
Бұл шешім ғалымдар мен зерттеушілер, сондай-ақ сарапшылардың көтерген мәселелерінен кейін бір жыл бойы талқыланып барып қабылданды. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде осыған қатысты «Диссертация жазбаса да ғалым бола ала ма? Бұл ғылымға қиянат қой», деген мазмұндағы пікірлер айтылды. Бұған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің facebook-тегі парақшасында: «Биылдан бастап, кейбір докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алатын болады. Бұл үшін докторант беделі мықты басылымда бір ауқымды шолу және Q1-Q2 WоS тізіліміндегі журналдарда кем дегенде екі ғылыми мақаласын автор ретінде және корреспонденция авторы ретінде жарыққа шығаруы керек. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі мен сапасына қандай да бір нұқсан келтірмей-ақ зерттеу жүргізу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Мұндай тәжірибе көптеген шетелдік жоғары оқу орындарында бұрыннан қолданылып келеді. Дегенмен бұл балама әдіс ретінде пайдаланылады. Докторант бұрынғыдай өз қалауы бойынша дәстүрлі түрде диссертация жазып, зерттеу жұмыстарын қорғай алады», деп түсіндірді.
Ғалымдар арасында диссертациялық кеңестер мен ресми рецензенттердің жауапкершілігіне қатысты мәселелер де жиі қозғалатын. Өйткені бұрын диссертациялық кеңес үш жылға әрі тұрақты мүшелерден бекітілетін. Кеңес мүшелері қатарында ғылыми жұмыстың тақырыбы мен мазмұнын жан-жақты меңгерген маман болмаса да, жазылған диссертацияға қатысты шешім шығарылатын. Осыған қарамастан ғылыми жұмыстар қорғалып жатты. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, ұлттық университеттердегі диссертациялық кеңестер 2019 және 2020 жылдары 266 жұмысты қарастырып, оның тек екеуін өткізбеген. Ал Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті соңғы он жыл ішінде 142 докторантқа ғылыми дәреже беруден бас тартқан, яғни олардың диссертациялық жұмысы ЖОО қабырғасында қорғалса да, көңіл көншітпеген. Шетелде диссертациялық кеңес әр ғылыми жұмыс бойынша құрылады және негізгі талқылауларды сол кеңес жүргізеді.
Міне, дәл осы түйткілдің де түйіні тарқатылғандай. Өйткені бұдан былай диссертациялық кеңестердің құрамы халықаралық тәжірибеге сай жасақталады. Бұл туралы министр А.Аймағамбетов: «Докторанттың зерттеу тақырыптары әр алуан болғандықтан, диссертациялық кеңес мүшелерінің жартысы уақытша тағайындалады. Енді кеңес мүшелері, қорғау қорытындысы бойынша диссертациялық кеңес PhD дәрежесін беру (1), PhD дәрежесін бермеу (2), диссертацияны қайта қорғауға жіберу (3) немесе докторант жұмысын пысықтауға жіберу (4) сынды шешім қабылдай алады. Бұған дейін кеңес мүшелері тек екі шешімнің біреуін қабылдайтын еді. Бұған қоса, енді дауыс беруге ресми рецензенттер де қатысады», деді.
Сонымен қатар кез келген Қазақстан азаматы қандай диссертациялардың және оларды кімдердің қорғап жатқанын біле алады. Бұл – ашықтыққа деген бетбұрыс. Ведомство басшысының айтуынша, ғылыми жұмысты қорғау процедурасы интернет желісі арқылы тікелей эфирде жүргізіледі. Яғни диссертацияны қорғау рәсімі толығымен ашық форматта өтеді. Сондықтан қызығушылық танытқан әрбір адам ғылыми-зерттеулермен танысып, докторанттардың жұмысына ашық пікір қалдыра алады. Сондай-ақ ғылыми атақтан үмітті азаматтар да диссертациясын онлайн форматта қорғауға құқылы. Мұны енді карантинің әсерінен енгізілген өзгеріс деуге болар. Себебі пандемия кезінде Калифорниядағы Беркли университеті, Оксфорд, Кембридж, Гарвард, Сингапур Ұлттық университеті және басқа да оқу орындары алғашқылардың бірі болып диссертация қорғауды онлайн форматта өткізген еді. Демек, бұл да әлем бойынша кеңінен пайдаланылып жатқан тәжірибе.