
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізетін ғалым әйелдердің үлесі 52%-ды құрайды. Шуақты көктемнің мерейлі мерекесінде тасты жарып шыққан гүлдей, нәзік болмысының ішіне қайсарлығын жасыра жүріп жауапты жолда және ғылымды дамыту бағытында еңбек етіп жатқан әйел ғалымдардың бір парасымен таныстырғымыз келеді.
Қанатымен су сепкен қарлығаштай
Айымгүл КЕРІМРАЙМЕН халықаралық ғылыми журналдар құрамына кіретін Scopus базасындағы белсенділігі арқылы таныстық. Ол – базаның сарапшысы таратқан ақпаратта айтылғандай, өз саласында ең жоғары көрсеткіштерге ие ғалым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бакалавриатын «Жалпы физика» мамандығы, Ұлыбританиядағы Sheffield университетінің магистратурасын «Энерго-инженерия» бойынша бітірді. 2018 жылы Қазақстандағы жылу жүйелерін декарбонизациялау бойынша Назарбаев Университетінде докторлық диссертациясын қорғап, PhD докторы дәрежесіне ие болды. 2018 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы» кафедрасында және «Физикалық-химиялық зерттеу әдістері мен анализі» орталығында постдокторантурада оқиды. Кейіпкеріміздің дәрежесі мен деңгейі туралы көптеген зерттеуді бірге жасаған әріптесі, ғылым метрикасымен айналысатын еліміздегі санаулы сарапшының бірі, профессор Болат Кеңесов бізге берген шағын сұхбатында:
«Айымгүл Қазақстан қалаларындағы атмосфералық ауаның ластануы және кедейлік проблемаларын зерттеумен, энергетикалық жүйелердің техникалық-экономикалық модельдеуімен, парниктік газдар шығарындыларын болжаумен айналысады. Web of Science деректер қорына енгізілген импакт-факторлық журналдардағы 10-нан аса мақала мен шолудың авторы, оның 4-еуі бірінші квартилден бастап ең беделді журналдарда басылған. Scopus мәліметтер базасындағы h-индексі – 7. 2020 жылы Айымгүл өзінің әріптестерімен бірге карантин кезеңінде Алматыдағы ауаның ластануы туралы мақала жариялады. Бұл – 2020 жылы ең көп сілтеме жасалған Қазақстан мақаласы. Айымгүл мұндай үлкен жетістікке өзінің біліктілігі, дербестігі, ғылыми жұмысқа жауапкершілікпен қарауы, қиындықтарды жеңе білуі, сондай-ақ сапа мен этика нормаларының нәтижесінде қол жеткізді. Айымгүл қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Біз Білім және ғылым министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесінде бірге жұмыс істедік және ғылым саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша көптеген ұсыныс әзірлеуге қатыстық. Ол бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет қазақстандық ғылым мен экологияның проблемалары жөнінде эксклюзивті баяндама жасады. Меніңше, қазақстандық ғылымның болашағы Айымгүл сияқты мықты және белсенді жас ғалымдардың қолында», деді.
Иә, отандастарының, әсіресе ауаның ластануынан түрлі созылмалы және қатерлі ауруларға шалдыққан алматылықтардың денсаулығын тілге тиек, зерттеуіне арқау еткен кейіпкеріміз азаматтық қоғамдағы озық ойлардың басты алаңына айналған TEDx Talks сахнасында:
«Мен не энергетик, не жылу желілерінің инженері емеспін. Бірақ жылу электр стансалардың (ЖЭС) қыстыгүндері жаз мезгіліне қарағанда, отынды көп жағатынын білуге жоғарыда аталған маманның бірі болудың қажеті жоқ. Мәселен, алматылық ЖЭС 2020 жылғы қаңтар айында 9 мың 500 тонна көмір жақты. Ал маусым айында жылытуға бар болғаны 5 мың тонна көмір кетті. Көптеген ел көмірмен жылытудан бас тартып жатыр. Ғылыми-зерттеулерімнің нәтижесінде мен «Ауаны ластайтын ең негізі фактор – көліктерден шығатын улы газ емес, жылыту жүйелері» деген қорытындыға келдім», деп еді. Ғалым өзінің ғылыми жұмысы арқылы мемлекеттің басты байлығы – халықтың өмірі мен денсаулығына атқамінерлердің назарын аударуды көздейтіндей. Содан болар, ол – бізге ертегідегі баланың бір тамшы қаны үшін қайсарлықпен қарысқан, отандық ғылымға қанатымен су сепкен қарлығаштай қыз.
