Аймақтар • 05 Қазан, 2020

Шаттық сыйлаған «Шаңырақ»

207 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қала қазақтарының басты базынасы – баспана еді. Кейінгі кездері мемлекеттің түрлі бағдарламалары арқылы үй алу анағұрлым жеңілдеген. Енді міне, Шығыс Қазақстан облысы­ның тұрғындары «Шаңырақ» («5-10-20») атты жаңа бағдарлама арқылы үйлі бола алады.

Шаттық сыйлаған «Шаңырақ»

Суретті түсірген автор

«Қазақстан Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі» АҚ облыс­тық филиалының директоры Назигүл Аккулова «Шаңырақ» («5-10-20») бағдарламасы бо­йынша жеңілдетілген пайызбен баспана алудың тиімді жолдарын айтып берді.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дарламасының жаңа бағыт­тары­ның бірі болып табылатын «Шаңырақ» («5-10-20») қанатқақты жобасын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүзеге асырады. Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасы бойынша қолға алын­ған. Тың жобаның негізгі мақ­саты – қазақстандықтарды тиімді займ беру арқылы баспанамен қамтамасыз ету.

Қарапайым халық үшін бұл бағдарлама өте тиімді көрінеді. Банк қызметкерлерінің айтуынша, несиенің жылдық мөл­шер­лемесі бес пайызға тең. Алайда баспаналы болуға ниетті адам тұрғын үй құнының кем дегенде 10 пайызын депозитке жинау қажет. Ал несиелендіру мерзімі  – 20 жыл.

Назигүл Аккулованың мәлі­метіне сүйенсек, аталған бағ­дарлама арқылы кез келген адам үй ала алмайтын көрінеді. Бағдар­лама бойынша жеңілдікпен несие алу жөніндегі өтінішті 1986 жылдан бастап 2015 жылға дейін жергілікті әкімдіктерде баспанаға мұқтаж азамат ретінде тіркелген қазақстандықтар бере алады екен.

Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін, банктің «Шаңырақ» жобасын одан әрі несиелендіруге қажетті қаражаты болған жағдайда, бағдарламаның екінші кезеңіне әкімшілік кезе­гіне кейінгі жылдары тұрған азаматтар да шақырылуы мүмкін.

Сондай-ақ бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай ішін­­дегі отбасының әр мүшесіне келе­­тін табыстың бір айлық көле­мі 3,1 күнкөріс минимумынан (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап КМ – 32 668 теңгеге тең) аспауы талап етіледі. Оған еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірісті (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы мен бас­қа да міндетті аударымдарды есептемегенде) жатқызуға бола­ды. Демек, 2020 жылы отба­сы­ның әр мүшесіне келетін табыс мөлшері 101 271 теңгеден артық болмауы тиіс.

– Өздеріңізге белгілі болған­дай, бұл бағдарлама бойынша тек бастапқы нарықтағы, яғни жаңадан салынған тұрғын үй­лер­ді ғана сатып алуға болады. Үміткерлер аталған бағдар­лама бойынша салынып жатқан үй­лердің тізімін «hcsbk.kz» сайтынан көре алады, – деп түсіндірді Назигүл Аккулова.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақ­станда «5-10-20» бағдар­ламасы бойынша алты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мәселен, Өскеменде 64 пәтерлі төрт үй мен 72 пәтерлі бір тұрғын үй бой көтеруде. Тағы бір үй Ұлан ауданында салынып жатыр. Болашақта онда 80 отбасы қоныстойын тойламақ. Бұл нысан ағымдағы жылдың қараша айында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Ал облыс орталығындағы үйлерге 2021 жылы қоныстануға болады.

Жергілікті әкімдіктер салған несиелік тұрғын үйлердің бір шаршы метрі өңір тұрғындары үшін 160 мың теңгеден сатылады. Шығыс Қазақстан облысында аталған бағдарлама бо­йынша бой көтерген баспананың бағасы 12 млн теңгеден аспауы тиіс екен.

– Әкімдік кезегінде тұрған аза­мат­тар оған қатысуға өтініш білдіру үшін «hcsbk.kz» сайтына тіркелуі қажет. Өтініштерді қабылдау мерзімі 17 қыркүйек­тен 16 қазанға дейін жалғасады. Егер сайт арқылы өтініш беру қиын­дық туғызса немесе басқа да сұ­рақтар мазаласа, банк бөлім­ше­сіне баруға болады. Тіпті болмаса, банктің кеңесшісі­мен ха­бар­ласа аласыздар, – деді Н.Аккулова.

Ал баспаналы болу үшін өтініш беремін десеңіз, бірін­ші қадам – hcsbk.kz веб-сайтын­­да­ғы «Қолжетімді баспа­на»/«Ша­ңырақ» қанатқақты жо­ба­сы­ның бөліміне кіріп, электронды өтінім беруге болады. Үш күн ішінде өтініш берушіге банк қызметкері хабарласып, несие шарттары, бағдарлама талаптары туралы егжей-тегжейлі айтып береді. Өтініш беруі үшін филиалдың есебіне тіркеп қояды.

Бұдан соң төлем қабілеттігін бағалау үшін өтініш беруші қажетті құжаттар пакетімен банк бөлімшесіне баруы тиіс. Егер оң шешім қабылданса, банктің талаптарына сәйкес келетін құ­ры­лысшылардан баспана тауып, келісімді бекітуі қажет.

Келесі қадам – банктен несие алу. Жоғарыда айтқанымыздай, несие өтініш берушінің жинақ шотында қажетті соманың 10 па­йыздан кем емес мөлшері болған кезде ғана беріледі.

Әкімшілік кезегіне қай уа­қыттан бастап есепке тұрғаны­ңызды eGov.kz сайты арқылы немесе жергілікті атқарушы билік органдарынан білуге болады.

 

Бетті дайындаған

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Шығыс Қазақстан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Астықты өңірдің сенімі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:50

130 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Аға буынның өнегесі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:43

Аға ұрпақ – асыл қазына

Қоғам • Бүгін, 09:40

Ұйымшылдықпен өткен күн

Референдум 2024 • Бүгін, 09:38