
Тәуекелшіл буын
Бәріміз білетіндей, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдің зиялы қауымы, соның ішінде ағартушылар мен ғалымдар күнкөрістің қамымен базар жағалап кетті. Ал сол уақытта бұл буын келешекте егемен Қазақстанның дамуына еңбек ететін жастарды, өздерінің ізбасарларын дайындай алмады. Өйткені «өлі мен тірінің» арасында тұрған ғылымдағы қызметін жалғастырған жанкешті ғалымдар қолда барды сақтап қалуға ғана жанталасты. Тоқсаныншы жылдары ғылымға жаңа келген ғалымдар қазір орта буын болар еді. Алайда бүгінгі жас зерттеушілерді үлкен қадамға даярлайтын, зейнеткерлер мен жастардың арасында алтын көпір болатын сол орта буынның орны ойсырап-ақ тұр. Нақ осындай қалпына келу кезеңінде ғылымға бет бұрған жас ғалымдарды тәуекелшіл буын деуге болар. Бәлкім олардың бір-біріне деген жанашырлығын, біріне-бірі көмектескісі келіп, қолынан келгенін аямайтын қамқорлығын, күш біріктіруге даяр бірлігін нығайтуына да сол уақыттағы жағдай, нақты айтқанда өздерін жетектейтін, жетелейтін, жол көрсететін орта буынның тым сирек екені септескен шығар. Бірақ мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілмесе де алға ілгерілеу болмас еді.
Жастарды шеттетпеген шарт
Жас ғалымдарға мемлекеттен берілген ең алғашқы қолдау жас ғалымдарға арналған грант десек, одан бұрын шығарылған маңызды шешімді ұмыт қалдырған болар едік. Елімізде жалпы зерттеушілер мемлекеттік грант арқылы күн көреді. Себебі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында жалақы мардымсыз. Сол себепті олар өздерінің ғылыми жобаларын грантқа қатысу арқылы мемлекеттен қаржыландырады. Алайда жас ғалымдарға орын бұйыра бермейтін. Көбіне тәжірибесі мол, зейнетке жақындаған немесе зейнетке әлдеқашан шығып кеткен ғалымдар грант иеленетін. Өйткені олар конкурстың құжаттамасын қалай толтыруды, қалай әзірлегенде өтетінін, өте күрделі сараптамадан сүрінбеу үшін қандай талаптарды ескеру керегін жақсы біледі. Ал сағы сынған жастар 3 жыл бойы келесі конкурсты күтіп жүрмей, мүлде басқа салаға кетіп қалатын. Өйткені оларға профессор, академиктермен қатар үлкен конкурсқа түсу оңайға соқпайтын. Бір жағынан алып қарағанда, бұл ауыр салмақтағы боксшыны спортқа жаңа келген жасөспіріммен шаршы алаңға шығарумен тең сияқты. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ғылыми жобаларға арналған барлық конкурстың құжаттамасына арнайы бір талап енгізілді. Осы шарт бойынша жоба оның қатысушылары құрамында 40 пайызға дейін 40 жасқа дейінгі жастар болғанда ғана өтетін болды. Бұл жас ғалымдарды шеттетпеуге ықпал еткен шарт болды.
Жоқтан бар жасайтын ғалым
Алайда негізгі қолдау бұл да емес еді. 2019 жылы елімізде Жастар жылы жарияланды. Міне, сол Жастар жылында Жас ғалымдарға арналған бөлек грант енгізіліп, 40 жасқа дейінгі отандық зерттеушілер өз жобаларын зерттеуге және өндіріске енгізуге мемлекеттен қаржы ала алатын болды. Жас ғалымдарға арналған грантты жеңіп алғандардың бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Физика-химиялық зерттеу және талдау әдістері орталығының «Мұнайхимиялық синтездер» зертханасының аға ғылыми қызметкері Нұрболат Құдайбергенов пен оның командасы. Н.Құдайбергеновтің жетекшілігімен жас ғалымдарға арналған грантты жеңіп алған зерттеушілер тобы алдағы 3 жыл бойы мұнай өңдеуден қалатын қажетсіз органикалық заттардан синтетикалық әдіспен хош иісті заттарды синтездеумен айналысады. Мұндай зерттеулермен Қазақстан ғылымында алғаш рет тек осы жоба авторлары ғана айналысып жатыр.
«Мұнай өңдеу зауыттарында жыл сайын қалдықтар жағылады. Сол қалдықтардың құрамында органикалық зат – олефиндер болады. Біз осы олефиндерді бөліп алып, күрделі эфирлер шығаруға қолданамыз. Ал күрделі эфирлер парфюмерияда, хош иісті сусабындар, ауа тазартқыштар, иісмайлар, т.б. заттарды жасауда пайдаланылады. Бұл жоба идеясының авторы – менің ғылыми жетекшім, профессор Хаким Суербаев. Мен Хаким Абдрахимұлының соңғы докторантымын, ол 2017 жылы дүниеден өтті. Соңына біз секілді шәкірттерді тәрбиелеп, ізбасарларын қалдырып кетті. Сондықтан ұстазымыздың аманатындай болған жобамызды қаржыландыруға мүмкіндік бергеніне қуаныштымыз. Өйткені бұл жастарға үлкен қолдау. Бір ғана мысал айтайын, былтырғы жалпы конкурсқа 5 мың адам қатысты. Олардың ішінде профессорлар да, біз секілді қарапайым PhD докторлары да бар. Ал жас ғалымдарға арналған конкурста 600-ге жуық жоба болды. Міне, осыдан-ақ бұл гранттың жас ғалымдар үшін қаншалықты маңызды екенін көруге болады. Содан соң жобаның сметасын қатысушылар тобы, яғни жетекші өзі құратын болғандықтан, шетелдік тағылымдамаға арнайы қаржы бөлдім. Көрдіңіз бе, грант жобаны қаржыландыруға ғана емес, ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттырып, әлемдік деңгейде кәсіби дамуына да жағдай жасайды», дейді Н.Құдайбергенов.
