
Компанияның инфрақұрылымдық желісі кең екені белгілі. Олар шалғайдағы аудан орталықтары мен ауылдарды да қамтиды. Компанияның баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сенсек, ауыл мен аудандардағы пошта бөлімшелері 12 мыңнан аса мемлекеттік және әлеуметтік қызмет түрлерін ұсынған. Жаңа қызмет түрі халық тарапынан үлкен сұранысқа ие. Оның ішінде Шығыс Қазақстан мен Қызылорда облысы көш бастап келеді: тиісінше 5,3 мың және 2,8 мың қызмет көрсетілді.
Биылғы көктемде Қазпошта Шығыс Қазақстан облысында «Мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер ұсынатын әмбебап агент» қанатқақты жобасын қолға алған. Осы жоба аясында шілденің 1-інен бері Қазақстанның бүкіл аумағы бойынша тест режімінде ауыл мен аудан тұрғындарына мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер электронды форматта ұсынылып жатыр. Бұл шалғайда тұратын жұртшылықтың көңілін серпілткен болар. Себебі уақыт пен қаржыны шығындап, қалаға жол тарту еш қажет емес.
«Шілде айында елді мекен тұрғындары ұлттық пошта операторының жаңа қызметіне 6,5 мың рет жүгінген. Шалғай ауылдар мен аудандардың тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ, өздеріне қажетті қызметтерді жергілікті пошта бөлімшелерінен алу мүмкіндігіне ие болды», дейді Қазпошта өкілдері.
Жалпы, Қазпошта ұлттық оператор ретінде ауыл тұрғындарына барынша қолайлы жағдай жасау үшін дәл осы іспетті әлеуметтік маңызды жобаны қолға алған. Елді мекендерде Қазпошта көбіне тұрғындарға қызмет көрсететін жалғыз мекеме екені белгілі. Компанияның кең филиалдық желісі бар екенін ескере отырып, ауыл тұрғындарына мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету – маңызды әлеуметтік міндет.
Еліміздің барлық өңіріндегі пошта бөлімшелерінде 628 мемлекеттік және әлеуметтік қызметті алуға болады. Оның ішінде egov.kz порталы арқылы электрондық-сандық қолтаңба алу және онлайн қызметтерге (жұмыспен қамту, білім, денсаулық, жылжымайтын мүлік және т.б. бойынша анықтамалар, өтініштер) тапсырыс беру, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакетті алуға, сонымен қатар aleumet.egov.kz порталында мүмкіндігі шектеулі жандар тарапынан оңалту бойынша техникалық құралдарды алуға және санаторлық-курорттық емделуге жолдамаларды рәсімдеуге өтініш беру қарастырылған.
Ұлттық пошта операторының жүзеге асыратын жобалары аудан орталықтарында және ауылдарда тұратын жұрттың қажеттіліктерін өтеуге бағытталған. Бүгінде елді мекендердегі пошта бөлімшелерінде депозиттер мен кредиттер рәсімдеуге, коммуналдық төлемдерді төлеуге, темір жол билеттерін сатып алуға, косметикалық бұйымдарға тапсырыс беруге болады. Сондай-ақ алдағы уақытта смартфондар мен гаджеттердің ақысын төлеу үшін қолма-қол ақша және бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл қызметтер ауыл тұрғындары тарапынан сұранысқа ие және қалаларға баруды қажет етпейді.