
– Орталық небәрі бір жыл жұмыс істеп келе жатса да, ғалымдар арасында тез танылды. Орталықтың мақсаты қандай?
– Орталығымыз ғылыми зерттеулердің сапасын жақсартып, ғылыми қоғамдастықты оқыту және мемлекеттік стратегияны іске асыруға көмектесу арқылы тиімділікті арттыру мақсатында құрылды. Компаниямыз халықаралық, яғни Қазақстан Республикасының ғалымдарына ғана емес, сонымен қатар бүкіл Орталық Азия ғылымының сапасын арттыруға атсалысуды көздейді.
– Ғалымдарға қандай қолдау көрсетпексіздер?
– Негізі, Research Support Center-дің ғалымдарға, авторларға, тіпті университеттер мен кішігірім ұйымдарға тигізетін көмегі зор. Біз ғалымдарға арналған 2,5 айлық ақылы оқыту вебинарларын жүргіземіз. Вебинарларымыз ғалымдар арасында өте танымал. Сондықтан айына бір рет тегін немесе өте арзан бағада қысқаша сабақтарды да өткіземіз. Сонымен қатар авторлардың публикациялық өнімділігін арттыру мақсатында Enago атты беделді халықаралық академияның ресми өкілі ретінде шығып, авторларға кем дегенде бір-екі әлеуетті ғылыми журналда өз жұмыстарын жариялауға көмектесеміз. Дәлірек айтқанда, оларды техникалық жағынан бақылауға алып, жұмыстарын халықаралық техникалық қағидаларға толықтай бейімдейміз. Одан басқа да көрсететін қолдауымыз, көмегіміз, ғылымның дамуына қосар үлесіміз жетерлік. Себебі орталығымыз жалпы ғылыми қоғамдастыққа тек сапалы жұмыс көрсетуді мақсат етіп отыр. Біз ғылым саласында ғалымдарға міндетті түрде қажет болатын коғамдастықтар мен компаниялардың эксклюзивті арнайы дистрибьюторы саналамыз: OJS платформасы, Crossref-тің DOI идентификаторы, LMS системаларымен TurnitIn, Plagiat.PL антиплагиаттар жүйесі. Жалғастыра берсек, көпке созылуы мүмкін. Бірақ әрине біз үшін сапа сандық көрсеткіштерден бір саты жоғары тұр.
– Ғалымдар көмек немесе қолдау алу үшін қалай байланыса алады?
– Кез келген ғалым орталығымызбен www.research-support-center.com ресми сайты арқылы байланыс орната алады. Ресми сайттың соңғы бетінде өзінің деректерін қалдырған жағдайда, біздің қызметкерлеріміз бір күн ішінде міндетті түрде хабарласады.
– Осыған дейін қандай жетістіктерге жетіп үлгердіңіздер?
– Бірнеше ай бұрын Research Support Center орталығы Enago академиясымен бірлесіп, өте маңызды халықаралық See The Future атты онлайн-форум ұйымдастырған еді. Форум жоғары білім беру сапасын жақсарту және жетекші әлемдік рейтингтердегі жоғары оқу орындарының позициясын күшейту, ғалымдар мен авторларға жоғары квартиль журналдарында мақалалар жариялауға жәрдемдесу, халықаралық гранттар алу және ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру мәселелеріне оқыту мақсатында жүргізіліп, жүздеген оң пікірлерге ие болды. See The Future онлайн-форумында Орталық Азия елдерінің Білім және ғылым министрліктерінің қолдауымен ұлттық университеттердің ректорлары қатысып, Нобель сыйлығының лауреаты Сэр Ричард Дж. Робертс, QS – Университеттердің әлемдік рейтингінің басшысы Квакварелли Саймондс, Гарвард университетінің Зерттеу сапасын бақылау бойынша бас маманы Ара Тахмасян және т.б. ғылым саласындағы әлемдік ең ықпалды және беделді спикерлермен дискуссияға түсті. Бұл – ғалымдарға шекараны бұзып, отандық ғылымды әлемдік аренаға шығаруына және өз карьерасын дамытуға ықпал ететін мүмкіндік. Бұған дейін әлемдік ғылымдағы беделді адамдардың мұндай көлемдегі жиналыстары Орталық Азияда, әсіресе Қазақстанда болған жоқ. Біз осындай әлемдік үлгідегі болашақ форумдарға жол аштық. Сондықтан соңғы жарты жыл ішінде болған ең басты жетістігіміз деп осы жұмысымызды атар едім.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Шыны керек, алдағы жоспарымыз өте күрделі. Біріншіден, Research Support Center ғалымдар мен университеттерге ең керекті әлемдік компаниялардың ресми өкілі болғандықтан, сол бағыттағы іс-шараларды дамыту, портфолиомызды кеңейтуді көздеп отырмыз. Екіншіден, бізбен байланыс орнатуды көздейтін ғалымдардың қатары және қолдау көрсетуді қалайтын университеттердің саны күннен-күнге көбейіп келеді. Орталықпен қарым-қатынас орнату мүмкіндігін инновациялық шешімдермен алмастыру қажет. Қазірдің өзінде бізде оннан аса адам сұраққа жауап беріп отырса да, бұл жеткіліксіз болып тұр. Үшіншіден, қазақ ғалымдары үшін тегін және тиянақты мағлұмат беру жоспарымызда бар. Өкінішке қарай, «жыртқыш журналдардағы» мақалалар және басқа да мемлекетіміздегі пайда болған ғылым саласының мәселелері, көбіне білмегендіктен болады. Пайғамбарымыз айтқандай, ақылыңызды елге тарату – ең қасиетті сауап. Білгенімізді қазақ ғалымдарына жеткізіп, тың идеяларға бай, заман талабына сай келетін ғылыми ізденістерге мүмкіндігінше қолдау көрсетеміз.
Әңгімелескен
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»