
Ғылымның күші – ғаламат. Төсекке таңылған науқасты аяққа тұрғызатындай қауқары бар. Ауруды емдейтін дәрігер екенін айтып, бұл сөзімізге уәж табарсыз. Кезекті кейіпкеріміздің ғылыми жұмысымен таныспай тұрғанда біз де солай ойлағанбыз. Сөйтсек, ғылым біз ойлағаннан әлдеқайда қуатты екен.
Жас ғалым Бейбіт ӘБДІКЕНОВ жақында ғылыми ізденісінің нәтижесінде жасаған экзоскелетпен фотоға түсіп, жариялады. Сонда инсульттен құлап, қайта аяққа тұра алмай, ақыры анау дүниеге аттанған апамыз ойымызға оралды. Іштей «Әттеген-ай, осы экзоскелеттің септігі тиер ме еді? Біз ғылымға көбірек көңіл бөлсек, ғалымдарымыз талайдың өмірін сақтап қалар дүниелер ойлап табады екен-ау...» дедік.
Иә, инсульттен болсын, жоқ туа бітті бола ма, мүмкін күйзелістен кейін, бәлкім апаттан соң қол-аяғы жансызданған жақынымыз яки танысымыз қай-қайсымызда да бар. Бәріміз де солардың өз аяғына тұрып кеткенін қалаймыз. Бірақ сол үшін бірдеңе істей алдық па? Бұл сұраққа біразымыз тосылып қалар едік. Ал бакалавриатты ІТ саласы бойынша «Болашақ» бағдарламасымен Малайзиядағы Multimedia University-де, магистратураны «Ақпараттық жүйелер» мамандығымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бітірген Бейбіт бәрімізден бөлектеу табандылық танытты.
Кейіпкеріміз көп адам ойға алып қана қоятын адамзатқа пайдалы дүние жасау идеясын Назарбаев Университеттің «Жасанды интеллект және деректер туралы ғылым» бағыты бойынша докторантурада оқып жүргенде іске асыруға бел буды. Ол аталған оқу орнындағы өзінің ғылыми жетекшісі, профессор Прашант Джамвалмен ақылдаса келіп ReLive жобасының негізін қалады. Бүгінде Бейбіт – невропатолог, физиолог, машинаны оқыту, роботтехника, электроника маманы, механик, жасанды интеллект жасаушылар, бағдарламашылардан құралған ReLive» («ReLive Research» ЖШС, «ReLive Intelligence» ЖШС) бірлескен компаниялар тобының негізін қалаушысы және директоры. Қазір компанияда 20-ға жуық адам жұмыс істейді, олардың ішінде көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі, әлемнің озық жоғары оқу орындарында оқыған және бұрын ірі халықаралық компанияларда жұмыс істеген зерттеушілер де, оқуын жаңа тәмамдаған жас мамандар да бар.
Компания құрылған жылы жас ғалым Б.Әбдікенов бастаған топ Astana Digital Health халықаралық көрмесінде ReLive жобасын таныстырды. Сол көрме кезінде жобасының маңыздылығын түсіндірген кейіпкеріміз:
«ReLive жобасының аясында жасалған экзоскелет – инсульт алған науқастарды оңалтуға арналған инновациялық шешім. Яғни инсульттен кейін сауықтыруға жәрдемдеседі. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 50 мыңға жуық адам жүрек талмасына ұшырайды. Оның 20 пайызы қайғылы жағдаймен аяқталады. Аман қалған күннің өзінде инсульттен кейін адамдар көбіне мүгедек болып қалады. Міне, біз осы мәселенің шешімін ұсынып отырмыз», деді.
Шыны керек, әлемде мұндай экзоскелеттердің бірнеше үлгісі жасалған. Бірақ бұл нұсқа – медициналық мақсатта қолданылатын әлемдегі бірегей жоба. Идея авторының айтуынша, оңалту орталығының дәрігері осы экзоскелетті қолданып әр емделушіге жеке сауықтыру бағдарламасын жасай алады. «Қазіргі уақытта инсульт алғаннан кейін науқастарды нейрооңалтуды негізінен физиотерапевтер жүргізеді және физиотерапиямен айналысатын орталықтар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент сияқты үлкен қалаларда орналасқан. Басқа өңірлердегі адамдарға емделу үшін осы қалаларға бару керек. Бірақ инсульттен кейін адамның көбіне қолдары немесе аяқтары сал болып қалады және оларды қалпына келтіру процесі 3 айдан 2 жылға дейін созылатынын ескеру қажет. Сондықтан аталған орталықтарға қатынаудың, технологиялар мен рәсімдердің қымбатшылығы адамдардың көпшілігіне оңай тимейді. Қазір Қазақстан бойынша Нұр-Сұлтан қаласында роботтық оңалту орталығы бар, бірақ онда бір сеанс үшін 5-тен 10 мың теңгеге дейін тұратын батыс компанияларының құралдары қолданылады. Біз әзірлеген құрал осы бағаны екі есе төмендетеді», дейді кейіпкеріміз.
Ал аталған өнімнің әзірлену технологиясына келсек, сал болып қалған кезде адамның байланыс нейрондары үзіледі, нәтижесінде ол аяқ-қолын қимылдата алмайды. Бұл бірінші кезекте, бұлшықет қызметіне қарағанда, жүйке жүйесінің жұмысымен байланысты. Соның салдарынан адамның аяқ-қолдары ұзақ уақыт қимылсыз қалады. Бейбіт бастаған топ осы жағдайдың шешімі ретінде адамға жаттығулар жасауға көмектесетін экзоскелетті жасап шығарды (әзірше тек аяқ-қолға ғана).
«Мұның негізгі екі бөлігі бар – мобильді энцефолограмма аппараттарын пайдалана отырып, ми сигналдарын оқимыз, осы сигналдарды танып, экзоскелетті басқаратын бақылаушыға жібереміз. Пациент өзінің ақыл-ойымен экзоскелетті өзі басқаратын болады. Мұндағы енгізген жаңалығымыз – біз ми сигналдарын танудағы өз алгоритмімізді құрдық және бұған қоса механика бөлігінде ақылды бақылаушыны жасадық. Экзоскелет адам бұлшық етінің күшін таниды, соның есебінен адамға шынымен қажет болғанда ғана көмектеседі. Аурудың тарихы және пациентті нейрооңалту үдерісі жөніндегі барлық ақпарат платформада жазылады және сақталады. Бұл дәрігер-реабилитолог, ассистент және пациенттің өз жеке электронды кабинетін, сондай-ақ жаттығулардың бейнежазбасын, соның ішінде ойын түріндегі жаттығуларды қамтиды», деп түсіндірді жоба жетекшісі.
Қоса кетейік, ReLive жобасы 2019 жылы Дүниежүзілік банктен грант жеңіп алды. Қазіргі уақытта кейіпкеріміз өзінің әріптестерімен және идеялас серіктестерімен бірге жобаның 80%-ын аяқтап, биыл экзоскелетті тестілеу үшін бірнеше прототип ұсынуды жоспарлап отыр.