
Ауылға барып жұмысқа тұрып, біржола сонда өмір сүруге тәуекел еткен жас мамандарға көтерме жәрдемақы мен баспана алу үшін бюджеттік несие беріледі. Бағдарламаның жастарға пайдасы тиетін осындай ұтымды тұстары көп болғанымен, әзірше оған қатысып жатқандар онша көп емес екенін де айта кету керек.
Алғашқылардың бірі болып дипломмен ауылға аттанған жастың бірі – Ақмарал Исмадьярова. Бүгінде ол Науырзым ауданындағы Дәмді ауылдық округінде бас маман қызметін атқарып жүр.
– Ауылға барып жұмыс істегісі келетін жастарды ынталандыратын мемлекеттік бағдарламаның бар екенін бұрыннан білетінмін. Бірақ бағдарламаның мемлекеттік қызметшілерді қамтитынын былтыр ғана әлеуметтік желіден оқыдым. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды, бірден қажетті құжаттарымды жинастырып, Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш тапсырдым. Көп кешікпей Дәмдіге жолдама берілді. Мұнда келе салысымен көтерме жәрдемақы алдым, – деді жас маман.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы әу баста денсаулық, білім, спорт пен мәдениет және ауыл шаруашылығы салаларына жас мамандарды көптеп тарту мақсатында қабылданған. Былтыр бұл мамандардың қатарына мемлекеттік қызметшілер де қосылғандығы дұрыс шешім болып отыр.
– Шынында да, біздің өңір, әсіресе, ауылдық елді мекендер кадр тапшылығын қатты сезініп отыр. Мысалы, Науырзым, Алтынсарин, Ұзынкөл аудандарында мамандар жетіспейді, – деді облыстық Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің басқарма басшысы Әлия Оспанова.
Аталған жоба бойынша ауылға жұмысқа келген жас мамандардың әрқайсысына 250 мың теңгенің үстінде көтерме жәрдемақы және 4 жарым млн теңге шамасында баспана несиесі беріледі.
Қостанай облысы