
Денсаулық сауқтау министрлігі аталған вакцина жөнінде толық мәлімет берді.
«Қазақстанда коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы негізінде Бірыңғай дистрибьютор Бейжің биологиялық өнімдер институты әзірлеген Covid-19-ға қарсы Sinopharm вакцинасының 4 млн дозасын сатып алуды жүзеге асырды. Sinopharm Қытай вакцинасының бірінші партиясы 1 млн дозадан тұрады. Sinopharm вакцинасы – жақын күндері Қазақстан азаматтарына коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау үшін қолжетімді болатын елімізде бесінші тіркелген вакцина», делінген ведомство хабарында.
Вакцинаны стикерлеу рәсімі аяқталғаннан кейін ДСМ Санитарлық-эпидемиялық бақылау комитетінің рұқсат қағазына сәйкес жедел тәртіпте еліміздің өңірлеріне жіберіледі.
Бірыңғай дистрибьютор иммунобиологиялық препараттардың логистикасын GMP және GDP барлық стандарттарын, сондай-ақ «суық тізбекті» сақтай отырып жүзеге асырады. Sinopharm вакцинасының ерекшелігі – оны жеткізу процесі мұздатқышты қажет етпейді, +2 +8 градус температурада сақталады және тасымалданады.
Қытайдың Sinopharm вакцинасын ДДҰ 2021 жылдың 7 мамырында қолдануға мақұлдады. Вакцина белсенді емес, екі дозалы. Сақтау мерзімі – 24 ай. Шілдеде Қытайдың Sinopharm компаниясының коронавирусқа қарсы вакцинасы COVAX вакциналар банкіне кірді. Вакциналар мен иммундаудың жаһандық альянсы (GAVI) қытайлық Sinopharm компаниясымен келісім жасайтынын жариялады.
Бұл – ДДҰ-мен қауіпсіз және тиімді деп жіктелген алғашқы Қытай препараты, 45 елде ересектерге вакциналауға рұқсат етілген. Бүгінгі таңда Қытайдан басқа, вакцина БАӘ мен Сербияда өндіруге мақұлданды. Сонымен қатар Қытай мен БАӘ Қытайдың Sinopharm фармакологиялық компаниясының белсенді емес вакцинасын 3 пен 17 жас аралығындағы балаларға шұғыл қолдануды мақұлдады.