
Заңгер Б.Базарбек: «Алматы қаласы әкімінің әр жылдары қабылданған «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» ШЖҚ РМК жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығын беру туралы 2 түрлі қаулысы бар» дей келе «№1-1/294 нөмірлі бірінші қаулы 2012 жылғы 30 қаңтарда, ал №4/392-2236 нөмірлі екінші қаулы 2017 жылғы 2 қазанда қабылданғанын» жазады. Әкім Ахметжан Есімов қол қойған 2012 жылғы 30 қаңтардағы № 1-1/294 қаулыға сәйкес 2012 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жер учаскесінің аумағы 73,2662 гектарды құраған. Ал 2017 жылғы қаулыда ((№4/392-2236) жер аумағы – 72,4872 гектар, ал университетке тиелісі жер – 71,4220 гектар деп көрсетіледі. Егер кадастрлық нөмірі 20-313-009-014 болатын жер учаскесін назарға алсақ, университет аумағы 73,2662 гектардан 72,4872 гектарға қалай қысқарды? Осындай сауал тастаған заңгер Б.Базарбек бұл істе мәселеге Алматы әкімдігі мен оқу орны басшылығының қатысы бар деп отыр.
Осы орайда университеттің бірінші проректоры М.Бүркітбаевтың 2017 жылы 1 тамызда қаланың сол кездегі әкіміне жазған №9-9-2362 хатын көлденең тартады. Бұл хатта проректор ҚазҰУ қалашығын бұдан бұрын орын алған өзгертулерге байланысты түзетуді сұрайды. «Сонда ол қандай өзгерістер болды?» деп сауал тастаған Б.Базарбек Жер кодексінің 39-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік жер пайдаланушыларға өзіне тиесілі жер пайдалану құқығын иеліктен шығаруға және кепілге беруге тыйым салынатынын атап өтеді.
«2017 жылы жерге орналастыру жобасы болғаны және ол ҚазҰУ мен Алматының Жер қатынастары басқармасында бекітілгеніне күмәнім жоқ. Ал қаулы жерге орналастыру жобасынсыз шығарылмайды, сәйкесінше жерге орналастыру жобасына дейін мәселені әкімдіктің жер комиссиясы арқылы өткізіп, жер комиссиясының хаттамалық шешімі шығарылды», дейді өз жазбасында заңгер Б.Базарбек.
Осы орайда туындаған мәселеге орай университеттің баспасөз қызметі таратқан жауаптың толық мәтінін ұсынуды жөн көріп отырмыз: «Кейінгі уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қатысты жеке тұлғалар тарапынан мақсатты түрде ақпараттық шабуыл жасалуда. Атап айтқанда, YouTube интернет-ресурсында белгісіз тұлға «Рокки Балбо» деген лақап атпен ҚазҰУ басшылығы университеттің жер учаскелерін жеке тұлғаға сатыпты-мыс деген бейне-хабарлама жариялаған. Содан кейін бұл материалды М.Казачков өзінің Telegram каналында тарата бастады. Осы тақырыпта блогер Б.Базарбек Facebook әлеуметтік желісінде пост жариялады. Осылайша, университет пен оның басшылығының беделін түсіруге бағытталған жағымсыз пікірлермен жағдайды мақсатты түрде ушықтыру белең алуда.
Осы ретте көтеріліп жатқан жер мәселесіне қатысты түсініктеме беруді қажет деп санаймыз. Біріншіден, университет пен ҚазҰУ-дың лауазымды тұлғалары жер учаскесінің бір бөлігін үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығару жөнінде келісім берген жоқ және жер учаскесін басқа тәсілмен бөлуге қатысқан жоқ. Айта кетерлік жайт, барлық мүлік пен жер мемлекеттік актив болып табылады, сәйкесінше ЖОО-да оларды иелену, пайдалану және билік ету құқығы жоқ. Екіншіден, Жер кодексінің 43, 44-1 және 48-баптары, сондай-ақ «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 4-бабының 1-тармағы мемлекеттік мүлікті, оның ішінде жер учаскелерін басқару, беру/сату саласындағы мемлекеттің құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Жоғарыда аталған заңдардың баптарында шешімдер қабылдау тәртібі заңнамалық түрде айқындалған, сондай-ақ мемлекетке тиесілі мүлік пен жерге қатысты кез келген жеке-дара шешім қабылдау тәртібі алынып тасталған. Демек, университет басшылығы өз қалауы бойынша мемлекеттік мүлік пен жерді беруді жеке-дара жүзеге асыра алмайды. Үшіншіден, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы 2017 жылы жер учаскелерін иеліктен шығару жөніндегі жерге орналастыру жобасын әзірлемеген, бекітпеген және оған ешбір түрде қатыспаған. Осылайша, әлеуметтік желілердегі ҚазҰУ басшылығының жер учаскелерін беруге қатысы бар деген жарияланымдар шындыққа сәйкес келмейді және оның беделін түсіруге бағытталған. Жоғарыда айтылғандарға байланысты қазіргі уақытта құқық қорғау органдарына шаралар қабылдау туралы өтініш жолданды».
