
Кеше
Ширек ғасырдан аса уақытқа кері шегінейік. Қазіргі таңда елдің, халықтың, мемлекеттің қауіпсіздігі жолында өлшеусіз еңбек етіп жатқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) 1958 жылы Кеңес одағының оңтүстігіндегі аймақтарды жануарлар мен өсімдіктерден келетін аса қауіпті аурулардан қорғау мақсатында КСРО Министрлер Кеңесінің және КОКП ОК қаулысымен Ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институты (АШҒЗИ) болып құрылды. Бірнеше жылға созылған қарқынды құрылыстан кейін Жамбыл облысындағы Отар стансасына 3 шақырым жерде әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымы (балабақша, мектеп, емхана, мәдениет үйі, дүкендер, пошта мен қазандық) бар біртұтас ғылыми қалашық және қалашықта сол уақыттағы биологиялық қауіпсіздікке қойылатын талаптардың барлығына сай келетін мекеме пайда болды. Институт орналасқан жеріне қарай халық арасында «Отар институты» деген атпен белгілі болды.
Үлкен іспен, шындығында қауіпті қызметпен айналысуға КСРО-ғы ең беделді ЖОО-нан жас мамандар тартылды. АШҒЗИ-ына мақсатты және жоспарлы түрде жіберілген кадрлар көбіне Мәскеу ветеринариялық академиясының, Воронеж университетінің, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің, Алматы зооветеринариялық институтының түлектері мен КСРО-ның басқа да ғылыми-зерттеу институттарының мамандарынан құралды.
Кеңес одағы құлап, ғылым «ала дорба арқалап кеткен» қиын-қыстау кезеңде институтқа ветеринария ғылымдарының кандидаты, кейін докторы, профессор Сейдіғапбар Мамадалиев басшылық етті. Ол бар күш-жігерін салып, институтты сақтап қалды.
Институт аумағы әуелде тәулік бойы КСРО Ішкі істер министрлігінің жеке взводымен күзетілді. 1970 жылдардың басында өзге республикалардан әскери бөлімдерді қалашыққа орналастыру басталып, кенттің бақылануы мен тіршілігінің қамтамасыз етілуі КСРО-ның, кейін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне берілді.
Осы жерде оқырманда «Бұл институт аумағы неліктен күзетіледі?» деген сұрақ туатыны заңды. Әлгінде атап өткеніміздей, институт әуелден аса қауіпті инфекциялық ауруларға қарсы вакцина және басқа да биопрепараттар әзірлеумен айналысады. Сол себепті мұнда бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынады. Кіргенде де нақты мақсатпен, алдын ала рұқсатпен, аса сақтықпен ғана кіруге мүмкіндік беріледі. Өйткені адамды өлімге әкелуі мүмкін вирустармен тек соған машықтанған маман ғана бетпе-бет келіп, күресе алады. Екінші жағынан биологиялық қауіпсіздік – мемлекеттің қауіпсіздігі. Ал қауіпсіздік әрдайым қорғаныста болуы тиіс.
Бүгін
Астанамыздан аттанған отарба ойға алған Отар стансасына тоқтады. Институт елордадан ат арытып келген қонақты күтіп алатын елгезек адамды дайындап қойыпты. 3 шақырымды артқа тастап діттеген жерімізге жетіп, арнайы күзетпен қоршалған әскери базаның постынан тексеріспен өттік. Мұнда кіруге алдын ала тиесілі органның рұқсатын алғанбыз.
Көп ішінде қазір «жабық институт» аталып жүрген жерді жат планеталықтар тұратын, тұрғындарының өзінше заңдары бар, өмір сүру тәртібі біздікінен бөлектеу мекен сияқты елестеткеніміз бар. Күткенімізді көрмегендіктен, аздап таңырқап қалдық. Әскери базаның қызметкерлері мен аталған институттың мамандары тұратын қалашықта кәдімгі күйбең тірлік. Постыдан өткеннен кейін қалашықтың көшелерімен жүріп өткенде осыған анық көз жеткізгендей болдық. Баласын жетектеген ана, таяғын сүйеніп жол жиегінде ілбіп келе жатқан әже, жұмысына жаныққан орта жастағы ер адам, таң бозарып атқаннан жыбырлап жұмыс істеп жүрген жұмысшы жігіттер, қолтығына нанын қыса дүкеннің шиқылдаған есігін жауып шыққан қыз сізді күнделікті жұмысыңызға бір бейтаныс жолмен бара жатқандай күйге түсіреді.
Осыны ойлап бола бергенде институттың қонақтарға арналған жатақханасына да жеттік. Адам аяғы аз болғаннан ба, салқын. Алайда адамдары – жылы жүзді. Өз жағдайыңды қалауыңша жасап алуға бар мүмкіндік қарастырылыпты.
