
Мұндай шешімді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі Республикалық конкурстық комиссия шығарған. Аталған комиссияның құрамына Парламент депутаттары мен мүдделі мемлекеттік орган өкілдері кірді. Сондай-ақ комиссия құрамына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Жоғары оқу орындары қауымдастығының өкілдері және қоғам қайраткерлері, соның ішінде Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері де бар.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев комиссияның шешіміне қатысты:
«Мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде қоғам барынша әділдікті талап етті. Биыл біз мұны жүзеге асырдық. Дегенмен бұл шешім белгілі бір жоғары оқу орындары тарапынан наразылық тудыратынын білдік. Республикалық комиссияның шешімі бойынша конкурс талаптарына сәйкес келмейтін 30-дан аса ЖОО 2020-2021 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары оқу орындарының тізімінен шығарылды. Байқауға барлығы 108 жоғары оқу орны қатысты. Мемлекеттік тапсырыс орналастырылған жоғары оқу орындарының саны айтарлықтай қысқарды. Мәселен, «Құқық» білім беру бағдарламаларының тобы бойынша тек 10 жоғары оқу орнында мемлекеттік грант бойынша оқытуға мүмкіндік берілді, басқа бағдарламалар бойынша да елеулі өзгерістер бар», деді.
Министрліктің мәлімдеуінше, мемлекеттік тапсырысты орналастыруда жоғары оқу орындарын білім беру бағдарламалары бойынша аккредиттеу, түлектердің жұмысқа орналасу пайызы, білім беру бағдарламаларының сапасы және жоғары оқу орнының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы рейтингіндегі позициясы ескерілген.
Айта кетейік, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының рейтингі еліміздегі жоғары оқу орындар санын қысқартуда да есепке алынып жүр. Бұған дейін аталған рейтингте төмен көрсеткіштерді иеленген екі бірдей отандық университет лицензиясынан айырылып, жабылды. Қазір Білім және ғылым министрлігі «Астана» университетіне жоспардан тыс тексеріс жүргізіп жатыр.