
Кейінгі үш жылдың ішінде Қостанай облысында отызға жуық ауылшаруашылық өндірістік кооперативі ашылды. Олар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының екінші бағыты аясында кепілсіз жəне алғашқы жарнасыз арзан несиеге бірден 15 модульді сүт қабылдау жəне 13 мал сою пунктін сатып алды. Кооперативтердің 13-і етті мал басын көбейтуді көздейді, ал 15-і сүт бағытын дамытуға жұмылдырылған. Бүгінде сүт кооперативтері табысты жұмыс істеп келеді. Ал ауыл тұрғындары бағып отырған малды лайықты бағамен ешбір делдалсыз іргелі ет өңдеу кәсіпорындарына тікелей өткізуге қол жеткізу мақсатында құрылған ет бағытындағы кооперативтердің жұмысы керісінше тығырыққа тіреліп тұр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауылдық елді мекендерде ашылған мобильді сүт қабылдау пункттері жыл басынан бері облыстағы іргелі сүт өңдеу кәсіпорындарына 23 мың тоннадан астам сүт өткізген. Бұл жерде ауылшаруашылық кооперативтерінен сатып алынатын әр литр сүттің 125 теңгеге бағаланып, оның үстіне мемлекет кооператив өткізген 1 литр сүтке 10 теңгеден субсидия төлейтінін ескерсек, әр отбасы қорадағы сауын сиырдан алатын бір литр сүтін 135 теңгеге саудалау мүмкіндігіне ие болып отыр. Бүгінде облыстың 9 ауданында сүт бағытындағы 15 ауылшаруашылық кооперативі табысты жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Қостанай ауданына 4 ауылшаруашылық кооперативі бар. Олар – Московский, Октябрьский, Заречный ауылдық округтері мен Александров ауылында.
Московский ауылдық округіндегі «Болашақ» ауылшаруашылық кооперативі 2017 жылы мамыр айында құрылған. 20 отбасы бас қосып, «Ырыс» бағдарламасы бойынша 6 пайыздық жылдық сыйақымен 24 млн теңге жеңілдетілген несие ресімдеп, оған сүт қабылдау пунктін сатып алды. Одан кейін біраз уақыт қор жинап, 5 млн теңгеге сүт сақтайтын тоңазытқыш алды. Кооператив төрағасы Азат Мишторийдің айтуынша, ауыл тұрғындары бірігіп, сүт өндіріп сатуға жұмылғалы қорадағы малдан түсетін табыс та еселене түскен.
– Алғаш 20 үй бірігіп, 64 бас сиыр сатып алдық. Ауылымыз облыс орталығынан 50 шақырымдай жерде орналасқан. Биыл Қостанайдағы «Милх» сүт зауытына 700 тоннаның үстінде сүт тапсырдық. Сүт өңдейтін кәсіпорын мен біздің ауылдың арасы онша қашық емес. Сүт тасымалдайтын көлікті жалдап отырмыз. Ауылдың басқа тұрғындары тапсырған сүтінің әр литріне 110 теңге алады. Ал кооперативке мүше отбасылар тапсырған сүтке 125 теңге алады, бұл бірінші пайда. Екінші пайдасы, мемлекет кооператив тапсырған әр литр сүтке 10 теңге субсидия төлейді. Осылайша, кооператив мүшелері сүттің литрінен 135 теңге пайда алып отыр. Қазір ауылда әр отбасы кем дегенде 10-15-тен сиыр ұстайды. Кооперативке тіркелген үйлерде жалпы саны 300-ге жуық сауын сиыр бар. Сүтін тиімді саудалап, қолдағы малдың пайдасын көріп отырған ауыл тұрғындары енді табыстың көзі қайда екенін түсініп, сауын сиырды көбейтіп жатыр, – деді А.Мишторий.
Кооператив төрағасының сөзінше, биылғы сәуірден қазанға дейінгі алты ай ішінде ұжымға мүше әр отбасы тек сүттің өзінен ғана айына 400 мың теңге табыс тауып отырған. Біз 20 отбасыдан тұратын кооперативтің алты ай жаз өткізген 700 тонна сүтін 135 теңгеге көбейтіп көрдік: 94 млн 500 мың теңге шықты. Еңбек күшін, жол шығынын, алым-салығын алып тастағанның өзінде 20 отбасының әрқайсысы жарты жыл ішінде 4 млн теңгеден таза табыс тауып отыр. «Болашақ» кооперативі алдағы уақытта шаруашылығын кеңейтіп, мал басын өсіре түскісі-ақ келеді. Алайда кооперативтің меншігінде жердің жоқтығы қолбайлау болып тұр. Әкімдік бөліп берген ауылдың айналасындағы жайылым жазда қолайлы болғанымен, малдың қысқы азығын дайындап алатын шабындық жоқ.