Енді негізгі нысан – институтқа бет алдық. Ғылыми мекеме де арнайы күзетпен қоршалған. Ондағы арнаулы бекет те бөгде адамды рұқсатнамасы бойынша ғана өткізеді. Бізді өзінің жып-жинақы кабинетінде күтіп алған Институт бас директорының өндірістік қызмет жөніндегі орынбасары, ветеринария ғылымдарының кандидаты Мархабат Мелісбекұлы өз сөзін:
– Сенсеңіз, қазір институттың барлық мамандары, әсіресе осынау қатерлі кезеңде елдің сенімін ақтау, азаматтарымыздың өмірін сақтау жолындағы мылтықсыз майданның алдыңғы шебінде жан алысып, жан берісіп жүрген ғалымдарымыз жұмыс уақыты, демалыс дегенді ұмытты. Міне, алда мереке күндері келе жатыр, оған көпшілік кемі 3-4 күндеп демалады. Ал біз күні-түні тынбаймыз, Тәуелсіздік күнінде де егемен елімізге еңбек ететініміз анық», – деп бастады.
«Күндіз-түні не істейді?» дейсіз ғой. М.Мелісбекұлының айтуынша, қазір институт – республиканың ветеринариялық вирусология, иммунология, молекулалық биология, микология, фитопатология және биологиялық қауіпсіздік саласындағы ірі ғылыми орталықтарының бірі. Мұнда медициналық және ветеринариялық мақсаттағы, балаулық (диагностикалық), емдік-терапевтік және профилактикалық препараттардың биотехнологиясын әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізіледі.
Бүгінде институттың құрылымына 2-ші және 3-ші деңгейлі биологиялық қауіпсіздігі (BSL – Biosafety lеvel) бар 13 ғылыми зертхана, қосалқы технологиялық, ғылыми-ақпараттық, инженерлік-техникалық және әкімшілік-шаруашылық бөлімдері кіреді. Сондағы бүгінде коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны әзірлеумен тікелей айналысып жатқан Аса қауіпті індеттік аурулар зертханасына жол тарттық. Зертхананың меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Леспек Бекболатұлы АҚШ пен Қазақстанның ынтымақтастығы нәтижесінде салынған нысанға бізді бағыттады. Ішкі бекетте тұрған күзетте толық тексерістен ұялы телефонымызды қалдырып, диктофонды ғана алып өте алдық. Себебі онда өте қауіпті, тіпті кей зертханаға осы институттың басшылары да кіре алмайды екен. Мұнда кіруге рұқсаты бар мамандарда арнайы чип болады, сол арқылы ғана бас сұға алады.
Л.Бекболатұлының сөзіне сүйенсек, Аса қауіпті індеттік аурулар зертханасы құрылысының ерекшелігі сол, ондағы қауіпті вирустармен ашық жұмыс істейтін бөлмелердің төбесіне инфекцияны атмосфераға таратпай сүзіп, ұстап қалатын сүзгі (HEPA-фильтр) орнатылған. Ыстық пен мұздай су тоқтаусыз келіп тұрады. Қажетті электр энергиясымен де қамтамасыз етілген. Егер бір себептермен зертхана жарықсыз қалса, қуаттылығы жоғары генератор 20 секундтың ішінде автоматты түрде іске қосылып, ондағы жұмыс жалғаса береді. Суға арналған резервуарлар да бар, оның да қызметі – автоматты. Ал мамандар арнайы құрал-жабдықтармен, қорғаныс киімдермен қамтылған. Сонымен қатар зертхананың негізгі аймағында жұмыс істейтін қызметкерлердің кіргенде және шыққанда толығымен тазаланып, жуынуы үшін де жағдай жасалған.
