
Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Қаспан ауылында тұратын кейіпкеріміз Олжас Жақыпбаев:
«Бір күні ауыл әкімдігінің бас маманы Күншуақ Нұржан маған жастарға үлкен мүмкіндік есігін ашатын жақсы жобаның бар екенін айтып, қатысып көруді ұсынды. К.Нұржанның кәсіби кеңесімен аудан әкімдігіне бардым. Онда осы жобамен айналысатын маманнан жан-жақты ақпарат алдым. Жаныма тағы екі адамды тарттым, біреуі – ауылда балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулып жүретін жаттықтырушы, екіншісі – ақпарат таратумен айналысатын маман. Жобаға қатысып, грант иелендік. Әуелде аударылған жарты млн теңгеге жаттығу залына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Ал ауыл әкімдігі бізге орын тауып берді. Сол жерде жаттығу залын ашып, жобаның талабы бойынша ауыл жастарына тегін жаттығу мүмкіндігін сыйладық», дейді.
О.Жақыпбаев ауыл жастарын 5 ай тегін жаттықтыру талабын ойдағыдай орындап бітті, алайда ол әлі де жаттығу залына келіп шынығатын жандардан ақы алмайды. Кейіпкеріміз бұл әрекетін: «Мен мұны табыс табу үшін жасамадым. Саламатты өмір салтын ұстануға, денені әрдайым шынықтырып отыруға септігін тигізетін спорт кешені жоқ ауылдағы жастарды спортқа баулып, дені сау ұлт қалыптастыруға үлес қосқым келеді. Оның үстіне 5 ай тегін жаттығу залымен жастарды қамтамасыз еткенім үшін сол уақыт аралығында ай сайын 60 мың теңге стипендия алып отырдым», деп түсіндірді.
Иә, бұл жоба екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарды жұмыспен қамтып қана қоймай, осал топтағы жас буынның қоғамға кірігіп, етене араласып, өзін жан-жақты жетілдіруге, дамытуға жағдай жасайды. Zhasproject жастар корпусын дамыту жобасын Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп қолға алған. Жоба жастардың осал топтары арасында қоғамның игілігіне жарайтын пайдалы іске үйрету бағдарламасын іске асыру бағытында өмірлік маңызы бар дағдыларды дамытуды көздейді. Осы уақытқа дейін несие тарихына, кепілзатының бар-жоғына қарамастан, жеке тұлғаларға жылына мың грант беретін жалғыз жоба болды. Мұнда тек жұмыссыз, оқымайтын немесе табысы төмен, болмаса осал топқа жатқызылатын жастарға басымдық берілді.
Осы жобаны тікелей іске асырумен айналысатын Үйлестіру агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Zhasproject
2017 жылы қанатқақты жоба ретінде басталып, 2020 жылдың соңына дейін Қазақстанның 16 облысынан 9 797 қатысушыны қамтыды. Жобаға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар (мектеп оқушыларынан басқа) қатысуға мүмкіндік алды. Олар 3-тен 5 адамға дейін идеялас өкілдерден бастамашыл топ құрып, талаптарға сәйкес жүзеге асыру үшін өз идеяларын ұсынды және конкурстық іріктеуден өтті. Ал іріктеуден өткендер ұсынылған әлеуметтік идеяларын жүзеге асыру үшін 1 млн теңгеге дейін грант иеленді. Сондай-ақ өмірлік дағдылар мен жобаларды басқару бойынша үш сатылы тренингтен өтті, 6 айда өздерінің әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды. Университет түлектері үшін ай сайын 60 мың теңге, қалған барлық қатысушы үшін 40 мың теңге стипендия берілді.
Ең маңыздысы, барша қатысушы арнайы тәлімгерлерден кәсіби және тәжірибелік бағытта қолдау алды. Жобаның жемісті жүзеге асырылуы үшін әлеуметтік және бизнес жобаларда немесе жастармен жұмыс істеуде тәжірибесі бар 609 тәлімгер грант иеленушілерге білгенін үйретті. Сондай тәлімгердің бірі Болат Сыздық бірнеше жобаға қатысушыға тәлімгерлік етіп, істі үйіріп әкетуге бағыт берді.
«Тәлімгер жоба барысында идеяны іске асыруға жетіспей жатқан қажетті дағдыны дамытуға жол сілтейді. Мысалы, жобаға қатысушыда білім бар болса, тәжірибе жетіспей жатады. Енді бірінде екеуі де болғанымен, коммуникация жағы ақсап тұрады. Өйткені олар топпен жұмыс істейді, өнімін өткізу немесе ұсыну үшін белгілі бір мамандармен, болмаса тұтынушылармен байланыс орнатуға тура келеді. Осындайда тәлімгер жоба қатысушыларына нақты қай бағытты яки қандай дағдыны дамыту керегін тікелей болмаса да жанама түрде түсіндіреді. Бірақ бәрін қатысушылар өздері істейді», дейді тәлімгер.
Негізгі жұмысында студенттерге дәріс оқитын ұзақ жылдық тәжірибесі бар педагог Б.Сыздық өзі тәлімгерлік еткен жоба қатысушыларының ішінде отбасылық бизнес ашып, ісін дөңгелетіп әкеткен жұбайларды ерекше атап өтті. Жоба аясында жасаған өз өнімдерін мұқтаждарға тегін таратқан.
«Олар жұмыс тауып, өздерінің бюджетін басқаруды, бизнес құруды, дұрыс байланыс орнатуды, бір-бірінің әлеуетін орнымен пайдалануды, жобаға жауапкершілікпен қарауды ғана емес, мұқтаж жандарға жәрдемдесуді үйренді. Жоба оларға өз бизнесін ашудың алғашқы мектебі болды. Ең бастысы, сол қатысушылар жоба аясында қолға алған отбасылық бизнесін әрі қарай жалғастырып отыр. Жоба қатысушыларына бәрінен де құндысы алған құрал-жабдықтары ғана емес, осы істен жиған білімі мен тәжірибесі өзінде қалады», дейді Б.Сыздық.