
Ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойына орай елордада қала өміріне белсене атсалысып, тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында «30 ИГІ ІС» әлеуметтік және қайырымдылық іс-шаралары өтіп жатыр. Осы «30 ИГІ ІС» қайырымдылық акциясы аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Астана жастары» ұйымы мен астаналық волонтерлер «ДОС» «Тәуелсіз өмір» орталығы мүгедектерінің қоғамдық бірлестігі аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы Ұйымдастыру бөлімінің басшысы Арайлым Сапаралы: «Бұл қайырымдылық іс-шара Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қайырымды істер марафоны аясында іске асырылып жатыр. Волонтерлер осылай мүмкіндігі шектеулі адамдардың ауласын қоқыстардан тазартып, онда көшет отырғызып, бұрыннан өсіп тұрған ағаштардың топырағын қопсытып, түбін әктеп, жалпы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Осы жұмысқа 15-ке жуық волонтер белсене қатысты. Алдағы уақытта қайырымдылық жұмыс жалғасын табады», деді.
Бір жарым жылдан бері азаматтық іспен айналысып жүрген волонтер Амангелді Олжас өз идеяласымен бірге біршама игі іс-шараның басы-қасында болғанын айтты.
«Университеттегі оқуымды бітірген соң жұмысқа орналастым. Содан кейін бос уақыт пайда бола бастады. Мен сол уақытымды жақсы іске жұмсауды жөн көрдім. Міне, сол бір жарым жылдан бері волонтерлікпен айналысып жүрмін. Осы қысқа ғана уақытта ортақ мақсатты азаматтармен бірге қаланы көркейтуге, тұрғындарға көмек көрсетуге бағытталған көптеген қайырымдылық жұмысқа қатыстық. Осы жолы да тәуелсіздіктің құрдастары ретінде егемендіктің мерейтойына орай ұйымдастырылған қайырымды іске жұмылдық. Өздеріңіз білетіндей, қыстан кейін қала қатты ластанады. Айналаны күл-қоқыстан, қар астында 3-4 ай бойы көрінбей жатқан қалдықтардан тазарту қажет. Өз қаламыздың тазалығына өзіміз жауап беруге тиіспіз. Бірақ мұндай мүмкіндіктен ада адамдар, яғни физикалық жұмысқа жарамайтын жандар да бар. Оларға әлбетте көмек керек. Біз көмек көрсеттік», деді волонтер А.Олжас.
Айта кетелік, қаланы көгалдандыруға, абаттандыруға белсене атсалысып, қаланың экологиялық дамуына үлес қосқан ұйым қызметкерлері мен волонтерлер іс-шара барысында санитарлық нормаларды сақтады. Барлық қатысушы бетпердемен және қолғаппен қамтамасыз етілді.