
Министрдің мәлімдеуінше, мұғалімдер сынып жетекшілігі, дәптер тексергені, педагогикалық шеберлігі, магистр дәрежесі және тәлімгерлігі үшін қосымша ақы алады. Бұған қоса «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары 1000 АЕК көлемінде сыйақы алады. Тиісті марапаттар өңірлік деңгейде де қарастырылған.
– Қолданыстағы заң мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден және оларға тән емес функцияларды орындаудан босатты. Барлық педагог қызметкерлердің еңбек демалысы 56 күнге дейін ұзартылды. Бұрын мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілерінің лауазымдық жалақысы мен демалысы мектеп мұғалімдеріне қарағанда, әлдеқайда аз болатын. Енді тепе-теңдікті сақтау үшін балабақша тәрбиешілерінің лауазымдық жалақысы 30%-дан 50%-ға дейін өсті. Бұл тәрбиеші мамандығының тартымдылығын арттырады, – деді министр А.Аймағамбетов.
Осыдан соң ведомство басшысы 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту мәселесінің қалай шешілетініне тоқталды.
– 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 98,7 %-ды құрайды. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 95%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөлінген. Алдағы оқу жылында «Ойын арқылы оқыту» қағидаты бойынша мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі енгізіледі. «Балаларды ерте жастан дамыту институты» құрылады. 2020 жылы мемлекет-жекеменшік әріптестігі құрылысы мен тетігі есебінен мектепке дейінгі ұйымдар желісі 500 бірлікке көбейеді. Жекеменшік балабақшаларды дамыту да ваучерлік қаржыландыруды енгізу есебінен ынталандырылады. Әр баланы жан басына қаржыландыру нормативі 31 мыңнан 40 мың теңгеге дейін ұлғайтылады, – деді А.Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектеп кітапханалары көркем әдебиетпен, оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттердің ең жақсы үлгілерімен қамтамасыз етіледі. «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
– Министрлік мектеп оқулықтарының сапасына қойылатын талаптарды күшейтті. Оқулықтарды сараптауды тәуелсіз мамандар жүргізеді. Сондай-ақ оқулықтар мен баспалар авторларының жауапкершілігі артты. Енді сатып алынған оқулықтарда қателер анықталған жағдайда баспалар барлық шығынды өз қаражатынан өтейді.
Жаңартылған мазмұнға көшу толығымен аяқталды. Алдағы 2021-2022 оқу жылына арналған білім беру мазмұнының моделі қайта қаралды. Оқу бағдарламалары білім алудағы олқылықтарды толтыру қажеттілігін ескере отырып бейімделеді. Оқыту тәсілдері мен әдістері өзгертіліп, педагогтерді қолдау барысында әдістемелік қызметтердің рөлі күшейтілді. Педагогтердің цифрлы дағдыларын дамытуға, технологиялық әлеуеттерді күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді, деді ведомство басшысы.
Жоғары білім алуға тағайындалатын мемлекеттік грант университеттерге емес, жеке тұлғаға, яғни иегерге беріледі. Ол өзі қалаған оқу орнына барады. Осы жүйе енді колледждерге де енгізілмек. Осы өзгеріс жөнінде А.Аймағамбетов халыққа есеп беру кездесуінде:
– Колледждерге түсу кезінде қабылдау емтихандары болмайды, мұндай жүйені былтыр тоқтаттық. Конкурс орташа балл бойынша автоматтандырылған режімде өткізіледі. Колледждерге қабылдау «Ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты шеңберінде, яғни талапкердің таңдауы бойынша жүргізіледі. Енді мектеп түлектері бір ғана емес, бірнеше мамандық пен колледжді таңдай алады, – деді.
Ал жоғары оқу орындарына бөлінетін грант саны артпақ. Келесі оқу жылына бакалавриат бағдарламасы бойынша 51 561 грант бөлінді, оның ішінде «Серпін» бағдарламасы бойынша. Сонымен қатар Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде тағы 5000 грант бөлу қарастырылған. Бакалавриат бағдарламасы бойынша гранттардың жалпы саны 56 561 грантты құрайды, магистратура бойынша – 13 263, докторантура –
1 890. Кадрлар даярлауға арналған гранттар қажетті бағыттар бойынша бөлінеді.
Айтпақшы, жыл сайын жас ғалымдарға 1000 грант бөлінеді. Ал 500 қазақстандық ғалым «Болашақ» бағдарламасы аясында танымал әлемдік ғылыми орталықтарға тағылымдамадан өтуге жіберіледі.
Есеп беру барысында спикер журналистердің сауалдарына да жауап берді. Соның бірі – отандық вакцина туралы ғылыми мақаланың жариялану жайы. Жалпы, ғылым саласында қандай да бір өнімді немесе ғылыми-зерттеуді рецензиясы бар, халықаралық беделді журналда жариялау, әлемдік деңгейдегі сарапшылардың рецензиясы арқылы мойындатуға, тиімділігі мен артықшылығына көз жеткізуге болады. QazVac вакцинасын клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулер жөніндегі ғылыми мақала біраз бұрын халықаралық журналға жіберілсе де әлі жарыққа шықпады.
– Халықаралық базаға енген, рецензияланған журнал елімізде де бар, оған бір-ақ күннің ішінде жариялай аламыз. Бірақ біз әлемдік деңгейдегі сарапшылардың рецензиясын алып, рейтингі жоғары халықаралық журналға басуды көздеп отырмыз. Ең бастысы – материал жазылды, бірнеше ай бұрын жолданып қойды. Қазірдің өзінде сарапшылар қорытынды рецензиясын беріп жатыр. Алдағы уақытта көптен күткен ғылыми мақала жарыққа шығып қалады деп үміттенеміз, – деді ведомство басшысы.