
Қазір қай елде болсын, көгалдандыруға мемлекеттік деңгейде баса көңіл бөлінеді. Сондықтан жасыл баққа көшет отырғызумен ерекшеленетін іс-шаралар көбейді. Мұндай игі дәстүр елдер арасындағы достықтың дәнекері ретінде де дәріптеледі. Соның бір айғағы – Қазақстан астанасына ат басын бұрған, табан тіреген мемлекеттер, үкіметтер басшыларының ағаш егу үрдісі. Мұндай мәртебелі меймандар еккен, менмұндалаған ағаштар «Отан-Ана» монументінің маңайындағы алаңда және «Атамекен» этномемориалдық кешені жанындағы Тутөбенің етегінде өсіп тұр.
Президенттер, премьерлер бас қосқан дөңгелек үстелдей дөңгеленген бұл бақтарда небір саясаткерлердің ізі сайрап жатыр. Әр ағаштың түбінде кімнің отырғызғаны жазылған тақтайшалар – дөңгелек үстелде есім-сойы жазылып тұратын куверткалар іспетті. Мұндағы тарихтан сыр тартатын әр ағаш – кезіндегі аса маңызды сапардың сәулелі сәті. Қаз-қатар тізілген, бірі бойшаң, бірі орта, бірі пәс ағаштар кімнің ерте, кімнің кейін келгенінен хабар беріп тұрғандай. Бірақ кейбір елдің бұрынғы басшысы еккен ағаш кейінгі басшысы еккен ағаштан бәсең тартып, бұтақтары да сирек сияқты көрінеді.
Елімізге келген ел басшылары баққа Тянь-Шань шыршаларын еккен. Өзі көркем, аңқыған хош иісі бар, өсімтал бұл шырша – үш ғасырдан астам уақыт жасайтын, діңі екі метрге, биіктігі ондаған метрге дейін жететін ағаш. Бір бой алып кетсе, табиғаттың қатал мінезіне, топырақтың тастағына қарамастан, өршеленіп өсе береді.
Осындай қаншама уақыт жасайтын ағаш егу мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың, бауырластықтың ұзақ жылдарға жалғасуына ниет ету екені түсінікті. Жаңа айтқанымыздай, бір елдің бірнеше басшысының отырғызған ағашына қарап, арадағы байланыстың үзілмегенін аңғаруға болады. Бұған Түркияның алдыңғы президенті Абдулла Гүл мен қазіргі басшысы Реджеп Тайип Ердоған, Қырғызстанның бұрынғы президенттері Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев, Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Кәрімов пен қазіргі президенті Шавкат Мирзиёев, ҚХР-дың бұрынғы төрағасы Ху Цзиньтао мен қазіргі төрағасы Си Цзиньпин және басқа елдердің бірқатар басшысы еккен ағаштары дәлел.
Бір қызығы, «Отан-Ана» монументінің маңындағы бақты аралап жүргенде түбі бір, тамырлас халықтардың басшылары еккен ағаштардың бойы да шамалас, бұтақтары да тығыз екенін байқадық. Мысалы, бір қатарда тұрған Түркияның бұрынғы президенті Абдулла Гүл, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов еккен ағаштардың бойы да, қалыңдығы да, түсі де ұқсас екен.
Осы маңайдағы ең биік ағаштардың бірі – Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон еккен шырша. Мұны біз аталған президенттің әкесі де, шешесі де ата-бабасынан диқан болғанымен байланыстырдық. Бәлкім, бағбандық Э.Рахмонға да қанмен берілген қасиет болар.
Корея республикасының бұрынғы президенті Ли Мен Бактың еккен ағашы да еңсе тіктеп, жайқалып тұр. Ол президент болмай тұрып, Корея астанасының мэрі кезінде Сеул орманы жобасын қолға алған. Бұл жасанды орманда 400 мыңға жуық ағаш өсіп, қаланың басты символының біріне айналған. 2006 жылдың мамырында танымал «Time» журналы «Сеул бетон джунглиден жасыл оазиске айналып, басқа азиялық қалаларға қоршаған ортаға қалай қамқорлық жасау керектігін үлгі етіп отыр» деп жазды, бұған Ли Мен Бактың суретін қоса берген. Президенттің осы ниетіне қарап Қазақстан астанасында еккен ағашы да жайқалып тұр-ау деп топшыладық. Бірақ оның шыршасы биік, қалың болғанымен, бір жағының бұтағы жапырылып қалғандай өсіпті. Осы кезде оның орнынан кеткеннен кейін жемқорлыққа қатысы бары анықталып, істі болғаны еріксіз есімізге түсті.
Аталған бақтарға ағаш еккен мемлекет басшыларының ішінде тақтан кетіп басынан бақ тайғандары да, бақилық болғандары да баршылық, әрине. Осындайда қазақтың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақалы ойымызға оралады. Жалпы ағаш егу, жоғарыда айтқанымыздай, елдер арасындағы берік қарым-қатынастың нышаны ғана емес, ең бастысы – сауапты іс. Ағашың саялы болса, жемісті болса, бұл – айналаңа өзіңнен кейін де пайдаңның тигені. «Хан келеді, кетеді, халық қалады» дегендей, бастысы халықтар арасындағы достық жасай бермек.