
Соңғы он шақты жылдың ішінде Қостанай тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мәселесіндегі ең басты жетістік – халықты тұрғын үймен қамту мәселесінің оңтайлы шешілуі десек қателеспейміз. Әрине, Тобыл жағалауындағы шырайлы шаһар тұрғындары түгелдей баспаналы болды деуден аулақпыз. Алайда қазір бұрынғыдай емес, тұрғын үй алудың тиімді тетіктері мен нақты жүйесі қалыптасып, талпынған жанның айналасы 3-4 жылдың ішінде пәтерлі болуына толық мүмкіндік бар. Бүгінде аймақта табысты жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар арқылы мыңдаған отбасы «өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізіп жатыр. Оған қаланың іргесінде бой көтерген жаңа шағын аудандардың шырайын аша түскен шуақты тіршілік куә. Қазіргі Қостанайдың сырт келбеті де адам танымастай өзгерген. Қаланың батысында «Аэропорт», солтүстік-батысында «Алтын арман», «Юбилейный», «Береке» деп аталатын жаңа шағын аудандар пайда болып, бұрынғы шағын шаһар кәдімгідей қанат жайып, керегесін кеңейте түсті.
Алайда аталған шағын аудандардың тұрғындары таңғы және кешкі қарбаласта орталыққа баратын немесе кері қайтатын жол қатынасының қиындап кеткенін айтады. Қазір екінші Қостанайға №8, 10, 12, 38-бағыттардағы 4 автобус қатынайды. Тұрғындардың айтуынша, жұмысқа баратын және жұмыстан қайтатын уақытта иін тірестіре жолаушы тиеп алатын бұл автобустарда індетке қарсы санитарлық сақтық шаралары сақтала бермейді. Бұған да көндігіп қалған жұртты, әсіресе, балалардың жағдайы қинайды.
– Қазір 1-4 сыныптың оқушылары мектептегі кезекші топтарда білім алып жатыр. Әр топқа 15 баладан бөліп тастады. Олардың сабағы да әр уақытта басталады. Ең басты мәселе, №28 гимназияға екінші Қостанайдан келетін автобустың жоқтығы болып тұр. Біздің шағын ауданда тұратын 33 ата-ананың балалары осы мектепте оқып жатыр. Бәрінің айтатыны сол, баяғы автобустың жоқтығы. Бізге №8 немесе №38-автобустың бірінің бағытын өзгертіп, балаларымыз оқитын гимназия арқылы жүретіндей етіп берсе, сол да жетер еді. Әйтпесе күн сайын Н.Назарбаев даңғылындағы «Агромаш» аялдамасынан түсіп қаламын да, баламды дедектетіп бері қарай мектепке дейін жаяу келемін. Өткенде ерінбей санап шықтым, аялдамамен мектептің арасы 800 метрден асып кетеді екен, – дейді «Юбилейный» шағын ауданынының тұрғыны Оралбай Қабыл.
Балалары №28-мектеп-гимназияда оқып жатқан 33 ата-ана Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметовке өтініш білдіріп, «Сізден сұрайтынымыз, Н.Назарбаев даңғылымен жүретін №8 немесе №38-автобустың бірінің Бородин көшесіне бұрылып, Победа көшесі арқылы өз бағытына қайта түсетін етіп өзгертуге көмектесіңіз. Сонда төменгі сыныпта оқитын біздің балаларымыз мінген автобус мектептің жанындағы аялдамаға тоқтайтын еді. Бұл мектепке де, балаларға да қолайлы. Біз балаларымыздың денсаулығына алаңдап отырмыз. Алда алты ай қыс бар. Қазіргі аялдама мен мектептің арасы тым ұзақ. Осы мәселенің жедел шешілуіне көмектесуіңізді өтінеміз», деген мазмұнда хат жолдаған екен. Өкінішке қарай, ата-аналардың өтініші қала әкімдігі тарапынан қолдау таппады. Қалалық әкімдікке қарасты тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Н.Мусин көмектен үміттеніп отырған ата-аналарға №28 мектеп-гимназияға қаланың басқа аудандарынан келетін қоғамдық көлік маршруттарын түгендей келіп, мазмұны бұлыңғырлау жауап хат жолдапты. Хатта: «Сіздер ұсынып отырған қоғамдық көліктің бағытын өзгертуге болмайды. Өйткені басқа жолаушыларға кері әсері тиеді. Жол жүру ұзақтығы кемінде 20 минутқа артады. Сондықтан аялдамадан түскен соң, келесі көлікке мініп мектепке жетуге болады», деп жазылған.
Тауы шағылған ата-аналардың біразы балалары үшін енді екінші деңгейлі банктердің бірінен несие ресімдеп, ескі болса да, әйтеуір қала ішінде жүріп-тұруға жарайтын жеңіл көлік сатып алудың қамына кірісіп кетті.
Қостанай облысы