
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте: «Министрлік ұйымдастыратын зияткерлік олимпиадалар мен конкурстарды «Дарын» республикалық орталығы, шығармашылық және көркемдік бағыттағы сайыстарды республикалық «Қосымша білім беру» орталығы, спорттық жарыстарды «Дене шынықтыру және спорт» республикалық орталығы үйлестіреді. Айта кету керек, министрлік өткізетін барлық конкурс бюджет қаражаты есебінен ұйымдастырылады, сондықтан оған қатысу тегін. Бұдан бөлек олимпиадалар мен конкурстардың қорытындысы бойынша берілетін дипломдар мен медаль, төсбелгілер де оқушы-жеңімпаздарға, жүлдегерлерге тегін беріледі. Осы орайда қоғамдағы ақылы олимпиадалар туралы қызу талқылауға тоқтала кеткім келеді. Қазіргі таңда түрлі жекеменшік ұйымдар оқушыларға арналған ақылы конкурстарды ұйымдастырады. Алайда мұндай қызмет көрсету саласы лицензияланбайды, – деді.
Спикердің сөзіне сенсек, осындай жекеменшік ұйымдар өздерінің жарыстарын министрліктің жоспарында бекітілген конкурстардың тақырыбымен бірдей немесе ұқсас етіп ұйымдастырады. Және қатысуға оқушылардан ақша талап етеді. Тегін ұйымдастырылмайтын олимпиадалар мен конкурстардың бірде-біреуінің аталған ведомствоға қатысы жоқ. Сол себепті ата-аналар мен мұғалімдер баланы конкурстарға қатыстыруда мұқият болғаны абзал.
– Ата-аналар, мұғалімдер мен мектептер әртүрлі олимпиадалар мен конкурстарға балалардың қатысуын таңдағанда мұқият болуы керек. Олар өз қаражатын жұмсамас бұрын ұйымдастырушының кім екенін, балаларды дамытуда қандай тәжірибесі барын, оқушының болашағына не беретінін, қандай дағдыларды игеретінін анықтап алғаны жөн. Жалпы, олимпиадаларға қатысу – ерікті іс. Әрбір ата-ана баласының ақылы жарыстарға қатысу-қатыспауын өзі шешеді. Бұл ретте педагогтердің де, мектеп әкімшіліктерінің де, ұйымдастырушылардың да мәжбүрлеуге хақы жоқ. Мұндай фактілер болса, министрліктің өңірлік Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне жүгінуге болады, – деді Ш.Каринова.