Қоғам • 09 Ақпан, 2021

Атына заты сай емес шағын қалалар мәртебесі қашан өзгертіледі?

345 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан он шақты жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласының мәртебесін өзгерту мәсе­лесі көтерілгені жадымда. Себебі, шаһарда бір кезде 10 мыңдай адам тұр­ған болса, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы эконо­ми­ка­лық дағдарыс кезінде ондағы кәсіпорын жаппай жабылып, жұ­мыс­сыз қал­ған жұрт жан-жаққа үдере көшкендіктен, тұрғындар саны 7 мыңға де­йін кеміген.

Атына заты сай емес шағын қалалар мәртебесі қашан өзгертіледі?

 

Қаладағы орталықтандырылған жылу мен су құбырлары істен шы­ғып, сер­ге­евкалықтар тіпті көп пә­терлі үй­лер­дегі пәтерлерін де пеш жа­ғып жылы­тып, суды көшедегі колон­кадан фля­гамен тасып ішуге мәж­бүр болған. Қа­ңырап бос қал­ған көп пәтерлі тұр­ғын үйлердің кей­біреулерінің есік-те­резелері қира­тылып, қабырғалары үңірейіп, қала сиықсыз күйге түскен. Ал баяғы тұрмысқа жайлы жағдайдың жұр­на­ғы да қалмай, шын мәнінде кәдімгі ауылға айналған қалада өмір сүріп жат­қан дәрігерлер мен мұға­лім­дер және мәдениет саласының қыз­мет­керлері өздерінен жалақыны 25 па­йыз көп алатын ауылдық әріп­тес­теріне қызыға қарайтын. Қала мәр­те­бесін ауылға ауыстыру мәсе­лесін көтергендер де – солар.

«Жығылғанға – жұдырық» де­мек­ші, орталығы қала болып саналатын Шал ақын аудандық ауруханасын дәрігерлермен қамтамасыз ету де үлкен проблемаға айналыпты. Өйткені, ауылдан айырмашылығы жоқ болса да, Сергеевкаға қызметке шақы­­рылған жас мамандарға «Дип­лом­­мен – ауылға!» мемлекеттік бағ­дар­ламасында қарастырылған елеулі жеңілдіктер берілмейді екен.

Бұл, әрине, әлеуметтік әділдікке жат­­пайтын, ауылдық жерлердің тұр­ғын­дарына көрсетілетін медици­на­лық қызмет сапасына теріс әсерін тигізіп отырған өзекті мәселе екендігі айдан анық. Алайда оны шешу жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретіне жатпайтын болып шық­ты. Ал анда-санда астанадан ат терлетіп келіп жүретін жоғары лауазым­ды шенеуніктер мен Парламент депутат­та­рының сергеевкалықтарға берген уәделері, өкінішке қарай, құр сөз күйін­­де қалып келген.

Елімізде Сергеевка сияқты атына заты сай емес тағы 12 шағын шаһар бар. Олар – Ақтөбе облысындағы Жем (1771 тұрғын), Темір (2570 тұр­ғын), Ақмола облысындағы Степняк (3535 тұрғын), Державинск (6058 тұрғын), Ерейментау (9736 тұр­ғын), Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко (7103), Қызылорда облы­сын­дағы Қазалы (7758 тұрғын), Қара­ған­ды облысындағы Қарқаралы (8191 тұрғын), Қаражал (9664 тұрғын), Солтүстік Қазақстан облысындағы Булаево (7756 тұрғын), Шығыс Қазақстан облысындағы Шар (7570 тұр­ғын) және Серебрянск (8578 тұр­ғын) қалалары.

