
Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазақстан да соңғы онжылдықта мектепке дейінгі ұйымдар санын көбейтіп, 3-6 жастағы балаларды толықтай дерлік (98 пайыз) балабақшамен қамтыды. Бірақ ата-аналар әлі де мектепке дейінгі ұйымдардан орын таппай жүр. Неге? Себебі 1-3 жастағы кішкентайларды балабақшамен қамту көрсеткіші 50 пайызға да жеткен жоқ.
Бас басылым бетінде өткен айдың 20-сы күні жарияланған «Балабақшаға 2 жастан барса...» деген мақаламызға дәл осы мәселе арқау болған еді. Онда біз көп балалы ананың 1,5 жасар баласынан жұмысқа шыға алмай отырғанын, мемлекеттік балабақшалардың әдетте 3 жастан бастап қабылдайтынын, ал жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға беруге сапасына сенімсіздігі себеп екенін жазғанбыз. Бәрінен бұрын баланың тәрбие мен білім беретін ұядан ертерек, анығы 3 жасқа дейін орын алуы – бәсекеге қабілетті буынды қалыптастырудың бірден-бір анық жолы.
Өйткені педагог-ғалымдар мен психологтер адам өміріне қажетті дағдыларды санаға сіңірудің ең оңтайлы кезеңі – туғаннан 3 жасқа дейінгі жылдар екенін дәлелдеген. Міне, осы материалымыз жарыққа шыққанына 1 апта өткенде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы түйткілдің түйінін тарқатуды тапсырды.
– Білім беру жүйесі былтыр күрделі сынақтан өтті. Көп нәрсе істелді. Алайда әлі де бірқатар шешілмеген проблемалық мәселелер бар. 11 мың мектепке дейінгі ұйымда 900 мыңға жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақшалардың 36 пайызы – канализациясыз, 29 пайызы – ыстық сусыз, 11 пайызы – жылы дәретханасыз. Мен барлық әкімдердің назарын осы күрделі мәселеге аударамын. Мұндай жағдайда бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру туралы айту қиын. Мектепке дейінгі ұйымдарға кезек мәселесі де шешілген жоқ. 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші төмен, небәрі 48 пайызды құрайды. Үкіметке әкімдермен бірге осы мәселелерді шешудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Онда балаларды ерте дамыту жүйесін құру, мектепке дейінгі білім берудің баламалы түрлері, ваучерлік жүйе және басқа да мәселелер кіруі керек, – деді Президент.
Иә, мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде балабақшалар санын көбейтті. Алайда түйткілден түйткіл туғандай, жекеменшік балабақшалардың бәрі бірдей сапалы бола алмады. Кейбірінде, Мемлекет басшысы айтқандай, не канализация жүйесі, не ыстық су яки жылы дәретхана жоқ. Бұлар бар болса, тәрбиелі тәрбиеші табылмайды. Барлық жағынан талапқа сай, сапалысы да жоқ емес, тек оның ақшасы қалтаны қағады. Осы материалды дайындау барысында сауалдама жүргізіп, баласын жекеменшік балабақшаға беретін ата-аналардан төлемақы мөлшерін сұрап көрдік. Көбі қымбат. Соның бір мысалына Алматы қаласының іргесіндегі Қырғауылды ауылында тұратын Меңдігүл Жарқымбаеваның «Қызым пандемияның алдында баласының балабақшасына 50 мың теңге төңірегінде төлейтін. Қазір 65 мың теңге болыпты. Балабақша өкілдері бюджеттен ақша бөлмейтін болған соң қымбаттағанын айтқан екен. Сонымен бала карантиннен бері үйде отыр. Қайтадан жіберуге қалта көтеріңкіремей тұр. Үйде отырғаны обал-ақ» деген жауабын келтіруге болады. Міне, сондықтан ата-аналар, әсіресе көп балалы отбасылар амалсыздан балаларын төлемі арзан балабақшаларға береді. Ал ондағы жағдай көбіне көңіл көншітпейді.