– Бізге ең маңызды нәрсе шабындық жер ғой. Өзіне тиесілі шабындығы, азын-аулақ егін егетін жері болмай, ауылшаруашылық кооперативтері толық дамымайды. Бізде қазір не шабындық, не егістік жер жоқ. Облыс әкімдігі мен ауыл шаруашылығы басқармасындағылар осы жағын ойласып, кооперативтердің пайдасына шешіп берсе, ауыл тұрғындарының айы оңынан туар еді. Әйтпесе қазір жем қымбат, тоннасы 50 мың теңге тұрады. Ал егер бізге 100 гектар жер берсе, өзіміз сол жерге арпа егіп, жем қылып алуға болар еді. Оған техникамыз да жетеді. Бес-алты тракторымыз, екі арқалы көлігіміз бар. Қазір 20 отбасы әкімдіктің 200 гектарға жуық шабындық жерін бөліп шауып алады. Бірақ жердің өз меншігіңде болғаны дұрыс қой, – деді кооператив төрағасы.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінде сүт кооперативтері ауылдағы еңбек әлеуетінің артып, жеке үй шаруашылықтары табысының еселенуіне септігін тигізіп отыр. Алайда кооператив иелері шаруашылықты мұнан әрі дамыту мүмкін болмай отыр дейді. Өйткені меншікті шабындық пен егістік жер жоқ.
Қасапханалар қаңырап тұр
Жоғарыда айттық, 2017 жылы Қостанай облысындағы 13 ауданда бір-бірден ет бағытындағы ауылшаруашылық кооперативтері құрылып, оларға Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы әрқайсысы 22 млн тұратын 13 модулді мал сою пункті сатып алынған. Кооператив қасапхана құнының жартысын ғана төлеп, қалған 11 млн теңгені мемлекет төлеп беруі тиіс болатын. Алайда осы 13 МСП-ның бүгінде 9-ы жұмыс істемей тұрғандықтан, бірсыпыра кооперативтер мемлекеттің қолдауы арқылы келген қасапхананың қарызын төлей алмай отыр.
Ет кооперативтерін құру тұрмысы негізінен төрт түлікке байлаулы Жангелдин, Амангелді, Науырзым аудандары үшін аса маңызды. Әр кооператив мал сою пункттерін ашып, сол арқылы ауыл тұрғындары қолындағы малын дүкенге немесе ет өңдеу зауыттарына тікелей лайықты бағаға сатуға қол жеткізсе, ауыл-ауылда отбасылық бордақылау алаңдары көбейіп, жеке үй шаруашылықтары дамып, ауыл халқының табысы өсе түсер еді. Әу бастағы ниет осы еді, бірақ істің түбі шикі болып шықты.
Қымбат тұратын қасапхананы Жангелдин ауданындағы «Ақбота Торғай-3» АШ кооперативі де алған.
– Мал сою пункті 22 млн теңге тұрады. Оның 50 пайызын біз, 50 пайызын Үкімет төлейтін болып келісілген. Мұның сыртында, 160 кило тартатын бір мал соятын болсақ, бағдарлама бойынша мал басына 20 мыңнан субсидия төленуі тиіс еді. Мәселен, айына 30 бас мал сойсақ, 600 мың теңге субсидия төленеді. Осыны есептеп көрсек, 11 млн теңге несиені төлеуге болады екен. Бірақ кейін субсидия төленбейтін болып шықты. Үкімет қасапхана алғызып алды да, артынша субсидияны алып тастады. Содан ауылға әкелген мал сою пункті де жұмыс істемей босқа тұр. Мұның алдында Амангелді, Жангелдин аудандарына Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері келіп, ауылдық округтердің әкімдерін жинап, мал сою пунктін алыңдар, соятын малдарыңды кооперативке тапсырасыңдар, ал кооператив мойнындағы қарызды субсидия арқылы жабады. Сосын мал сою пункті кооператив иелерінің меншігінде қалуы керек деп насихат жүргізді. Бірақ сол іс сөз күйінде қалды. Бізге мал сою пунктін 2017 жылдың желтоқсанында әкеп берді. Біз жерін, қосылатын суын дайындап қойдық. Әкелген фирманың мамандары қасапхананы өздері қосып, көрсетіп беруі керек еді, олар тастады да кетіп отырды. Осылайша, бірде-бір мал сойылған жоқ, қасапхана су жаңа қалпы тұр. Бұл енді кооперативтің мойнына ілініп тұрған дүние. Сонымен бұл іске аспай қалған бағдарлама болды. Қасапхананы жұмыс істететін болсам ақша төлеуім керек қой, оны қай қалтамнан төлеймін? Қасапханаға алған 11 млн несиені де төлей алмай отырмыз. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры сотқа беріпті. Өткен жылы сот орындаушылары келіп, қасапханаға арест салып кеткен. Қазір мал сою пункті сот бұғатында тұр, – деді «Ақбота Торғай-3» АШ кооперативінің төрағасы Ерболат Зейнуллин.