Ерлік жолындағы жан
Ғылымды таңдау – тәуекел, ғылымды жасау – табандылық, ал ғылымды коммерцияландыру – ерлік. Біз көбіне осы коммерцияландыруды қаржыландырумен шатастырып жатамыз. Себебі сөз жүзінде ұқсас яки баламалас болғанымен, іске келгенде айтарлықтай айырмашылығы бар. Қаржыландыру дегеніміз – жобаны жасап, одан бір нәтиже шығатынын көрсету үшін немесе қандай да бір тақырыпты зерттеп, содан қажетті қорытынды шығару мақсатында қаржылай қолдау көрсету. Ал коммерцияландыру – бұдан ауқымы кеңірек ұғым, ғылыми-техникалық зерттеулер нәтижелерінің негізінде бизнес құру, кәсіп бастау, оның жұмысын жандандыру деген сөз. Жемісін бірден бере қоймайтын және болашағы белгісіз ғылыми жобаларды кәсіпке айналдыруға қаржы тарту – ғылымға деген үміті мен күдігі аралас көзқарасы бар дәл біздің қоғамда ерлікпен пара-пар іс.
Айман ӘШІМХАНОВА С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін үздік тәмамдап, 2012 жылы М.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ-ге «Халықаралық құқық» мамандығына магистратураға түсіп, оны бітірген соң «Болашақ» бағдарламасымен Англияға аттанды. Ұлыбританияның Reading университетінде «Мемлекеттік басқару (саясат)» бойынша білім алды. 2016 жылға дейін ол халықаралық менеджменттегі жұмысы барысында бірнеше үкіметаралық келісімдер (Испания, Кипр және т.б.) мен меморандумдар жасады.
2016 жылы «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» жаңа заңды қабылдау аясында Айман Қазақстандағы алғашқы «Ғылымды коммерцияландыру» бөлімін басқарды. Ол Дүниежүзілік банкпен бірлескен «Өнімді инновацияларды ынталандыру» атты ауқымды жобаға жетекшілік етті. Дүниежүзілік банктің кеңесшілерімен, Халықаралық ғылым және коммерцияландыру кеңесінің мүшелерімен бірге аталған жобаның бағдарламалық құжаттары мен гранттық бағдарламаларын әзірлеуге қатысты. Ол – құқықтық актілерді әзірлеу және жетілдіру бойынша түрлі жұмыс топтары мен кеңестерінің белсенді, сондай-ақ жыл сайынғы «Қазақстанның үздік өнертапқышы» сыйлығының комиссия мүшесі.
Кейіпкеріміз ғылымды дамыту жолындағы еңбегінде осы уақытқа дейін 10 млрд теңгеден асатын 200-ден аса ғылыми жобаны коммерцияландыруға атсалысты. Айман бүгінде ең маңызды істің басы-қасында жүр. Бұл – майданның қайнаған ортасындағы қып-қызыл жалынмен бетпе-бет айқасумен тең тірлік. Өйткені ол – арыстандай ақырған алпауыт компаниялардың қаржысына қатысты шешім шығаруға түрткі болатын құжатты, яғни ғылыми-зерттеу жұмыстарына жер қойнауын пайдаланушылардың 1% шегеруі мен бөлу механизмін әзірлеуге жауапты адам.
Періштелердің қорғаушысы
Періштелердің қорғаушысы. Осы сөзді оқығанда «Періштелерге де қорғаушы керек пе?» дерсіз. Иә, керек, балаларға қатысты немесе олардың өз арасында қылмыс көбейген қазіргідей кезде кішкентайларға қорғаушы қатты қажет. Сондай адам туралы санаңда іздеу басталғанда ойға бірден құқық қорғаушы, ғалым Халида ӘЖІҒҰЛОВА келе қалады. Ол әлемге әйгілі Oxford университетінің магистратурасын «Құқық» мамандығы бойынша бітірген. Кейін Англиядағы Лестер университетінің докторантурасында оқып, «Халықаралық құқық» саласындағы доктор дәрежесін алды. Көптеген халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтардың (Нидерландтағы Босқындар және көші-қон туралы құқық бойынша судьялар халықаралық қауымдастығының, Ұлыбританиядағы заңгер ғалымдар, Әлеуметтік-құқықтық ғылымдар қауымдастықтарының, Британ жоғары білім академиясының мүшесі. «Deloitte» компаниясының салық заңгері, БҰҰ-ның заң кеңесшісі) белді де белсенді мүшесі.
