
Комитеттің дерегіне сүйенсек, жұмыс берушілер еңбек шартын жасамастан 14 жасөспірімді жұмысқа тартып, олар күні бойы еңбек еткен. Бұл заңсыздықтар балалар еңбегін қанауға қарсы ұлттық ақпараттық науқан барысында анықталды.
«Ақпараттық науқан еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылды. Іс-шара шеңберінде балалар еңбегін қанау мәселесі және бұл проблеманың бала мен қоғам үшін тигізетін салдары туралы түсіндіру жұмыстары, азаматтарды хабардар ету іс-шаралары жүргізілді. Түсіндіру жұмыстары барысында Түркістан, Қарағанды және Ақмола облыстарында балалар еңбегін заңсыз пайдалану фактілері анықталды. Дәмханада даяшы және құрылыс алаңдарында жұмысшы болып еңбек еткен 14 жасөспірімнің құқығы бұзылған. Жұмыс берушілер оларды толық жұмысқа тартқан. Заң бойынша 14 пен 18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленуі тиіс. Сондай-ақ жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен еңбек шарттары жасалмаған», деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.
Балаларды еңбекке заңсыз тарту фактілері анықталғаннан кейін жұмыс берушілермен және кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Еңбек заңнамасына сәйкес, 14 жасқа толған оқушыларға оқудан бос уақытта денсаулығына зиян келтірмейтін жұмыстарды орындауға рұқсат етілетінін айта кеткен жөн. 14-16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағаттан, 16-18 жастағы жасөспірімдер аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Бұл ретте жұмыс беруші кәмелетке толмаған баланың өзімен, оның ата-анасымен, қамқоршысымен немесе бала асырап алған ата-анамен еңбек шартын жасауға міндетті.