
Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтің мәлімдеуінше, еліміздегі студенттердің басым бөлігі қашықтан оқыту форматында білім алып жатыр. Дегенмен, штаттық режімде оқып жүрген ізденушілер де бар.
– Еліміздегі студенттердің 84 пайызы қашықтан оқып жатыр. Олар – негізінен гуманитарлық салада даярланып жатқан кадрлар. Ал қалғаны ішінара штаттық режімде білім алып жүр. Қашықтан оқыту қолайсыз болғандықтан медициналық, инженерлік-техникалық мамандықтардың студенттеріне аралас форматта білім беруге шешім шығарылған. ЖОО күзгі семестрге дайындығы мен білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында министрлік шектеу шаралары кезеңінде жоғары оқу орындарында оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жоғары оқу орындары аралық және қорытынды аттестаттау процедураларын прокторинг жүйесімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ студенттердің барлық жазбаша жұмыстары антиплагиат жүйелері арқылы тексеріледі, – деді вице-министр.
Ведомство өкілі студенттердің барлық жазбаша жұмысы «SEB», «Aero», «Examus», «Proctopus», «Oqylyq», «OES», «Live.atu.kz», «Hesperus» секілді прокторинг жүйелері және көшіріп алуды анықтайтын «Антиплагиат», «Plagiat.pl», «Strikeplagiarism.com», «Turnitin», «Unihub» жүйелерімен тексерілетінін жеткізді.
Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың сөзіне сенсек, жоғары оқу орындарындағы білім беру жағдайы, ондағы сапа тек сессия кезінде ғана емес, ұдайы бақылауда болады.
– Негізінен жоғары оқу орындарындағы білім сапасына сессия уақытында ғана емес, жалпы оқу процесі кезінде де мониторинг жүргізіліп отырады. Прокторинг жүйесінде министрлік пен университет тарапынан емтихандарды да, күнделікті сабақтардың өткізілу барысын да бақылауға болады. Сондықтан нәтижелерді ұдайы көріп отыруға мүмкіндік бар, – деді Г.Көбенова.
Министрліктің мәліметіне қарағанда, прокторингтің автопрокторинг, синхрондыпрокторинг секілді бірнеше деңгейі бар. Бұл кезеңдерден өткенде студенттердің алдымен жүйеге өзінің кірген-кірмегені бет-әлпетін сәйкестендіру арқылы анықталады. Содан кейін емтихан тапсыру кезінде басқа бір жерден көшіріп отырмағанына назар аударылады. Бөлме 360 градус деңгейінде қаралып, бөгде адамның студентке көмектесуіне жол берілмейді. Ондағы ахуал осы жүйе арқылы толық қадағаланады.