
Қымбатты ағайын, менің тарапыма сын да айтылды, теріс пікірлер де болды, мен туралы білместен, жеке басыма өтіп, ата-анама сөз тигізгендер де табылды, деген депутат халқымызда «жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» деген ұлағатты сөз бар екенін еске салды.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп мені қолдап, ақ жол тілеп, сенім артып жатқан қолдаушыларыма мың алғыс. Алдағы уақытта қоғамдағы өзекті мәселелер мен жастардың жағдайын жақсартуға қатысты сұрақтарды көтеріп, шешілуін қадағалаймын, деді Ахметов.
Сондай-ақ, депутат өзінің қалыптасуына үлес қосқан, жұмыс бабымен әріптес болған, белсенді қоғамдық өмірді бірлесе өткерген азаматтарға алғыс білдірді.
- Алматыда кіндік қаным тамып, мектеп шағымды, студенттік кезеңді өткізіп, еңбек жолымды бастадым. Ендігі кезекте қаламыздың көркейіп, даму жолындағы жұмысын жалғастырамын.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бір-біріміздің пікірімізге құлақ салып, бірлесе жұмыс істейік. Мақсатымыз ортақ, «илегеніміз бір терінің пұшпағы», сондықтан сіздердің тұшымды ұсыныс-пікірлеріңізге әрдайым ашықпын, деді еліміздегі ең жас Мәжіліс депутаты.