Әділін айту керек, алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжі­лі­сінің депутаттары осы мәселе­ні табандылықпен қолға алып, Үкі­мет­ке екі мәрте депутаттық сауал жолдапты. Сол сауалдарға «Бұл мәсе­лені қарастырып жатырмыз. Өйт­кені, қолданыстағы заңнамада қала мәртебесін өзге елді мекендер мәрте­бе­сіне ауыстыру механизмі қарас­ты­рыл­ма­ған болып шықты. Осыған орай, арнайы зерттеу жүргізіп, еліміздегі өз мәртебесіне сай емес шағын қала­лар­дың санын нақты анықтап, қол­да­ныстағы заңнамаға тиісті өзгеріс енгі­зуді қарастырамыз» деген мазмұн­да­ғы ресми жауаптар берілген. Бірақ осындай уәденің орындалуы сиыр­құйым­шақтанып бара жатқан соң былтыр белгілі қоғам қайраткері Нұртай Сабильянов бастаған бір топ депу­таттың өздері бастамашылық етіп, «Қазақстан Республикасының әкім­шілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға қалалардың мәртебесін өзге елді мекендерге ауыстыру механизмін айқындаған түзетулер енгізуді көзде­ген заң жобасын дайындаған. Оны Парламент Сенаты мақұлдаған соң өткен жылғы желтоқсан айының
12-де Мемлекет басшысы қолын қойып, заңды күшіне енгізді. Сөйтіп атына заты сай емес шағын қалалардың мәрте­бесін өзге елді мекенге, соның ішін­де ауылға өзгертуге жол ашылды.

Бірақ бұл өз мәртебесіне сәйкес келмейтін шағын қалалардың бәрі бір күнде ауыл немесе кент болып шыға келеді деген сөз емес. Бұл мәсе­лені әуелі жергілікті өкілді және атқа­рушы органдар қарап, жоғары жаққа тиісті ұсыныс беруге тиіс. Сон­дықтан тұрғындарының саны 10 мың­ға жетпейтін шағын қалалардың кей­біреуі ауылға немесе кентке айналдырылмауы да мүмкін. Мәселен, Қара­ғанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қарқаралы қаласының – табиғаты тамылжыған аттас аудан орталығы тұрғындарының саны жет­кі­ліксіз екендігіне қарамастан, оның мәртебесін өзгертуді қолдамай­тын­дығын білдіріпті.

Осы ретте қолданыстағы заңна­ма­ға сәйкес, шағын қалаға, яғни аудан­дық маңызы бар қалаға аума­ғын­да өнеркәсiптік кәсіпорындар, комму­налдық шаруашылық, мемле­кет­тiк тұрғын үй қоры, оқу және мә­де­ни-ағарту, емдеу мен сауда объек­­тi­ле­рiнiң дамыған желісi бар, халқы­ның саны кемiнде 10 мың адам болатын елдi мекен жататындығын ес­кер­ген жөн. Демек, Қарқаралы қаласы алдағы уақытта облыс басшы­лы­­ғы­ның қолдауымен аталған заң талабына сәйкес жан-жақты дамытылып, көркейтіледі деген үміт бар.

Ал Сергеевка сияқты болашағы бұлыңғыр шағын қалалардың тағды­рын нақты шешетін кез келді. Өйткені, олардың мәртебесін ауылға ауыстыру үшін енді ешқандай кедергі жоқ. Тек жер­гілікті өкілді және атқарушы ор­гандар әлеуметтік әділдікті жылдар бойы күтіп отырған бір қауым жұрт­тың тілек-талабына құлақ асып, мәсе­лені тезірек қолға алса, құба-құп.

...«Кезінде әп-әдемі қала болған елді мекендер кейін не себепті көзге қораш кейіпке түсті?» деген сауал да туындайтыны сөзсіз. Бәрі де сонау ел басындағы сын кезеңде – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында тиісті аудандардың басшы­лары кімдер болғандығына байла­нысты еді. Мәселен, Шал ақын ауданының әкімі жұрт алдында аузымен орақ орғанымен, іс жүзінде құлқынының құлы болып шығып, бір кезде даңқы дү­рілдеп тұрған аудан экономикасын қалай тақырға отырғызып кет­кенін сергеев­калықтар әлі күнге қарғыс жау­­дыра айтып отырады. Ал көр­ші­лес Ғабит Мүсірепов атын­дағы аудан­ға шынайы патриот азамат әкім болғандықтан, он­да­ғы барлық ауылдық елді мекен жылдан-жылға көркейіп, аудан орталығы – Новоишимка ауылы тұр­ғындарының саны қазір 12 мың­нан асты. Новоишимкалықтар қазір қаладан кем емес жағдайда өмір сүріп жатыр. Оларға сергеевкалықтар қызы­ға қарайды. «Кадрлар бәрін шешеді» деген осы.