Аталған проблема әрдайым газетіміздің назарында келе жатыр. Мәселен, Маңғыстаудағы меншікті тілші Гүлайым Шынтемірқызының 2016 жылғы 26 мамырда басылған материалы тақырыбынан, «Жекеменшік балабақшалар мемлекеттік стандартқа сай келе ме?» деген салмақты сұрақтан басталады. Содан соң мақалада бір ата-ана баласының үйінде ешкім үйретпесе де хит әндерді жаттап алғанын, себебі балабақшада тәрбиешілерінің күні бойы ұялы телефоннан сезімге толы әндерді қосып қоятынын қынжыла баяндапты. Бұдан бөлек, БАҚ беттерінен де балаларды тәрбиелеймін деп тұншықтырған тәрбиешілер туралы жиі оқимыз.
Бұл неден туды? Балабақша ашу – бизнес. Ал шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында мемлекет оларды көп тексерістен босатты. Бірақ бәрібір бір жүйеге келуі керек қой. Өйткені мектепке дейінгі ұйым – меншік нысанына қарамастан, ұрпақ тәрбиелейтін орын.
Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының директоры Манар Елекенқызы көп мәселенің шешімі лицензияда екенін жеткізді.
– Біз бұған дейін мектепке дейінгі ұйымдар санын көбейтіп, алдымен балаларды қамту мәселесін бірінші қатарға қойдық. Балабақша болмаса, ондағы тәрбие мен білім туралы сөз ете алмасымыз түсінікті ғой. Сол себепті әуелде енгізілген жүйеден лицензия алып барып балабақша ашу талабын жойдық. 2011 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер лицензия алмай-ақ өздері ашқан мектепке дейінгі ұйымын іске қоса беретін болды. Осыдан келіп балабақшалардың қатаң талаптарға сай болмауы, ондағы түрлі тәртіпсіздік, тәрбиеші мамандығына дипломы сәйкес келмейтін мамандар мәселесі алдымыздан шықты. Енді осы лицензияны қайтару мәселесі қаралып жатыр. Сол талап қайтарылса, біраз проблема шешімін тапқалы тұр. Ал балабақшалардағы канализация, жылы әжетхана, ыстық су секілді проблемаларды тікелей жергілікті атқарушы органдар шешеді. Әлбетте осы істе ведомстволармен кеңеседі. Мәселен, осыған дейін әкімдіктер жыл сайынғы стратегиялық жоспарларына ұсыныс-пікір қалдыруды сұрағанда, құжатқа «Жергілікті атқарушы органдар, айталық, балабақша мәселесін осынша пайызға шешетінін көрсетеді. Осы пайыз қандай зерттеуге сүйеніп жоспарланды? Сіздер алдымен нақты қанша балабақшаның канализациясы, неше ұйымның ыстық суы жоқ екенін біліңіздер. Содан кейін барып жоспарлау керек» деп ескерту жаздым. Бірақ оны бәрі қарады ма, білмедім, – дейді орталық басшысы.
Иә, бізде кез келген күрмеуі қиын түйінді тарқатудың жүйелі жолы жоқ екені рас. Мемлекеттік басқарудағы дертіміздің бір белгісі – М.Елекенқызы ескерткендей, өртті сөндірумен ғана шектелетін өрт сөндірушілер секілді тап қазіргі мәселені шешуді ғана көздеу, ертеңгі туатын проблеманың алдын алумен айналыспау.
Мінекей, осындайдан да көпшілік баласын сенімдірек, төлемақысы да қалтаға салмақ салмайтын балабақшаға бергісі келеді. Бұл – сөзсіз мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар. Негізі елімізде мемлекеттік (балабақшаның 60 пайызы – мемлекеттік, 40 пайызы – жекеменшік) балабақшалар жекеменшік ұйымдардан көп. Алайда онда кезек мәселесі қиын. «Egemen Qazaqstan» газетінің 2019 жылғы 2 шілдеде шыққан «Кері кеткен кезек» атты мақаламызда бір ата-ана баласының кезегі 3 есеге кері кеткенін айтқан еді. Сол ата-ананың баласы кезекке қойылған елордадағы №68 «Балбұлақ» балабақшасының меңгерушісі Қарашаш Қамидоллақызы жоғарыдағы жайтты бұрын жеке кезекте тұрған үш түрлі отбасын (әсери қызметшілер, көп балалы, мүгедек баласы бар отбасылар) жалпы кезекке қосқанымен байланыстырған болатын. Аталған материалымыздағы кейіпкермен хабарласып, жақында жағдайды білдік. Қазір баласы айына 80 мың теңге төлейтін жекеменшік балабақшаға барады, бұл мектепке дейінгі ұйым мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтіндіктен, ата-ана 50 пайызын төлеп отыр. Қалай дегенмен де балабақша кезегі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Бұл сөзімізді әріптесіміз Айнаш Есалының 2020 жылғы 19 мамырда жарияланған «Алматыда 43 мыңнан аса бүлдіршін балабақша кезегінде тұр» атты материалындағы «Кезекте 1-6 жас аралығында 43 мыңнан аса бала тұр, оның 18 мыңнан көбі 3-6 жас аралығында» дегені дәлелдейді.