Халида балалар арасында әлімжеттікті, оларға қатысты түрлі құқық бұзушылықтарды болдырмауды көздейді. Ол өзінің қолға алған Global Village School жобасын бізге сондай үлкен құлшыныспен, зор шабытпен түсіндірді. Оның сандуғаштың сыңғырындай үні жүрекке жылы тигенімен, кесек сөздері санаңды серпілтіп тастайды. Әр идеясы мен оралымды ойынан балалардың болашағына деген алаңдаушылықты, ұрпаққа жанашырлықты айқын аңғаруға болады.
«Мен мектептегі әлеуметтік теңсіздікті оқушы кезімде көрдім. Бір елде тұрсақ та неліктен бірдей білім ала алмайтынымыз туралы ойланатынмын. Өзім тұратын шағын Текеліден (Алматы қаласының маңындағы кент) алысқа ұзап, еліміздің басқа қалаларындағы жағдайды ғана емес, өзге елдерде қандай екенін көргім келді. Сөйтіп бір сыныпты шетелде оқуға мүмкіндік беретін оқушылар алмасу бағдарламасы бойынша халықаралық грантты иеленіп, 16 жасымда Америкаға аттандым. Сол 1-ақ жылдық оқу маған көп нәрсені түсіндірді, көзімді ашты, тіпті есейтіп жіберді. Мен мүлде басқа әлемді көрдім. Содан бері өзімді осы жолға дайындадым. Балалар арасындағы әлімжеттік, буллинг, зорлық-зомбылық көрсету, педагогтің қол көтеруі... Мұның себебі неде? Біздің мектептер Кеңес кезеңіндегі авторитарлық жүйеде қалып қойған. Сондықтан да балаларды түк білмейтін надан санап, оларға жоғарыдан қарауды қолай көретіндер көп. Біз балаларды осы жүйеден қорғап қалуымыз керек. Докторантурада оқып жүргенімде Лестер қаласындағы Medway Community Primary School бастауыш мектебінде сабақ бердім. Оларда оқушылар мұғалімнің өзіне дос, ақылшы екенін біледі. Қателесуден қорықпайды, өйткені қателессе мұғалімнің көмектесетініне, ақыл айтатынына, жол көрсететініне көзі жеткен. Біздің балалар да сол шетелдік оқушылардан бірде-бір кем емес. Тек оларға жағдай жасау қажет. Бұл үшін біз «Болашақ» бағдарламасымен және өз күшімен әлемдегі беделді оқу орындарында докторантурада оқып келген жастарды ауылдық мектептердің кеңесші қызметіне тартамыз», дейді кейіпкеріміз.
10 жылға жоспарланған жоба бойынша білікті мамандар бір-біріне жақын орналасқан 3 ауылдық мектептің басшыларына авторитарлық жүйені жою бағытында кеңес береді. Жоба негізінен ауыл балаларының сапалы білім алу құқығын шектемей, қаладағы құрдастарымен бірдей ілім жинауына жағдай жасауға негізделген. Онда педагогтерге балалардың құқығын таптамау, дұрыс қарым-қатынас орнату, бейбіт жолмен білім беру, ұрып-соқпау, балалар арасындағы әлімжеттікті болдырмауға қатысты нақты шаралар қолданылады. Білім беру саласының жаңа жүйеге бейімделгісі келмейтін мамандарына ауылдан түрлі кәсіп ашуына көмектесіп, жұмыс тауып береді. Ауылдың әлеуетін көтеру отбасындағы, кейін қоғамдағы түрлі проблемалардың алдын алады. Ал экономикалық тұрғыда еңселі жерде мамандар бағаланады, кәсіби кадрларға ғана орын бұйырады. Олар жас ұрпақты тәрбиелейді, тек білім беріп қоймайды. Міне, осындай идеяны жүзеге асыру арқылы Халида балалардың білімде де, өмірде де, қоғамда да тең дәрежеде болуы үшін, құқығының қорғалуы жолында жанталасып жүр.