
Сонымен бұдан былай балабақшалар, мектептер мен колледждер мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Министрдің мәлімдеуінше, бұл – ұзақ уақыт талқыланып қабылданған норма.
– Аттестаттау – сыртқы мониторинг және білім беру ұйымдарының белгіленген стандарттар бойынша орындаған жұмыстарын бағалайтын құрал. Ең бастысы, аттестаттау тек проблемаларды айқындаушы репресивті құрал емес, анықталған проблемаларды жоюға бағытталған нақты ұсыныстар беру тетігі болады. Аттестаттау бес жылда бір рет жүргізіледі. Осы арқылы білім беру ұйымдарында берілетін білімнің сапасы анықталып, ата-аналар, оқушылар мен педагогтер арасында сауалдама жүргізіледі, материалдық-техникалық база, кадр құрамы және басқа да аспектілер бойынша белгіленген талаптарға сәйкестігі бағаланады, – деді А.Аймағамбетов.
Осыған дейін оқулықтардағы олқылықтарға қатысты проблеманы көтерген мақаламызда кітаптар, жалпы, реформалар дұрыс болуы үшін алдымен соған негіз болатын бағдарламалар мен стандарттарды сынақтан өткізу керегін жазғанбыз. Сол мәселе енді заңмен нақты шешілген секілді. Бұл туралы ведомство басшысы:
– Үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары білім беру процесіне енгізілгенге дейін міндетті түрде сараптамадан және апробациядан өткізіледі. Осылайша орын алуы мүмкін кемшіліктер анықталады. Бұл – өте маңызды норма. Жаңа оқу бағдарламаларын енгізуге байланысты жұмыстарда асығыстық жасамау керек. Әрине мұндай норма министрлікті шектейді, алайда осы арқылы жан-жақты ойластырылған, ғылыми негізделген және сынақтан өткізілген бағдарламаларды енгізудің механизмі жұмыс істейді. Бұдан бөлек оқулықтардың сапасын одан әрі жақсарту, оқу материалдарын әзірлеу кезінде бірізділікті белгілеу үшін министрліктің мектеп оқулықтары және оқу-әдістемелік кешендерінің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды белгілеу құзыретін айқындайтын түзету қабылданды. Аталған маңызды норма оқулықтардың сапасын арттыруға бағытталған, – деді.
Ал келесі өзгерісті заңға енгізуге пандемия түрткі болған сыңайлы. Бұған дейін білім беру саласының сарапшылары онлайн оқыту (қашықтан оқытумен шатастырмау керек) форматын «Білім беру туралы» заңда арнайы пункт ретінде қарастырылуы қажеттігін, ақыл-есі сау, бірақ белгілі бір себептермен мектепке қатынай алмайтын балалар да білім алуы тиіс екенін көп көтерді. Сол сөз ескерілгендей. Биылдан бастап енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, қашықтан білім беруге қатысты талаптар айқындалады. Қашықтан оқыту процесінде онлайн білім беру де қолданылады.
Айтпақшы, министрлік білім беру ұйымдарына алып кіруге және онда пайдалануға тыйым салынатын заттардың тізімін бекітпек. Бұл норма оқу орнында білім алушылардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы үшін және алдын алу шараларын күшейту мақсатында енгізілген. Осыдан соң қоғамда білім алушыларға смартфон ұстауға тыйым салынатыны туралы сөзі тарады. Бірақ министр А.Аймағамбетов оны жоққа шығарды.
Ендігі кезекте жоғары білімге қатысты енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталсақ, енді жоғары оқу орындарында оқу жетістіктерін сырттай бағалау процедурасы жүргізілмейді. Өйткені елімізде жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік берілген. Әр ЖОО оқу бағдарламаларын өз бетінше әзірлейтіндіктен мұндай бағалау түрін жүргізудің қажеті болмай қалды. Мұның бәрі өз кезегінде университеттердің жеке моделін қалыптастыруға бағытталған сияқты. Себебі келесі өзгеріс те соны меңзейді. Бұдан былай мемлекеттік үлгідегі диплом берілмейді. 2021 жылдан бастап әрбір ЖОО білім алған азаматтарға жеке үлгісі бойынша диплом береді. Демек, дипломдар біркелкі болмайды. Бірақ ортақ талап (Мәселен, білім берілгенін растайтын құжатты есепке алу және сериялық нөмірлері бойынша бір жүйеге келтіру үшін дипломдардың мазмұнына қатысты бірыңғай минималды талаптар қарастырылған. Министрліктің ақпараттық жүйесінде берілген дипломдардың депозитариі, реквизиттері болады, сондай-ақ Болон процесінің талаптарына сай Diploma Supllement беру қарастырылады) болады. Себебі заңсыз немесе жалған құжат айналымына жол бермеуге тиіспіз.
Жоғары білімге қатысты енгізілген ең маңызды өзгеріс – Мемлекеттік грант арқылы оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеуіне қатысты болғандай.
– Мемлекеттік грант арқылы оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілді. Түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, енді жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, гранттарын өтей алады. Басты шарт – дайындық бағыты (мамандығы) бойынша жұмыс істеуі тиіс. Бұл мәселені түлектер жиі көтеретін. Жаңа норма түрлі ұйымдардағы кадр мәселесін шешуге де септігін тигізеді. Сондай-ақ түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Қазір мемлекет-жекеменшік әріптестігі дамып келеді және мемлекеттік тапсырыс жекеменшік балабақшаларда, мектептер мен ауруханаларда орналастырылып жатыр. Айтпақшы, кейбір грант иегерлері мемлекет шығынын жұмыспен өтеуден құтылудың жолын тапқан. Олар грант арқылы 3-курсқа дейін тегін оқып, үш жыл бойы стипендия алады. Содан кейін мемлекеттік грантты жұмыспен өтемеу үшін 4-курста ақылы бөлімге ауысатын. Бұдан былай студент қанша жыл грантта оқыса, сонша жыл грантты жұмыспен өтеуге міндетті болады. Дәл осы норма, ақылы бөлімнен грантқа ауысқан студенттерге де қатысты болады, – деді А.Аймағамбетов.
Тағы бір маңызды өзгеріс бойынша енді қарамағында колледждері бар жоғары оқу орындары да мемлекеттік тапсырыс алып, грант иегерлерін оқыта алады. Бұрын мұндай колледждерде аталған құқық болмады.