секілді деп отыр... Президент Л.Качиньскийдің мәйіті жексенбі күні Польшаға жеткізілді.