– Вакцина толығымен осы жерде жасалып жатыр. Қазіргі таңда COVID-19-ға қарсы 5 түрлі вакцина әзірленуде. Оның біріншісі – инактивтелген немесе өлтірілген вакцина. Бұл негізінен вакциналардың ішіндегі қауіпсіз түріне жатады. Екіншісі – суббірлікті яки ақуыздық вакцина. Үшіншісі – рекомбинатты (векторлы), яғни генді-инженерлік вакцина. Мұнда қауіпті вирустың РНҚ-ынан қажетті бөлігін алып, қауіпсіз вирустың геномына салады. Сонда ақуызы синтезделіп, оны адамға салған кезде ағзада антиденелер пайда болады. Мәселен, біз каприпокс вирусына коронавирустың генін салдық. Сол кезде каприпокс вирусы коронавирустың антигендік ақуызын синтездейді. Дәл осы вакцинаны еккенде адамның иммундық жүйесі коронавирус келді екен деп антидене шығарады. Төртінші вакцина да – векторлы. Тек осы вакцинаның екінші түрінде каприпокс вирусының орнына тұмау вирусы қолданылады. Каприпокс пен тұмау вирусы адамға залалсыз. Мысалы, Ресей «Спутник» деп аталатын дәл осындай векторлы вакцинаны аденовирустың генімен жасап шықты. Аденовирус негізінен ағзаға енгенде көбейеді, сөйтіп иммундық жүйеге әсер береді. Соның нәтижесінде адам ауырсынуды сезінеді, қызуы көтеріліп, кейбірі төсек тартып қалуы мүмкін. Бесіншісі – тірі вакцина. Бұл түрін дайындау үшін біз сол коронавирустың өзін алып, түрлі әдістермен зарарсыздандырамыз. Сонда вирус тірі бола береді, алайда ауру тудыра алмайтын жағдайға түседі. Бірақ тірі вакцинаны әзірлеуге кемі 1 жыл уақыт қажет. Міне, біздің институтта 5 түрлі вакцина дайындап жатырмыз. Әлемдегі ахуалға көз жүгіртсек, мәселен, Ресейдің өзінде бір институт бір ғана вакцинаны әзірлеумен айналысады. Дүниежүзінде вакцинаның 5 түрін жалғыз өзі дайындап жатқан институтты әлі кездестірген жоқпыз, – деді Леспек Бекболатұлы.
Әлбетте жұмыс жүйелі болуы үшін 5 вакцинаға 5 түрлі топ жасақталған. Тірі вакцинаны дайындап жатқан топтың құрамындағы ғалым инактивтелген немесе басқа да вакцинаның түрін әзірлеуге араласпайды. Қазіргі таңда осы бесеуінің ішіндегі инактивтелген вакцина дайын. Бүгінде оны клиникаға дейінгі (тышқанға, атжалманға, қоянға, маймылға егу арқылы) сынақтан сәтті өткізіп, клиникалық сынауға жіберілді. Институт шығарған бұл вакцина клиникалық сынақтың 1-кезеңінде 18-50 жас аралығындағы дені сау 44 еріктіге; 2-кезеңінде 18-50 жас аралығындағы адамдарға ғана емес, егде жастағы жандармен қосқанда 200 еріктіге егіліп, қауіпсіздігі мен тиімділігі тексерілді. Енді 3-кезеңге дайындық басталды. Келесіде 3 мың адамға сыналатын вакцина дені сау немесе егде адамдарға ғана емес, түрлі аурулармен ауыратын науқастарға да ерікті түрде егіледі. Бекітілген қаулыға сәйкес 2 мың адам Алматы қаласынан, 1 мың адам Тараз шаһарынан болмақ.
Инактивтелген вакцинаны әлемде Ресей, Қытай және Қазақстан дайындап жатыр. Ал тірі вакцинаны дүние жүзінде тек екі-ақ ел – вирусология саласында үздік Үндістан мен Қазақстан қолға алып отыр. Вакцина түрлерінің ішіндегі нақ осы екеуі ең сенімдісі саналады. Шын мәнінде тірі вакцинаны әзірлеуге тәуекел керек. Өйткені онда вирустың қауіптілігін жойғанда иммунногендігін сақтап қалу қажет. Бұл үшін үлкен тәжірибе болуы тиіс. Ал тірі вакцинаны әзірлеуде БҚПҒЗИ-ның зор тәжірибесі бар. Институттағы Індеттік аурулардың мониторингі зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхит Бармақұлы ірі қара малдағы түйінді дерматитке қарсы тірі вакцинаны екі жылдың ішінде (2018 жылы) ойлап тауып, 2019 жылы өндіріске енгізді.
Л.Бекболатұлының бағалауына қарағанда, мұндай тәжірибе дүние жүзінде болмаған. Айталық, Ресей 2015 жылдан бері аталған вакцинаны табуға әрекет етіп келе жатқанымен, әлі күнге қажетті деңгейдегі нәтижеге қол жеткізе алмады. Сондықтан қой күліне қарсы вакцинаны тиімділігі төмен екеніне қарамастан осы дерматитке қарсы қолданып отыр.
Айтпақшы, БҚПҒЗИ ғалымдары екінші вакцинаны клиникаға дейінгі сынауға кірісті. Жақсы нәтиже алынған жағдайда адамдарға клиникалық сынақтар жүргізіледі. Кейін вакцина Денсаулық сақтау министрлігінде тіркелуі тиіс, содан кейін ғана вакцинаны адамдарды вакцинациялау үшін қолдануға болады.
