
Тазалық акциясы алғашында сонау Сауыр таудың етегінен, Зайсан ауданынан бастау алған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, игі шараға Ертістің бойындағы тұрғындар қатысады.
– «Бір өзен – бір тағдыр» халықаралық акциясы Ертіс өзені ағып өтетін аудандар үшін ұйымдастырылып отыр. Қазіргі таңда Павлодар облысы және Ресей Федерациясындағы әріптестерімізбен келісіп жатырмыз. Өзіміз Өскемендегі Ертістің бойын барынша тазалап жүрміз. Қала тұрғындарын да тазалық шарасына атсалысуға шақырамыз, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Арайлым Есімбекова.
Акция аясында өзен жағасына жиналып қалған қоқыстар тазартылды. Өкініштісі, демалуға барған азаматтардың қоршаған ортаға салғырт қарайды. Бүгінгі күнмен ғана өмір сүретіндей болып көрінеді. Мысалы, пластик бөтелке, полиэтилен дорба жүздеген жыл шірімейді, шірігеннің өзінде зиянды зат бөледі. Кешегі өткен бабалармыз аманаттаған жерді ертеңгі ұрпаққа тап-таза қалпы қалдыра алмасақ, адами қасиеттен алыстап кеткеніміз емес пе?!
– Қоқыс аспаннан түспейді, мәдениеті, өресі төмен тұрғындар шашады. Ал табиғат жанашырлары жинайды. Осыған байланысты Өскемен қаласының мәслихат депутаттары бұл проблеманы қолға алды. Яғни табиғат аясында қоқыс шашқан азаматтарға айыппұл салу мәселесі қаралуда, – деді А.Есімбекова.
Өзен бойын тазалауға ерікті жастар бір кісідей кірісті. Көңілді топтар әп-сәтте ат шаптырымдай аумақты мұнтаздай етті. Осыдан былай қоқысын көрінген жерге тастай салатын тұрғындар тым болмағанда еріктілердің еңбегін ескеріп, жинақы жүретін шығар. Енді еріктілер, Birgemiz: Taza Álem волонтерлік бағытын дамытуды көздеп отыр.
Өскемен қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға «Казцинк» ЖШС-нің белсенді жастары, «ҮМЗ» АҚ жанындағы жастар қозғалысының мүшелері, «Әскери-техникалық мектебінің» курсанттары және Өскемен ЖЭО бастамашыл тобы қатысты.
Шығыс Қазақстан облысы