Бұл жоба іргелі зерттеуге негізделген. Сол себепті Нұрболат жетекшілік ететін зерттеушілер тобы олефиндерден күрделі эфирлерді алудың тиімді технологиясын ғылыми тұрғыда негіздеп, жолға қойып береді. Ал әрі қарай инвесторлар табылып, Қазақстанда хош иісті химиялық өнімдер шығаруды жоспарласа, технологияны беруге және бірге жұмыс істеуге әзір.
«Мәселен, біз жобаны іске асыру барысында жемістердің немесе бір гүлдің иісін шығаратын күрделі эфирлерді алып береміз. Сол күрделі эфирлерді хош иісті өнім өндіруге қолданады. Қазақстанда барлық компоненттерін өздері синтездеп шығарып, хош иісті өнім өндіретін компания жоқ. Көп компоненттерін шетелден алдырады. Бірақ біз ғылыми зерттеуіміздің зертханада шаң басып қалып қойғанын қаламаймыз. Сол себепті командамызбен іргелі зерттеу болса да оның қолданбалыға айналып, яғни тәжірибеде қолданылуына барынша тырысамыз. Біздің жоба еліміздегі кәсіпкер қауымға да жаңа кәсіп ашуға серпін береді деп сенеміз», дейді Н.Құдайбергенов. Осыдан соң қалдықтан пайдалы дүние шығаратын оны «жоқтан бар жасайтын ғалым» десек жарасатындай.
Шаруалардың ақылшысы
Иә, жас ғалымдарға арналған грант өмірлік маңызы бар, елдің дамуына септігін тигізер іргелі зерттеулерге ғана емес, тәжірибеде адамзаттың игілігіне пайдалануға негізделген қолданбалы зерттеулерге де беріледі. Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттің пост-докторанты, география PhD докторы Шахислам Лайсханов командасындағы зерттеушілерімен бірге жүгерінің өсіп-өнуіне топырақ тұздылығының әсерін зерттеумен және дақылдың өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеумен айналысады.
«Біздің жоба картографиялаумен, геоақпараттық жүйелерді қолдану, ғарыштан түсірілген суреттерді пайдалану мәселелерімен тікелей байланысты. Ғарыштан түсірілген суреттерді пайдаланып, жүгерінің өсіп-өнуіне топырақ тұздылығының әсерін де зерттейміз. Бірақ біздің жобаның түпкілікті мақсаты – дақылдың өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеу. Қарапайым тілмен айтқанда, қай жерде қандай дақылды өсіру тиімді және ең маңыздысы, өнімді болатынын болжаудың ғарыштық әдісін табуды көздейміз. Еліміздің оңтүстік аймақтары түрлі деңгейде тұзданған. Ал сол тұзданған жерлерде ауылшаруашылық дақылдарының қай түрін ексе, қандай мөлшерде өнім береді? Міне, осы сұрақтың жауабын табуға қолданатын ғылыми әдіс көптеген шаруа адамына, кәсіпкерлерге керек екені анық», дейді Ш.Лайсханов.
Жоба жетекшісінің айтуынша, бұл ғылыми-зерттеу де 3 жылда іске асыруға бағытталған. Шахислам бастаған зерттеушілер тобы алғашқы жылдары топырақтың тұздылығын анықтап, оның жүгеріге әсерін зерттейді. Олар Түркістан облысындағы Отырар ауданын зерттеу нысанына айналдырып отыр. Бұл да бекер емес, себебі дәл осы ауданда ауылшаруашылық жұмыстарына су ресурстары жеткілікті, алайда тұздану проблемасы басқа аудандармен салыстырғанда ушығып тұр. Зерттеу барысында топырақ тұздылығының картасын жасайды. Ғарыштан түсірілген суреттерді алып, дешифрлейді.
«Ал үшінші жылы Отырар ауданындағы ауылшаруашылық жерлеріне геоэкологиялық баға береміз және Кеңес өкіметі кезеңінде пайдаланылып, кейін қараусыз қалған, әсіресе тастанды, тың, тыңайған жерлердің ауылшаруашылық әлеуетін анықтаймыз. Сонымен қатар ауылшаруашылық фермерлермен және аталған облыстағы осы салаға жауапты басқарманың басшыларымен семинар өткізу жоспарланған», деп түсіндірді Ш.Лайсханов. Осыдан кейін жас ғалымды фермерлердің, егін шаруашылығымен айналысатын барша шаруа адамының кеңесшісі, ақылшысы деуге болар.
Ғылым комитетінің дерегінше, жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруға бағытталған 2 конкурстың нәтижелері бойынша 315 жоба іске асырылып, оған 2,5 мыңнан аса жас ғалым мен зерттеуші қатысып жатыр. Мінекей, жас ғалымдарға бөлек грант тағайындау – ғылымға жаңа леп ала келетін жастарды қолдау деген сөз. Бұл түптің түбінде отандық ғылымның бәсекеге қабілетті бола түсуіне септеседі. Себебі ғылым дегеннің өзі – жаңалық ашу, жаңалық әкелу емес пе?!