Журналистік сапарымыздың 2 күнінде де БҚПҒЗИ-дің Бас директоры Күнсұлу Закарьяны көрмедік. Барлық істің тігісін жатқызып жүрген инстиут Бас директорының қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Азамат Мұхтарұлы қарсы алғандағы сөзінде тұрып, әріптестерімен бірге басшысын жоқтатпады. Біз де ғалымдарды айрандай ұйытып, алпауыт істі үйріп әкетіп отырған басшының сөзін тарихқа таңбалап қалғымыз келсе де, бізден гөрі мемлекеттің қауіпсіздігіне жауап беру жауапты іс қой деп көндік. Оның үстіне жоғарыдағыдай, ұңғыл-шұңғылы көп, аса ыджағаттылықты талап ететін ғылыми жұмысты сол іспен тікелей айналысып отырған ғалымдардан артық кім айта алар дейсіз...
Иә, сол мамандарымен мықты, бүгінде 60 млн дозада әртүрлі вакцинаны өндіруге қауқарлы институтта медициналық және ветеринариялық вирусология, биологиялық қауіпсіздік, эпизоотология, иммунология, молекулалық биология, гендік инженерия, биохимия, биотехнология, микробиология және фитопатология бойынша мамандар жұмыс істейді. Оның ішінде 1 Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 4 профессор, 4 қауымдастырылған профессор, 3 ғылым докторы, 23 ғылым кандидаты, 2 PhD және 35 ғылым магистрі бар.
Институттың тыныс-тіршілігінен хабар беретін тоқсандық «Институт тынысы» ақпараттық газеті шығарылады. Және ең маңыздысы «Биоқауіпсіздік және биотехнология» ғылыми журналы жыл басынан бері жарыққа шыға бастапты. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері жазылатын ғылыми мақалалардың ғалымдар әлеуетін қалыптастыруда үлесі зор. Сол себепті институттың ғылыми журналы болашақта Scopus секілді халықаралық базаға енгізілсе, отандық ғалымдарды әлемге әйгілеуге жол ашылары анық.
Ертең
Әр адамның бүгінгі беталысынан болашағын білуге болатыны секілді, біз табан тіреген тарихи институттың қазіргі күйін көргеннен кейін келешегіне де көз тастауды көздедік. Институт жанындағы Оқу ғылыми-білім беру орталығының директоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Хайрулла Біләлұлы алдағы уақытта ірі істермен шұғылданатын зертханаларда докторанттарды даярлау қолға алынатынын айтты. Осы мақсатта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен келісім жасалған, сонымен қатар «Вирусология» мамандығы бойынша PhD-докторлық жұмыстар қорғалатын мамандандырылған диссертациялық кеңес ашу да алдағы күннің жоспарына енгізіліп отыр.
Ал институттың болашағын бағдарлап беретін басты бағыт – әлемде санаулы елдерде ғана бар биоқауіпсіздігі 4-деңгейлі зертханаға қол жеткізу. BSL-4 зертханада әлемде әлі вакцинасы табылмаған, зардабы жоғары, жұқтырған адам өліп кететін қауіпті вирустармен де жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Мысалы, Қызылорда облысында тараған кенеден жұғатын Конго-Қырым қызбасынан дәрігерлер ажал құшты. Егер биоқауіпсіздігі 4-деңгейлі зертхана болса, осындай кеселді дертке дер кезінде диагноз қойылып, ауруға қарсы шаралар уақтылы қолға алынар еді.
Қазіргі кезде мекеме маңында GMP халықаралық стандарттары мен талаптарына сәйкес иммунобиологиялық препараттарды өндіруге арналған заманауи биофармацевтикалық зауыт құрылысы қарқын алған. Аталған зауыттың іргетасы биылғы маусымда Үкімет басшысы А.Мамин, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев бастап, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов қолдап қаланған болатын.
Институт аумағынан шығып бара жатқанда оң жақ қапталдағы қызу құрылысқа көзіміз түсті. Онда 60 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Баспана мәселесінің шешілуі зейнет жасына таяп қалған ғалымдардың бойындағы бар білгенін жиып-теріп, елдің ертеңі үшін аманаттап алып қалар білікті жас мамандардың қызметке келуіне септесер деп сендік. Біз астанаға қайтқалы жатқанда елордадан институттың қос ғалымы Отарға олжалы оралды. БҚПҒЗИ басшылығының ұсынысымен бас ғылыми қызметкерлер, ветеринария ғылымдарының кандидаттары, профессор Жайлаубай Қыдырбайұлы мен қауымдастырылған профессор Мұратбай Әлдібайұлы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сай «Құрмет» орденін кеудеге тақты.
Біз ғалымдар үшін қуандық, түптеп келгенде бұл – ғылымға деген құрмет қой.