
«Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, осыған дейін вакцина салдырған қазақстандықтардың 17 пайызы мұғалімдер екен. Осыдан-ақ олардың екпе алуға деген белсенділігін көруімізге болады. Дегенмен вакциналау барлық азаматқа, соның ішінде мұғалімдерге де ерікті түрде жүргізіледі. Оған ешкім мәжбүрлемейді. Бірақ мен министр ретінде әріптестерімді, педагог қауымды екпе алуға, ғылымға сенуге шақырамын. Өйткені бұл – ең алдымен мұғалімдердің, содан соң оқушылардың, ұжымның, түптеп келгенде қоғамның қауіпсіздігі. Мен де ғылымға сенемін, бұл – ғылымның үлкен жетістігі. Сондықтан өзім де алғашқылардың бірі болып вакцина салдырдым», деді А.Аймағамбетов.
Ведомство басшысы брифинг барысында оқушылардың мектепке қашан оралуы мүмкін екенін де жеткізді.
«Балалардың мектепке оралуы вакциналау мен карантиндік шектеулердің сақталуына байланысты. Пандемияға қатысты жағдай жақсарған кезде және ел өңірлері КВИ-дің таралу деңгейі бойынша «сары», содан кейін «жасыл аймақтарға» өткенде. Әдетте, «жасыл аймақтағы» өңірлерде балалардың барлығы дерлік мектепте білім алуға құқылы. Барлығын өзіміздің әрекетіміз шешеді. Себебі бұл – бәрімізге ортақ мәселе. Егер барлық адам санитарлық дәрігерлердің талаптары мен ұсыныстарын орындаса, балалар мектепке тезірек оралады», деді министр.
Бұдан бөлек, А.Аймағамбетов отандық вакцинаның әзірлену барысына да тоқталды.
«Біздің ғалымдар коронавирустың «британдық», «оңтүстікафрикалық» штамдары бойынша зерттеу жүргізіп жатыр. Шын мәнінде олардың еңбегі өлшеусіз, қазіргі таңда күні-түні тынбай жұмыс істеуде. Отандық вакцинаға келсек, көп қазақстандықтың асыға күтіп отырғанын білеміз. Дегенмен сәл сабырлық танытып, ғалымдарымызға қолдау көрсетейік. Өйткені қазір тиісті стандарттар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген вакцинаға қатысты барлық рәсім бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп отыр. Бұл ретте ешқандай проблема жоқ. Біздің әріптестер 50 мың доза бойынша қажетті жұмыстар жүргізді. Хаттама бойынша үнемі химиялық талдау мен биологиялық қадағалау жасалады. Қазір биологиялық қадағалауды аяқтап жатыр. Кестеге сәйкес, биылғы сәуір айының соңына қарай, 20-сынан кейін құжаттарды Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырамыз. Олар нәтижелерге талдау жасай отырып, тиісті шешім қабылдайды», деді
ведомство басшысы.