Қош, мектепке дейінгі ұйымдағы барлық мәселенің шешімін тауып тастадық делік, бірақ мықты маман болмаса, бәрі бекер. Жасыратыны жоқ, біздегі мамандардың барлығы кәсібилер емес. Білім және ғылым министрлігі 2015 жылы нақты тәрбиеші мамандығын бітірген кадрдың үлесі 34,8 пайыз болғанын, 2019 жылы бұл көрсеткіштің 72,9 пайызға жеткенін хабарлады. Жақсы, десек те сол 70 пайыздың қаншасы білікті, білімді, ісіне берілгендер? Үлкен сұрақ! Түгелімен майталман маман бола алмас, бірақ сақалардың санын қалай арттырамыз?
Қызылорда қаласындағы «Сыр жұлдызы» мемлекеттік балабақшасының І-категориялы тәрбиешісі, еңбек жолында мектепке дейінгі ұйым басшысының әдістемелік жөніндегі орынбасары қызметін атқарып та көрген Ұлбике Өмірбекқызы аталған мәселені шешудің үш жолын ұсынды.
– Мен осы мамандықтың соңғы курсында оқитын студенттерден сауалдама алдым. Сонда 25 студенттің тек 2-еуі болашақта балабақшада жұмыс істейтінін айтты. Өзіңіз ойлаңызшы, тәрбиеші Қазақстандағы ең жоғары жалақы алатын кәсіп иесі болса, солардың біреуі қалмай жұмысқа орналасар еді. Тіпті таласады. Ақпарат көздері ашық қоғамда өмір сүреміз, білім беру жүйесі дамыған елдерде тәрбиеші ең жоғары жалақы алатын мамандардың қатарына кіреді. Тиісінше жұмысқа орналасу да қиын. Ал еліміздегі әріптестерім 100 мың теңгенің көлемінде айлық алады. Бұл – біздегі тәрбиенің құны. Оның құнын арттырмайынша білікті кадрлардың балабақшада бой көрсетуі сирей береді. Екіншіден, қазір тәрбиешілер мектепке дайын оқушыны жіберуі тиіс. Әр үйдің еркесін тәрбиелеуге екінің бірі дауалай бермейді. Біз ұрпақ тәрбиесімен мықты мамандардың айналысқанын қаласақ, онда әскери қызметшілер секілді 30 жыл бойы табан алдырмай балабақшада жұмыс істеген маманды жасына қарамастан зейнетке шығаруымыз керек, – дейді Ұ.Өмірбекқызы.
Осы ойынан соң тәрбиеші бізге «Сіз өміріңізде шетелде тәжірибеден өтуге жолдама алған тәрбиешіні көрдіңіз бе?» деп сұрақ қойды. Тосылып қалдық. Содан кейінгі сөзін жақында ғана ғалымдарға қарастырылған 1000 грант жайымен жалғады. Оның ойынша, білім басқармалары мен бөлімдеріндегі басшыларды емес, нағыз балабақшаның қазанында қайнап жүрген тәрбиешілерді білім беру жүйесі озық елдерде тағылымдамадан өтуге жіберген жөн. Себебі келешек көшбасшыларды да, ұлт денсаулығын сақтайтын дәрігерлерді де, әлеуетімізді арттыратын ғалымдарды да, экономикамызды көтеретін кәсіпкер қауымды да қалыптастыратын, бәріне бірінші болып білім нәрін сіңіретін – тәрбиешілер.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінгі балалардың бала шағынан болашағымыздың барлауға болады. Себебі біз қазір ұрпақты қалай тәрбиелейміз, еліміздің ертеңі солай қалыптасады. Ғылым мен технология заманында тек ой жарыстырған озаттар мемлекетті алға сүйрейді. Ал олар ерте жастан тәрбие мен білімнің «уызына жарығандардан» ғана шығады.