
Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен отырысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында педагогтердің еңбек жағдайы жақсарып келе жатқанын жеткізуден бастады.
«Педагогтерді міндетіне жатпайтын жұмыстарға, есептілікке тартуға жол бермеу шаралары қабылданды. Барлық облыста Педагогтердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестер ашыла бастады. Биыл осы жұмысты соңына дейін жеткіземіз. 2024 жылға қарай Мемлекет басшысының берген тапсырмасы шеңберінде педагогтердің жалақысы 2 есе көбейеді. Кешенді шаралар мектептерді кәсіби кадрлармен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Педагогтерді жұмысқа қабылдау енді конкурс арқылы, нақты біліктілік көрсеткіштеріне сәйкес жүргізіледі және біз оны электронды форматқа көшіреміз», деді А.Аймағамбетов.
Пандемияның кесірінен мектептердің басым бөлігі қашықтан білім беруге көшті. Мұғалімдер мұндай тосын жағдайға кәсіби тұрғыда толық дайын болмады. Осыған орай министрлік педагогтерді қысқа мерзімді курстан өткізді. Бұл курстар әлі жалғасын табады. Министрдің мәлімдеуінше, қашықтан оқытудың әдіс-тәсілдері бойынша педагогикалық университеттерде педагог мамандарын дайындағанда міндетті пән мен міндетті модуль енгізіледі және біліктілікті арттыру курстарында да осы мәселе бойынша тиісті модуль қосылады.
Ведомство басшысы А.Аймағамбетов сөз арасында балабақшаларға қатысты бір мәселені шешу міндетіне де тоқталып: «3 пен 6 жастағы балаларды оқу және тәрбиемен қамту көрсеткіші 98,8 пайызға жетті. Десек те 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі әлі де 71%-ды құрайды. Сондықтан жекеменшік балабақшаларды дамытуды ынталандыру үшін біз ваучерлік тетікті дайындап жатырмыз. Оны биыл қанатқақты режімде бастап, келесі жылы толығымен барлық жүйеге енгіземіз», деді.
Елімізде «Тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жалғасады. Колледждерге де академиялық дербестік беріледі. 9 сыныптан кейін колледжге оқуға түскен студенттер үшін оқу мерзімі бұрынғыдай 3,5 жыл емес, 2 жылға дейін қысқарады. 11 сыныптан кейін колледжге түскендер үшін оқу мерзімі 2,5 жыл емес, 1,5 жылды құрайды.
Ал жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде биыл атқарылған ең негізгі жұмыс – грант құнының 340-420 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылуы болды.
«Бұл өз кезегінде университеттерге материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға және оқытушылардың жалақысын көтеруге мүмкіндік берді. 2019 жылы қыркүйекте министрлікке қарасты ЖОО-да педагогтердің жалақысы 20%-ға көтерілсе, 2020 жылы қыркүйек айында тағы 20%-ға көтерілді. Әлі де біз бұл жұмысты жалғастыруымыз қажет», деді А.Аймағамбетов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1 мың грант бөлуді тапсырған еді. Министр А.Аймағамбетов алқа отырысында бұл тапсырма туралы: «Тағылымдама бойынша «Болашақ» халықаралық орталығы айналысады. Сонымен қатар «Жас ғалым» жобасымен 1 мың грант бөлуді жүзеге асыру үшін тиісті қаржы бөлінді, бұл жұмыс ұйымдастырылады», деді.