
– Өткен 8 маусымда опера труппамыз толық қалыптасты, енді осы уақыт аралығында солистердің вокалдық қалыбын сақтауға күш саламыз. Театр – кәсіби сахна, оған жеңіл қарауға болмайды. Сондықтан өнерпаздар жоғары деңгейде болуы үшін оған даму қажет, сол үшін басшылық оларға түрлі шеберлік сабақтарын ұйымдастырып тұрады. Мәселен, опера труппамызбен бірнеше рет профессор, италиялық коуч Алла Симонишвили, атақты маэстро Джузеппе Акуавива және тағы басқа талантты тұлғалар жұмыс істеді. Анатолий Алексеевич Гусевтің де орны бөлек, ұстаздық тәжірибесі мол, оның шәкірттері халықаралық деңгейде өте танымал. Енді біздің солистер де онымен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды, − деп атап өтті опера труппасының директоры, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.
Қазіргі күні Анатолий Гусев Миланда тұрады, сонда опералық ән айту мектебінің негізін қалаған. Сонымен бірге ол Siberian Solo жас вокалистердің шығармашылық зертханасының ұстаздар тобына енген, қазылар алқасының мүшесі ретінде халықаралық және италиялық вокалдық байқауларға жиі қатысады.
– Бұл менің «Астана Операға» төртінші келуім. Бір жағынан, жұмыс қарапайым, ал екінші жағынан – күрделі. Күн сайын 7-8 солистпен техникалық дайындық, стилді түзету, опералардың италиялық, француздық мәтіндерін айтуы бойынша дайындаламыз. Кейбір әншілер жоғары ноталарды, кейбірі төменгісін ала алмай жатады. Белгілі бір солистермен речитатив бойынша жұмыс істейміз. Сондай-ақ маған алдағы уақытта Дж.Вердидің «Травиата» операсына солистердің екі құрамын дайындау жүктелді. Алдағы 20 маусымда «Астана Операға» шәкіртім – неаполитандық сопрано Елена Сомма мен Домодоссола қаласынан әнші, лирикалық баритон Маттиа Росси келеді. Ол осы театр сахнасында Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсында сержант Белькоренің партиясында дебют жасайды. Елена Сомма аталған операдағы Адинаның рөлін орындайды. Тағы бір дарынды шәкіртімнің бірі – мықты баритон Бадрал Чулуунбаатар Дж.Вердидің «Аида» операсында Амонасроның рөлін сомдаса, тенор Саян Исин «Аида» операсындағы Радаместің партиясын шырқайды. Ал «Астана Опера» солистері бар күш-жігерімен ізденіп, құштарлықпен еңбек етіп жатыр, оларға көмектесіп жатқаныма дән ризамын. Біз өмір бойы білім аламыз, ал вокалист өз-өзін үнемі жетілдіріп отырмаса қиын. Жыл санап дауысымыз өзгереді, сол себепті біз де соған қарай қайта өзгеруіміз қажет, бұл – тоқтаусыз жұмыс үрдісі, – деді А.Гусев.