Бұл мәселеге орай әлеуметтік желіде экономист-сарапшы Д.Кривошеев те үн қосты. Ол заңгер Б.Базарбек бұл мәселені көтерместен бұрын сауалды аталған университет басшылығына жолдауы қажет еді деп санайды.
Б.Базарбек көтеріп отырған жер мәселесі 2016-2017 жылдары орын алған. Ол кейбір қаулымен расталады. Дегенмен құжаттардан туындаған сауалға орай нақты жауап табу мүмкін емес. Тіптен заңдардың өзі талдауды қажет етеді. Ал нормативтік құжаттар мен түсініктемелердің қосымша беріліп жататыны сондықтан. Осы мәселені көтере отырып Д.Кривошеев заңгердің қоғамда белгілі бір көзқарас қалыптастыруды көздейтінін әрі бұл жағдайда құжаттардың жалғандығын, оған оқу орнының қатысы жоқ екенін айтып отыр. Өйткені бірде-бір құжатта оқу орнының мөрі, сенім хаттардың көшірмесі көрсетілмеген.
Д.Кривошеев осы орайда Б.Базарбектің басты көзірін кейінге қалдырғанын айтады. Яғни даулы мәселе туындағаннан кейін барып 2017 жылы 1 тамызда жазылған университеттің бірінші проректоры М.Бүркітбаевтың хатын жариялаған. Онда оқу орнының өкілі енгізілген өзгерістерге байланысты учаскенің шекарасын түзетуді сұрайды. Осы орайда Д.Кривошеев учаскені өзгерту туралы әкімнің 2017 жылы 2 қазанда жазылған қаулысында қателіктердің бар екенін айта келе бұл хаттың университетке қажет немесе әкімдіктің сұрауы бойынша да жазылуымен байланысты болуы мүмкін дейді. Сондықтан дәл осы хат орын алып отырған жағдайға себеп болған.
Заңгер Б.Базарбек сонымен бірге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұсынған кадастрлық нөмірі 20-313-009-014 жер учаскесі шекарасының контурында әртүрлі мақсатты режімдері мен кадастрлық нөмірлерімен 3 түрлі жер учаскесі бар екенін алға тартады. Онда кадастрлық нөмірі 20-313-009-039 пайдалану және қызмет көрсету үшін шаштараз жалпы үлестік меншік; кадастрлық нөмірі 20-313-009-032 жалпы меншіктегі дүкенді пайдалану; кадастрлық нөмірі
20-313-009-037 халыққа қызмет көрсету ғимаратын жекеменшікте пайдалану үшін деп көрсетілген.
Бұл жер учаскелері жекеменшікке қалай және қашан өтті? Осы орайда «Университет аумағының 0,8 га қысқарып кетуіне 2017 жылы орын алған қандай жағдайлар себеп болуы мүмкін? Бұл мәселеге тиісті орындар неге кезінде назар аудармаған? Тіптен, қала әкімінің сол жылғы қаулысын заңсыз деп табу жөнінде де мәселе неге көтерілмеді?» деген сауалдарға әділдік органдары әділетті жауабын айтады деп сенгіміз келеді.
Ал бірнеше буын білім алған қара шаңыраққа қатысты даулы мәселе әрине көпшіліктің назарын аударды. Беделі биік жоғары оқу орнының аумағына қатысты туындаған қайшылықты мәселеде тиісті орындар анықтайтын жайттың басы ашық десек те, түйткіл көп сияқты.
АЛМАТЫ