Науырзым ауданында да дәл осындай бір қасапхана жұмыс істемей тұр. Бірақ сонда да кооператив мойнына ілінген 11 млн теңге несие қарызын төлеп отыр. Бұл ауданда құрылған «Науырзым мал өнімдері» АШ кооперативінің төрағасы Ернар Омаровтың айтуынша, қасапхана қазіргі бәсекеге қабілетсіз.
– Мал сою пунктінің салқындатқышы ғана бар, мұздатқыш камерасы жоқ болып шықты. Елден мал қабылдап, оны сойғанымызбен, апарып өткізетін ет өңдеу кәсіпорындары алыс. Мұның сыртында, ауылдың малы арнайы бордақылау алаңдарындағы малдың етіне қарағанда арықтау болып келеді. Сондықтан бордақылау алаңдарының малын соятын ірі мал сою пункттеріне бәсеке бола алмаймыз. Осыдан бір-екі жыл бұрын облысқа сол кездегі Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев келген. Сол кезде осы қасапханалар мәселесіне қатысты сұрақ қойдым. «Осы бағдарламаның негізі жақсы еді, бізді қарызға тықтыңыздар да, субсидия береміз деген уәделеріңізден тайқып кеттіңіздер» деп едім, вице-минстр: «Это была тупая программа, мы ее приостановили, поэтому идите на банкрот», деп жауап берді. Осылайша, 20 мың теңге субсидияға сеніп, мойнымызға қарыз іліп алып отырмыз, – деді Ернар Омаров.
Кооператив төрағасының сөзінше, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «мал сою пункті» деп ауылға орнатқан дүние мал сою пункті болмай шыққан.
– Оның бәрін әкеліп орнатқан соң, мал сою пунктін ветеринария келіп тексерді. Олар аспаннан түскендей «мынау мал сою пунктіне жатпайды, бұл мал сою алаңы болады, өйткені мұздатқышы, тағы бір нәрселері жоқ», деді. Бірақ соған қарамастан, бастапқы кезде біраз мал сойдым. Біреу соғымдық малын алып келеді, біреу сатып бер дейді, балабақшаның малын сойып бердік. Қасапшының еңбекақысын төлеу үшін, сойылатын мал иесінен қызметақыны қымбат сұрауға тура келеді. Ауылда бір мал 15 мыңға сойылып жатса, қасапханада 25 мыңға сойылуы керек. Өйткені суым, төлейтін салығым, электр ақысы, қасапшының еңбекақысы есептелінеді. Сөйтіп адамдар келмей қалды. Оларға қасапшы апарып үйінде сойдыртқан тиімді. Сонда да ай сайын несиені төлеп, қасапхананы сақтап қалып отырмын. Бүгін болмаса, ертең кәдеге асып қалар деген үміт бар, – деді кооператив төрағасы.
«Науырзым мал өнімдері» АШ кооперативіне әу баста 100-ден астам отбасы мүше болып тіркелген. Бүгінде содан 21 отбасы қалып отыр. Ұжым төрағасының асыл тұқымды бір-екі бұқасы бар. Ауыл тұрғындары қорадағы сиырына сол бұқаны қосып, мал басын асылдандыруда. Мал басын асылдандырып жатқан кооператив мүшелері әр аналық ірі қара үшін мемлекеттен 10 мың теңге субсидия алады. Бірақ бұл ақша баяғы қасапхана қарызын жабуға кетіп жатыр. Ет кооперативтерінің бүгінгі жайы осындай. Ернар Омаровтың сөзінше, Науырзым ауданында ет бағытын дамытқаннан гөрі сүт бағытын дамытқан тиімді. Өйткені Науырзым өңірінде мал оңайлықпен семіре қоймайды. Мұның сыртында, малдың пайдасын кем дегенде алты ай кейін көресің, ал сүттен күн сайын пайда түсіп жатады. Аудан орталығы Қарамеңді мен Қостанайдың арасы шамамен 200 шақырым. Сүт қабылдау пункті, тоңызытқышы бар көлік болса, шаруаны дөңгелетіп әкетуге әбден болады.
Қостанай облысы