
Бүгінде елордада коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 381 мыңнан аса адам алды, ал 300 мыңнан аса азамат толық иммундаудан өтті. Алдыңғы көрсеткіштерге қарағанда вакцина салдыру процесінде айтарлық ілгерілеу бар. Дегенмен Нұр-Сұлтан қаласы вакциналау қарқыны бойынша басқа өңірлерден көш кейін қалып отыр.
Қазіргі кезде астанада тұрғындар үшін вакцинаның үш түрі қолжетімді. Бұл – қазақстандық QazVac, қытайлық Sinopharm фармкомплексінің Vero Cell және ресейлік Спутник V вакциналары. Азаматтар қолда бар үш вакцинаның бірін таңдай алады. Егу пункттеріндегі барлық вакцина жеткілікті мөлшерде бар.
Бұл ретте қалалық Денсаулық сақтау басқармасы азаматтарға екінші компонентті алуда проблемалық жағдайларды болдырмас үшін екпенің екі кезеңін де бір пункте өтуге кеңес берді. «Біз азаматтардан вакцинаның бірінші және екінші компонентін бір пункте алуды сұраймыз. Мысалы, бірінші дозаны алу үшін сіз белгілі бір емханаға немесе сауда орталығына барсаңыз, екінші дозаны да вакциналау арасындағы аралықты сақтай отырып, сол жерден алуды ұсынамыз», делінген аталған басқарманың хабарламасында.
Жалпы, елордада 100-ге жуық коронавирус инфекциясына қарсы егу пункті таңғы 8.00-ден кешкі 10.00-ға дейін жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда Ashyq жобасы көшбасшыларының тізімі жаңартылды. Қазіргі уақытта 159 мекеме қосымша жеңілдіктер беретін екі апталық статусқа ие болды. Жоба көшбасшыларының тізімін қала әкімдігі Ashyq жобасына қатысатын нысандарда (екі апталық кезеңде) QR-код арқылы тіркелген келушілердің мәліметі негізінде қалыптастырады. Осы орайда «Ashyq көшбасшысы» статусын алған жоба қатысушысы «қызыл аймақта» орналасса, «сары аймақтың» шарттары бойынша, ал «сары аймақта» «жасыл аймақтың» шарттары бойынша жұмыс істей алатынын айта кеткен жөн. «Жасыл» және «қою қызыл» аймақтардағы жоба қатысушыларына жұмыс тәртібі қосымша 2 сағатқа ұзартылады, сондай-ақ нысанның толтырылуы 10%-ға артады.
Вакцинаның бірінші компонентін қызметкерлердің кемінде 90%-ы алған жағдайда, соңғы 3 ай ішінде медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды, ауырып жазылған адамдарды есепке алмағанда нысанның толтырылуы 20%-ға көбейеді. Аталған жобаға қатысушылар санитарлық нормаларды толықтай сақтауы тиіс. Егер карантин талаптары бұзылса тізімнен шығарылады.